Құрылыс жұмыстарының жүру барысы қалай?

(0 Votes)

29 шақырым жол жөнделуде

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев өңірімізде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысу үшін іссапарға шықты. Қасына өзінің орынбасары Жастілек Хасановты, аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, құрылыс бөлімдерінің мамандарын ертті. Алдымен Құрманғазы орталығынан Бірлік ауылына дейін созылатын 29 шақырым жолмен айналысып жатқан мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС-нің жұмыстарымен танысты. Бүгінде оның 8 шақырымына асфальт төселді. Кіресті ауылындағы Тухлое өзенінің үстіндегі көпірге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуді қарап, бұл саладан жіті хабардар аудан басшысы өзінің ескертпесін берді.Жалпы, «Құрманғазы-Бірлік-Котяевка» бағытындағы 5 көпір қайтадан жаңғыртылатын болады. Теңіз ауылдық округінің кіре берісіндегі жолтөселіп біте келген екен. Аталған ЖШС-нің учаске басшысы Наурызбек Садихов аялдама қалай орналасатынын көрсетіп, құрылыс барысын егжей-тегжейлі түсіндірді.Аудан басшысы бұл бағыттағы көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, айналма жолдарға су төгуді басты назарда ұстауды тапсырды.

i

i

i

Ауылішілік жол төсеу қарқыны төмен

Бірлік ауылына ат басын тіреген аудан әкімі 9,8 шақырымдық ауылышілік жол төсеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына қанағаттанбады. – Алдында келіп кеткен сапарымыздан бері ешнәрсе өзгермепті. Құрылыс материалдарын күнбе-күн Ақкөлден тасымалдамай, оны осында неге жинап қоймайсыңдар. Бұлай жалғасар болса жұмыстарыңызешқашан өнбейді,- деп жолдың сызбасымен танысып, қай көшелерге асфальт төселгенін, биыл неше шақырымы бітетітінін сұрады. Ауылдың кіре беріс жолын жөндеу осы жылы жүзеге асатынын айтқан прораб М.Оразбековке аудан басшысы оған қажетті құрылыс материалдарын жүк көліктерімен тасымалдағанда қайыра бүлдіретінін, сондықтан кіре беріс жолды кейінге қалдырып, ең бастысы, тұрғындардың қажеттілігіне орай орталық көшелерді қалыпқа келтіруді міндеттеді. Учаске басшысы жол төсеуге қиындық туғызып отырған 22 байланыс желісі соқаларының орындарын ығыстыру жөніндегі түйткілді мәселені алға тартты. Ауыл әкімі Бауыржан Ақпанов жұмыс жүргізгенде тағы қандай көшелерде осындай қиындықтарға тап болатынын, тал-теректер кедергі келтіретінін тарқатып айтты.Қайрат Талапұлы бақылаушы-инженер Қуаныш Түсіповке жоспарға сай жүру сапасын тексеріп тұруды ескертіп, қалған соңғы 1-2 айларда жұмыс күші мен техникаларды жұмылдырып, құрылысты шұғыл жеделдетуді тапсырды.Сонымен ауылда биыл 4 көшенің құрылысы бітеді және аудан әкімінің ұсынысына орай Григорьев көшесіне жол салынады деп күтілуде.

i

Батпақтыкөл өзегіне жүзбелі насос қою қажет

Байда ауылдық округіне жолай соққан аудан әкімі сол жердегі Қиғаш өзеніне тиесілі Батпақтыкөл өзегіне жүзбелі насос қойып, Құрманғазы ауылына дейін тартылып қалған арналарды суландыру жұмыстарын ұйымдастыруды көздейтінін алға тартты. Бұл бағытта РМК «КазСушар» Атырау филиалының басшысы Нұрлан Атаевпен жолығып, жобаның құжаттамасын жасақтауға көмектесуді сұрады. Кеңес Үкіметі кезінде бұл жерде аталмыш жұмыстар жақсы жолға қойылған болатын. Егер осы іс қайтадан жанданса жайылымдық, шабындық, егістік жерлер түгелдей сумен қамтамасыз етіліп, ауданымыздың шаруа қожалық иелері тіршілік нәрінен таршылық көрмейді. Сонымен қатар, ең бастысы экологиямыз жақсарып, құрғап қалған арналарымыз суға толады. Сметалық құжаттама жасақталғаннан кейін аудан әкімі Қ.Нұртаев аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа бұл жобаны таныстырып, қорғайтынын және ол міндетті түрде қолдау табатынын жеткізді.

