Өміршең өнегенің сарқылмас қайнары

(0 Votes)

Абай – қазақтың қайталанбас, бір ғасырда бір туатын тұлғасы.

Өз заманында оны белгілі орыс ақын-жазушылары да мойындап өлеңдерін аударған. Бір-екі жыл бұрын Ресей астанасы Мәскеудегі ақын ескерткішінің түбінде жалынды жырлары оқылды. Осыдан кейін оны іздеп жүріп оқушылар саны артқан шығар деп ойлаймын. Себебі Абай шығармашылығы өз алдына бір болмыс. Адамды бейжай қалдырмайды. Суреттеулері, көркемдігі, жастарға берер өнегесі жағынан онымен ешкім теңеспейді. Қара сөздерінің өзі тұнып тұрған данышпандық ақыл-ой. Былтыр елімізде өткен Абай өлеңдерін оқу эстафетасын халық іліп әкетті. Тіпті өзге ұлт өкілдері де қатысты. Ләйлім атты оқушының бастаған челленджінде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев та ақын өлеңін оқығанын көріп тәнті болғанбыз. Енді міне ұлы Абайдың 175 жылдығы салтанатты жағдайда атап өтілмек.

Заманынан бұрын туған ақынның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ғасырларға жалғасар суалмас қайнары. Өлеңдерін бүгінгі жастар, яғни біз сүйсініп оқысақ, ертеңгі ұрпақ та тап солай етеріне күмәнім жоқ.

Президентіміз өзінің мақаласында: «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», дегені өте орынды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланатынын айтты. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілмек. Мұның бәрі еліміздің абыройын асқақтатар шаралар. Біз ақынды әлемге кеңірек таныту арқылы қазақтың беделін көтереміз. Сол себепті Президентіміздің қолға алғалы отырған игі істерін қолдаймын.

Салтанат Ниязова,

«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521