Қой өсіруге құлшыныс төмен

(0 Votes)

Мақаш ауылдық округінің әкімі Болат Мұфтаховтың есепті баяндамаға орай пікір білдірген Мақаш өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Абулхайыров мынадай мәселелерге тоқталды.

– Айтылғандардың бәрі жақсы, мемлекеттік деңгейде қолдау тапса бәрі жүзеге асырылады. Менің айтпағым, жастарды ауылға тұрақтандыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жұмыстың жоқтығы өз алдына оларды мәдени-спорттық жағынан қамту кемшін түсуде. Ойын алаңы деп жатырсыз ол балаларға арналған, жастарға бөлек спорттық кешен қажет. Екіншісі, Забурынға қарай созылған каналдың бойында алты-жеті көпір бар, қазір олардың жағдайы еш сынды көтермейді. Кімнің меншігінде екендігі белгісіз, солардың бір-екеуіне жөндеу жүргізілгені дұрыс болар еді. Негізгі шыққандағы мәселем, мынау қыр өңірі елсізденіп барады. Құм адамдары біртіндеп аралға қарай көшіп жатыр. Оның да түрлі себептері бар, малмен күнін көріп келгендер қазіргі уақытта алдарындағы қойларын мүйізді ірі қараға, ұзын аяқты малдарға ауыстырып сырттай бақылап қойғанды қош көреді. Қой өсіруге құлшыныс төмен. Оны бағудың машақаты көп, дегенмен жандық мал өте қажет, ол өсіріліп, көбейтілуі керек, - деп шопандық кәсіпті ынталандыру, қолайлы жағдайын туғызу қажеттігін қаперге берді.

img_9459

Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жасталап Тайыров ішкі жолдарды асфальттау мәселесін көтеріп, ауыл әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман бұралқы ит-мысықтарды жою тендер өткізу арқылы жүргізілетінін, ауылдық округтерге айына бір күн белгіленетін назарға берді.

img_9464

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі атқарылған істерден ақпар беріп, осы округке тірелетін мәселелерге көңіл бөлді. – Бұл өңірдегі проблемалық ауыл – ол Ниетбай. Ондағы тұрғын саны өте аз болғандықтан қолданыстағы заңдылықтарға сай 50-ге жетпейтін тұрғыны бар елді мекендер жойылуы немесе басқа аумаққа біріктірілуі тиіс. Ауданды толықтай газдандыруда 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізу керек болсақ, Ниетбайға байланысты 98 пайыз деңгейінде қалып қойып отырмыз. Өткен жылы бұл елді мекенді жақын аумаққа қосуға жұмыстандық, алайда үстіміздегі жылы жалпыхалықтық санақ өтуіне байланысты бұл іс тоқтатылып тұр. Сурхан каналы бойындағы көпірлерді жөндеуге Атырау-Астрахан бағытында жол құрылысы кезінде шығарылып қалған темірбетон су өткізгіштерді пайдаға асырудың мүмкіндігін қарастыратын боламыз. Ауыз су, ауылішілік жол мәселесі, балабақшаларды материалдық базасын жақсарту, емхана салу өзге округтерге де тән жағдай, біртіндеп қаражат бөлінуіне қарай шешілетін болады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521