КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БЕТБҰРЫС ЖАСАЛДЫ!

(0 Votes)

Мемлекет басшысының Жолдауымен танысып жатырмыз. Көкейде жүрген, толғантқан біраз ойдың қатары селдіреді.

Алдымен көп айтылмайтын, ел біле бермейтін, көпке жария етілмейтін тың қадамдарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еркін құлаш сілтеуі – демократия мұхитынан жүзіп өткенін көрсетіп тұрғандай. Қалай десек те кездейсоқ билік басына келмеген, шетелде жұмыс жасап, ысылған, мол тәжірибе жинаған азамат. Әсіресе шешімін күткен күрделі мәселелерге бетбұрысы, оның ішінде жұртшылықтың көкейінде жүргендеріне ат шалдыруы – көпті көрген данагөйдің салиқалы ұстанымынан хабар бергендей. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздіктен бұрын тоталитарлық жүйені көрген, егемендік жылдарында биліктің биік сатысына төменнен көтерілген, жақсы мен жаманның аражігін айқын ажырататын тұлға! Билікте жүргенде сәттіліктер мен сәтсіздіктердің талайының куәсі болып, тырнауыштың басын екі рет баспау керектігін көңіліне мықтап түйді. Енді оларды қайталамасы анық. Сайлауда жеңіске жеткен күні-ақ елім дейтін азаматтардың жанын жегідей жеген талай мәселені ашық айтып салды. Шетелдік журналистпен сұхбатында «халық шеруге кедейліктен шықты» деп айтуға да батыл жүрек пен тегеуірінді білек керек қой. Тура сөйлеген туғанына жақпайтыны баршаңызға аян!

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында экономиканы жаңғыртудың, халықты әлеуметтік қамсыздандырудың бірқатар мәселелерін қозғады. Тіл мен жер де қалыс қалмай, мемлекет ақшасына малданып, жатыпішер жалқаулыққа салынып, масыл болғандар сөзбен түйрелді. Мұның ондайларға жақпай қалғанын әлеуметтік желіден оқып та жатырмыз. Былтыр мемлекеттік тапсырыс көлемінің 75 пайызы, бұл 3,3 трлн теңге екен, бәсекеге сай емес талаппен өткенін, енді осы жем салғыш астауды жабу керектігін қадап айтты. Алдағы бес жылда мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания жұмысшылары 25%-ке қысқарып, ұлттық компаниялардың саны да азаяды. Алдыңғы айтқандары билікке, ал, мына тұсы – халыққа қатысты. Қ.Тоқаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда адрестік әлеуметтік көмекті алатын адамдар саны 77 мыңнан 1,4 млн адамға артып кеткен. Мемлекеттен жәрдемақы алып, үйде қарынды сипап жату әрине жалқаулыққа апарар төте жол. Өкініштісі бюджеттен осы мақсатқа бөлінер ақша 17 есеге көбейген. Демек, біраз адам жұмыс істеуден жалтарады не жұмыс істесе де табысын жасырады. Екеуінің бірі. Бұл да ойланатын мәселе. Әсіресе, шын мұқтаж адамдар ақшадан қағылып, жылпостар жымын білдірмей жатқаны жанға батады.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту бағытында жұмыла жұмыс істеу керектігін жасырмады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» – деді. Дұрыс-ақ! Мемлекеттік тіл мәселесін май шаммен қараса да артықтық етпейді. Ауладан бастап, мектеп, ЖОО, ұйым-мекемелердегі қазақ тілінің жағдайына назар аударған жөн. Өз жерінде өгейлік көрген ана тіліміздің еңсесін көтеретін кезі жетті. Ұлттық тілін қолдауды қажет ететін әлемде бізден басқа ешбір мемлекет жоқ. Тілді дамытуға бөлінген қыруар қаржы нәтижесін берер емес. Сондықтан оның желге ұшпауын қадағалау, мақсатты жұмсалуын талап ету күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Ханда қырық кісінің ақылы болады» дейді халық даналығы. Соның растығын дәлелдегендей Президентіміз қоғамдағы қызу көтеріліп тұрған мәселелерді дөп басып айта білді. Бұл халықтың қолайына жаққан Жолдау болғалы тұр. Іске сәт дейміз! Мемлекет басшысы ағынан жарылып, қара нар көтере алмас ауыр жүкті беліне байлады. Қиындықтар да кездесуі мүмкін. Ең бастысы ел сенімі серігі болсын! Өз тарапымыздан қызу қолдау білдірсек, оларды біріге еңсереміз.

Салауат Мырзағалиев,

кәсіпкер, ҚР-ның Құрметті құрылысшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521