Ұлы дала тарихының бастауы

(0 Votes)

Аудандық музейде Алтын Орданың 750 жылдығына орай мектеп оқушылары мен тарих пәні мұғалімдерінің академик-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлымен және өлкетану және тарих тақырыбына қалам тербеп жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиевпен кездесу кеші өтті.

Тағылымды шараны ашып жүргізген музейдің тарихшы маманы Жазира Мадирова ұлық ұлыстың атасы саналатын Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек» деген сөзін келтіре отырып, елімізде бірқатар ауқымды шаралардың басталып кеткендігінен хабардар етіп, кеш қонақтарынан тақырыпқа орай ойларымен бөлісуді сұрады.

img_9000

Алдымен сөз кезегін алған Өмірзақ Қажымғалиұлы Алтын Орда тақырыбын үш кезеңге, яғни құрылуы, дәуірлеуі және құлдырауы бойынша бөліп әңгімелеуді ұсыныс етті. - Шыңғыс хан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп бергені белгілі. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді. Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарды. Бату қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жорық бастап, алдымен башқұрттарды, бір жылдан кейін Еділ Бұлғариясын жаулап алады. Кейіннен Украинаның оңтүстік даласын бағындырып, солтүстікке қарай бұрылады да, Руське басып кіреді. Алтын Орда астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы, яғни қазіргі Сарайшық болды. Алтын Орда өзінің гүлдену дәуірін бастан өткерді, әсем қалаларын салды, көптеген елдермен сауда қатынасын орнатты. Өзінің жазба өнері қалыптасып, алыстағы Мысыр елімен хат жазысып тұрған деген деректер бар. Алтын Орданың ыдырауына ішкі бақталастық пен Әмір Темірдің Тоқтамыс ханды үш қайтара шабуы себепкер болды деген болжамды айтады. Осыдан келіп ұлы ұлыс бірнеше хандыққа бөлшектеніп, Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астархан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы құрылады, - деген жазушы ағамыз өткен жылы ауданымызға республикалық ғылыми зерттеу экспедициясы келіп барлап кеткенін, алдағы уақытта археологиялық жұмыстар жүргізілетінін айтты..

img_9004

Орынғали Құмарғалиев алдыңғы сөйлеушінің кейбір деректерін толықтырып кетті. - Түркі деректерінде Бату ханның әскерлері "қыпшақтар" деп аталды. Себебі ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте "Қыпшақ ұлысы" деп те аталды. Алтын Орда қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жерінде орналасқан. Ал шарықтау дәуірінде Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге де тереңдей енді. Оңтүстігінде Қара теңізбен, Қап тауларымен, Парсы жерімен шектесті. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтеріліп, мұсылман дінін қабылдап, араб жазуы кең қолданыла бастады, - деп басқа да деректермен бөлісті.

img_8998

img_9006

Ардагерлердің әңгімелерін ұйып тыңдаған оқушылар мен олардың оқытушылары аудан көлеміндегі зерттеу экспедициясының жұмыстарымен, тапқан жәдігерлерімен танысуға бола деген сұрақтарын қойып қызығушылықтарын танытты. Аудандық музейдің меңгерушісі Жазира Хайрошева кеш қонақтарына тағылымды әңгімелері үшін ризашылығын білдіріп, ескертшік сыйлығын ұсынды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521