"Киелі, құт мекен - Құрманғазы"

(1 Vote)

Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына арналған "Киелі, құт мекен - Құрманғазы" атты салтанатты жиын жергілікті өнерпаз Нұрболат Исаевтың "Арнау" термесімен ашылды.

Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевке ұсынылды. Ол аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының атынан барша құрманғазылықтарды айтулы мерейтоймен құттықтап, әлемге танылған белгілі тұлғалар, ауданымыздың төл перзенттерінің есімдерін зор мақтанышпен атап өтті. Тәуелсіздік жылдар ішінде өңірде атқарылған игі істерді тілге тиек етіп, түрлі сала ардагерлерін мерекелік төсбелгімен ұлығылады.

Облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин депутаттар корпусы атынан құттықтау тілегін жеткізіп, аудандық мәслихаттың бұрынғы депутаттарына алғыс хатын табыстады. Мерейтойға арналған төсбелгіні ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлердің өңірлеріне қадады. Одан әрі мінберге көтерілген аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров өлке тарихынан сыр шертетін, бүгінгі жетістіктерімізді саралайтын кең көлемді баяндамасын ұсынды.

Ауданның Құрмет грамотасын қаржы саласы және еңбек ардагерлеріне салтанатты түрде тапсырып, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевпен бірге еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген жерлестерімізге түрлі марапаттар ұсынды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өңірдің тарихы тым әріден басталатынын нақты дәлелдемелермен келтіріп, заманның талай теперішін көрген туған жердің даңқты тұлғаларының елге сіңірген өлшеусіз еңбегін еске түсіріп, әсерлі әңгіме өрбітті.

Қасиетті де қастерлі мекен – Құрманғазы ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай сан ғасырлық тарих пен шежіреге бай өлкенің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін мақалалар, жыр-дастандар енген энциклопедиясының тұсаукесер рәсімін жасау үшін сахна төріне Қазақстан жазушылар, журналистер одақтарының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы мен Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ауданның үш энциклопедиясының авторы Асқар Дүйсенғалиұлы шақырылды. Құттықтаулар легі Орлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Хилауовтың, күй еліне келген қонақтар Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат Абуов, Индер, Исатай аудандарының мәслихат хатшылары Бағдат Сапаров, Нұрлан Мұхамбетқалиевтің ақжарма тілектерімен жалғасын тапты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақытгүл Бабаш жерлестерінің алдында толқи сөйлеп, кіндік қаны тамған Құрманғазы топырағына арнаған жыр шашуын тарту етті. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ эстрадасының жұлдыздары "Заман" тобы кештің көрігін қыздырды.

Смағұл Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Алмазия Жаһинаның және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талапқали Зайнулиннің дирижерлігімен күйлер күмбір қақты. Жергілікті ақын Таңатар Дәрелұлының сөзіне, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Индер ауданының «Құрметті азаматы» Шәміл Әбілтайдың әніне жазылған «Құрманғазы мекені», облыстың үздік журналисі Қанат Ғұмаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талапқали Зайнулиннің «Құрманғазы – құт мекенім» әндерінің тұсауы кесіліп, оларды С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары орындады. Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының мұғалімдер хор ұжымы мерекелік сәлемдемелерін жолдап, шараның шырайын келтірді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521