Үш баласы барлардың жаңа жәрдемақыдан үміті зор

(0 Votes)

Төрт баласы үшін 10 504 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 160 теңге алып келген аналарға әр балаға ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 21 мың теңге беріле бастағаны көпшілікті қуантқаны рас.

Нәтижесінде, бүгінде бұл көмекті еліміз бойынша 417 мың отбасы алып отыр. Алайда 73 мыңнан аса отбасы негізгі кірісін жасырып, бұл қаржыға қол жеткізіп келген. Тиісті тексеру нәтижесінде, олар мемлекетке 156 млн теңге қайтаруға міндетті. Осы олқылықтар атаулы әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесін өзгертуге негіз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет мүшелеріне 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді қолданылуын қарастыратын жаңа заң жобасын таныстырды. Оған сәйкес, біріншіден, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы, соның ішінде жасы 23-ке жетпеген, күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көпбалалы отбасыға енді жеке мемлекеттік жәрдемақы төлене бастайды. Яғни, жанұяларды енді бұрынғыдай ауқаты төмен және жоғары деп бөлмей, көмек мемлекет тарапынан баршасына ұсынылады. Яғни жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі деп күтілуде. Бұл жаңалықты естіген көп балалы аналардың қуанышында шек жоқ.

Жаңа заң жобасы осы қазанның соңында әзірленетінінен хабардар болып отырмын. Осыған қатысты мен де ұсынысымды айтқым келеді. Өзіме келсем, үш қыздың анасымын. Мамандығыма сәйкес еңбекке араласқаныма көп болған жоқ. Оған дейін бала күтімімен үйде отырдым. Айтайын дегенім, мемлекеттік жәрдемақы үш баласы бар аналарға да тиесілі болғанын қалаймын. Екі қызым мектепте оқыса, біреуі балабақшада тәрбиеленуде. Оларды әр мезгіл сайын киіндіру, қажеттіліктері мен сұраныстарын орындауға аз қаражат кетпейді. Сондықтан, мемлекет тарапынан ұсынылатын жәрдемақы мен жеңілдік біз сияқты үш перзент өсіріп отырған жас отбасыларға үлкен қолдау болар еді. Алла хош көрсе, тағы да бірнеше баладан бас тартпаймын, «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей әр баланың өз нәсібі бар.

Айдана Иманкулова,

Құрманғазы ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521