i

«Қарасай Строй Сервистің» жұмысына сын айтылды

12,5 шақырымдық «Котяевка-Шортанбай» тас жолын салу жұмыстарын көрген аудан басшысы «Қарасай Строй Сервиз» мердігер мекеменің мардымсыз ісін сынға алып, қатаң ескерту жасады. Бір ай бұрын тегістелген жол әлі сол күйінде. Асфальт неліктен төселмей жатқанын сұрап, құрылыс материалдарының жоқтығын көріп, жұмыстың жүру бағытын да түсінді.

i

Одан әрі Дыңғызыл ауылдық округіне салынып жатқан 10 шақырымдық жол басына барды. Мұнда құрылыс қызу қарқын алған. Жұмылдырылған техникалар асфальт төсеуге кіріскен.

i

Шортанбай ауылішілік жол жұмыстарын аралаған аудан басшысы мектеп алдындағы жаяу жүргінші жолы салыну кезінде кеткен кемшілікті мердігер мекеме өкіліне көрсетіп, оны қайтадан ретке келтіруді міндеттеді. Ауыл әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев Шортанбай-Рембаз бетіне жүзбелі өткел қою мәселесіне орай біраз ұсыныстарын ортаға салды.

Алтынсарин мектебінің бірінші қабаты әлі күнге тас-талқан

Астрахань-Атырау тас жолын салумен айналысып жатқан «Сине Мидас Строй» ЖШС өкілі аудан әкімі Қ.Нұртаевпен әңгімесінде биыл 40 шақырым жол жөнделетінін, 7 көпір жаңадан салынып, 5-еуінекүрделі жөндеу жүргізілетінін қаперледі. Жолай көргеніміз түрлі техникалар біраз шақырымды көтеріп тастаған және бұрынғы көпірлер бұзылып, жаңартылуда. Шағырлы ауылының үстімен өтетін жол асфальттауға дайын. Аталмыш ЖШС өкілі оның қалай дайындалғаны, яғни құрамы жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді. Жолдың ені 9 метрді құрайды екен.

i

Хиуаз ауылындағы Алтынсарин жалпы орта мектебіне барғанымызда құрылыспен айналысып жатқан жұмысшыларды көре алмадық. Мектеп директоры да орнынан табылмады. Қүрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат алған мердігер мекеме «Декор» ЖШС-нің жұмысқа кіріскендеріне 2-3күн ғана болыпты. Мектептің бірінші қабаты тас-талқан күйде, едендері төселмеген, қабырғалары соғылмаған, құрылыс материалдары әкелінбеген. 1 қыркүйекке дейін бұл жүріспен жұмыстың бітпейтініне көз жеткізген аудан басшысы ауыл әкімі Олжас Тәжібаевқа құрылысты үнемі бақылауда ұстауды тапсырып, өзі де енді апта сайын келіп қарап тұратынын ескертті.

Ақкөлдегі жаңа нысандар құрылысы да кемшіліксіз емес

Ақкөл ауылдық округіндегі салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақындапты. Мердігер мекеме «Горизонт-С».Қайрат Талапұлы үлкен залда орналасқан жылыту батареяларының дұрыс орнатылмауына байланысты жіберілген қателікті ашып айтты. Мекеме өкілі жұмысты осы айдың аяғына дейін бітіретінін жеткізді. Округ әкімі Бисенбай Рамазанов тренажер залдарына қажетті спорттық құрал-жабдықтардың жоқтығын ескертіп, кейбір сын-ескертпелерімен бөлісті. Мердігер мекеме өкілі спорт кешенінің алдына егілген 2000 тал гүлдерсусыз қалғанын, оның күтімімен айналысуды басқаға тапсыруды сұрады. «Каспий құбыр концорциумы-К» АҚ демеушілігімен салынып жатқан 290 орындық балабақшаның құрылысы басында болғанда, мердігер мекеме «Мұнай Автоматика ЛТД» ЖШС басшысы Нұргүл Сатылғанова жұмыстарына кедергі туғызып отырған мәселелерін санамалап берді. Сонымен қатар, құрылыс басына жерігілікті құрылысшы мамандар қажет етілетінін алға тартты. Округ әкімі Б.Рамазанов ауылда мұндай кадрлардың жоқтығын айтты. Аудан әкімі бұл сұранысын өңір бойынша іздестіретінінен құлағдар етіп, хабарын беретінін жеткізді. Бұдан кейін, ауылдық клубқа бас сұғып, күрделі жөндеуді жүргізетін «Бек и Ко» ЖШС-і екендігінен хабардар болып, жоба бойынша жасалатын жұмыстарды талқылады.

i

i

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521