Құрманғазылық кәсіпкерлерге Атыраудан азық-түлік тасымалдауға шектеу қойылмайды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясы мен коронавирус инфекциясы бойынша санитарлық-эпидемиологияға қарсы іс шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Оны жүргізген комиссия төрағасы, аудан әкімі Қайрат Нұртаев: – Атырау қаласына 30 наурыз түнгі 00.00-ден бастап карантин енгізілді. Осыған сәйкес, облысымызға ортақ бірқатар шаралар мен шектеулер қабылданды. Ол Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мейіржан Есімбаевтың 29 наурыз 2020 жылғы №8 қаулысында көрсетілген. Ауданымызға блок пост бекеті орнатылмайтын болды. Транзит мәселесіне келсек, Атырау қаласынан азық-түлік тасуға шектеу қойылмайды. Сонымен қатар, санитарлық көліктердің жүруіне рұқсат етіледі. Жеке кәсіпкер болып тіркелген саудагерлер қандай автокөлікпен болса да қалаға барып,өз дүкеніндегі қажетті қорын молайтуға толық мүмкіндігі бар. Азғыр өңірі бүгінде Ресеймен шекараның жабылуына байланысты Орал облысынан әлеуметтік маңызы бар тауарларын тасымалдап отыр. Егер Батыс Қазақстан аймағын карантинге жабатын болса, онда тек азық-түлік таситын көліктерге рұқсат қағазын аламыз. 15 сәуірге дейін Атырау қаласына карантин жариялануына орай, енді тұрғындардың онымен қатынасы шектеледі. Сонымен қатар, көрші ауылдық округтерге де қонаққа, қадеге, туыстарға көрісіп баруға болмайтынын, қаде кезінде палатка тігіп ұйымдастыруға, яғни көпшіліктің жиналуына тыйым салынатынын аудан тұрғындарына ескертуіміз қажет. Аудандық полиция бөлімі осыны қатаң қадағалауға алыңыз.

Аудан әкімінің орынбасары Жастілек Әдебиетұлы аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп, қаулыға сәйкес ішкі қоғамдық және жеке көліктердің уақытын шектеу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіз. Кешкі 19:00-ден кейін көше бойында адамдар мен көліктердің қажетсіз жүріп тұруына тыйым салуымыз қажет. Әркім өз отбасының амандығы үшін тікелей жауапты. Балалар мен жасөспірімдер де заңды өкілдерінсіз сыртқа шықпауы қажет. Бұл тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бетперде киіп жүру де міндетті. Өйткені, коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан да әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Сондықтан енгізілген карантинге немқұрайлы қарамай, шектеу шараларын сақтап, халықтың өмірін қауіп-қатерге тікпейік. Адамдардың сыртқа шықпауы үшін барлық жұмыстар қолға алынады. Қазіргі уақытта тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар өз жұмыстарын жалғастырады. Оларға санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейту міндеттеледі, - дей келе, аудан басшысы осындай пәрменді әрекеттердің нәтижесінде біз індеттің таралуына тосқауыл қоя алатындарын жеткізді.

Сонымен бірге, комиссия төрағасы Қ.Нұртаев, аудан әкімінің орынбасарлары Ж.Бектеміров, Ө.Тәжібаев қаулыға сәйкес кейбір бөліктерді пысықтап, қашықтан оқудың жай-күйін, мекемлерді, сауда орындарын дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етудің түйткілдерін өзара талқылады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521