Отбасылық байқау – опық жемеу үшін

(0 Votes)

Жастар жылына орай «Отбасым-байлығым» жобасы аясында Ақкөл ауылындағы «Нұралы» мейрамханасында жас отбасыларға арналған «Family Fest»фестивалі ұйымдастырылды.

Мақсаты – ұлттың мәдени құндылықтарын насихаттау, жаңадан шаңырақ көтерген ерлі-зайыптыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсету, отбасылық кәсіпті қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты меңгеру. Мейрамхана фойесінде ұлттық қолөнер және тағамдардан көрме қойылып, балалар ойын-сауық алаңы жұмыс жасады. Фестивальді Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисенбай Рамазанов ашып, қонақтарға қош келдіңін айтып, тақырыптың өзектілігі жөнінде сөз қозғады.Жүргізуші, мәдениет саласының қызметкері Жәннат Сидеғалиева отау құрып, бақыт баспалдақтарымен алғашқы қадамын бастаған ерлі-зайыпты жастарға не себепті ажырасу қаупі төнетіндігі және сол кемшіліктердің қалай алдын алуға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, отбасында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жайлы сөз қозғады. «Бүгінгі өткен семинар-тренингте отбасы мүшелерінің рөлі жайлы пайдалы кеңестер ала отырып, болашақта қыз балаға тұрмысқа шығар алдында «Әйел. Келін. Ана» деп аталатын маңызды қадамға дайын болу керектігін түсіндім. Мұндай шаралар жиі өтетін болса біз секілді әрбір жас жауапкершілігі мол тұрмыстық өмірге қадам басар алдында көптеген қажетті ақпараттардан хабардар болар еді» , - дейді тренингке қатысушылардың бірі.

akl1

akl2

Жеке кәсіпкер Бақтылы Махмудова, ауылдық емхананың аға дәрігері Әсел Кабдулова денсаулық, бала тәрбиесі, отбасы бюджетін үнемдеу туралы өздерінің ақыл-кеңестерімен бөлісті.

akl3

akl4

Фестиваль аясында «Отбасы – тәрбие бастауы» атты жас аналар байқауы жүзеге асты. Оған Ақкөл, Мақаш, Нұржау, Хиуаз ауылдарынан 6 үміткер қатысуға ниет білдірді. Байқау «Менің отбасым-менің жүрегім», «Жапырақ тамырдан нәр алады», «Өнер-өмір өрнегі», «Тату үйдің тамағы тәтті бауырсақпен» атты бірнеше кезеңдерден құралды. Онда келіндер тақырыпқа орай өздерін таныстырып, салт-дәстүрден көрініс көрсетіп, өнерлерін ортаға салып, шай демдеуден өзара сынға түсті. Нәтижесінде Мақаш ауылынан келген Гүлден Сүндетова жоғары ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Ақкөлдік Альфия Бауыржанқызы, Гүлмай Турчиева ІІ орыннан көрінсе, нұржаулық Нұрсәуле Тахиталиеваға ІІІ орын бұйырды. Қатысушылардың өнерін саралап, әділ баға берген қазылар алқасының төрайымы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Сара Алпысова барлық үміткерлерді түрлі номинациялармен ұлығылап, жүлделі орындар иеленгендерге дипломдар табыстады. «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері Кеңес ақсақал ақ батасын берді. Мейрамханада тәтті дастархан жайылып, балаларға сыйлықтар таратылды.

akl

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521