Көп айтылмай келген Кулов кім?

(0 Votes)

Заманында болған азамат, Отан үшін отқа түскеннің бірі Кулов Боранғали.

Еңбектің белсендісі, майданның қаһарманы ол туралы бүгінде көп айтыла бермейді, газеттерге де жазыла қоймағанын жақсы білеміз. Негізі ақ жүректер еліне сіңірген еңбегін жарнамалай бермейді ғой, мұнда құртатын мақтаншақтар, кеудемсоқтар ғой «мен бүйттім», «мен сөйттім» деп бас құралған жерде көк езулікке салынатын.

Ал дұрысында Боранғали Куловтың еңбегі де, жанқиярлық ерлігі де ұрпақ жадына сіңіруге әбден лайық. Алдымен былайша таныстырып алсақ та артықшылығы жоқ. Бұл көкеміз жұрт білетін, ауданның білікті дәрігері, қақ соқпен ісі жоқ, адал жүріп, анық басқан, жұбайы Балжан да өмір бойы иығынан ақ халатын түсірмеген әйгілі Куловтардың әкесі.

Кулов Боранғали әкей 1905 жылы 11-і қаңтарда қазіргі Құрманғазы ауданының Орлы округінде жарық дүние есігін ашқан. Арабша сауат ашып, кейіннен 4 сыныптық білім алуға қолы жеткен. Ол уақыттағы қиындық құрсауы кімді құтқарған, 14 жасында белі майысып, қолы күстеніп балықшы атанса, сәл кейін осы өңірдің тарихында қалған әйгілі «Гордеев» батағасында басшылық (Завпромком) қызмет атқарған.

Сауатты, білікті, белсенді, адал азамат ел-жұрттың, сол кездегі биліктің көзіне ерте түсіп, ауданда болған Тельяче «дет.домына» (панасыз балалар үйі) директорлыққа таңдалады. Бұл соғыс басталғанға дейінгі бастан кешкен баяны. Ал, ел шетіне жау тиіп, бейбіт елдің берекесі кеткен тұста осы директорлығына селолық кеңестің төрағалығын қоса атқарады. Себебі, панасыз балаларды қамқорлау да, селолық кеңес төрағасы ретінде майданға азық-түлік, киім-кешек жинап жіберу де анау айтқан жеңіл тірлік емес-ті. Жылап-сықтап қалған қаралы жұрт, бала-шағаның аузынан жырып соңғысын немесе азын-аулақ киім-кешегін сыпырып алу – қайдан ғана оңай болсын! Өйтпейін десе, соғыс уақыты, биліктің қардай борап тұрған әмірін орындамай қара! Ол уақытта да ел ішінде естиярлар да, жыртық ауыздар да аз болмаған. Біреулердің тап бір өзіне жинап жатқандай қарғап-сілегені өңіменінен өткен, ту сыртынан оқтай қадалған. «Мұндай ит қорлықты көргенше, майданға барып жаумен жағаласайын, өлсем ел үшін шейт кеткендерден жаным артық емес» деп шешкен Боранғали әскери комиссариаттың алдына бір барғанда үш барып, ақыры қанды қасап қырғынға аяғы жетеді. Мұнда да абыройға бөленіп, қазақ деген халықтың батыр ұлы, білікті командир атанады. Оған аз эпизодпен сәл кейін тоқталамыз.

orden

1945 жылы соғыс аяқталған соң аман-есен елге оралып, алдымен Тельяче, содан соң Сафон, Кобяков ауылдарындағы атың өшкір «жетім балалар үйлерінде» директорлық қызметін мінсіз атқарады. Бұл қамқорлау орындары өз жұмысын тоқтатқаннан кейін «Путь к коммунизму» ұжымшарының ақсап тұрған жерінен табылып, есепші, бригадир, ферма басқарушысы сияқты қызметтерін білек сыбана белсенділікпен жүргізеді. 1965 жылы зейнеткерлікке шықса да басқарма мүшелерінің қолқалауымен бригадир, қойма меңгерушісі, т.б. лауазымдарды абыроймен ұзақ жылдар алға жетелейді. 1975 жылдың наурыз түскен құт көктемінде халқына адал болып, сор кешкен қайран азаматты ауылдастары қимай-қимай ақтық сапарға шығарып салады.

foto-1

1952 жылы жандары ұғынысып шаңырақ көтерген жары Қабдолова Ғапура да жетімдік тақсыретін аз тартпаған жан. Тыл қаһарманы, темір жол салу қызметінің бел ортасынан табылған. Боранғали көкенің Ғапура анамызға дейінгі жары аурулық себепті қайтыс болған. Ол марқұмнан да ұрпақтары болған. Боранғали-Ғапурадан тарағандар: Халила-Нысан (марқұмдар), Сайфолла-Нәсіп (марқұмдар), Сағидолла-Балжан, Самиғолла (марқұм)-Рәзия, Амангелді-Сәния, Қамидолла (марқұм), Дания-Айтжан, Сәния- Сәттібек болып жалғасады. Бұлар да бүгінде елге адал еңбегін арнаған үбірлі-шүбірлі шаңырақтар.

Ал майдангерлік жолына сәл ғана оралсақ не бір ересен ерліктің куәсі болғанын аңғару қиын емес. Жақында Сағидолла ұлы алдымызға қуанып келді. – «Подвиг народа» сайтына папама «Қызыл Жұлдыз» ордені не үшін берілгені жазылыпты. Орден , медальдары аз емес еді, негізі. Бірақ, бірде-бір рет газет жүзін көрген жоқ,-дейді ол.

foto-2

Сол дәлелді құжаттан мына жолдарды қазақшалап келтірсек те майдангер Боранғалидың қандай қаһарман болғаны әбден байқалады.

«1941 жылдан Қызыл Армия қатарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ірі-ірі шайқастарға қатынасты. 1942 жылдың қараша айында Ржев түбіндегі ұрыстарда ауыр жарақат алуына қарамастан, майдан даласын тастап кетпей, өз бөлімшесін басқаруды жалғастырды. Бұдан бөлек, взвод командирі ұрыс барысында ажал құшып, оның орнын Кулов жалғастырып, берілген тапсырманы шұғыл және бұлжытпай орындады. Бір кезде рота командирі де қаза болып, ротаны басқаруды да Б.Кулов жалғастырып, берілген тапсырманың жедел және мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етті. Фашистердің қарсы шабуылы тойтарылғаннан кейін ғана ол госпитальға жіберілді.

foto-3

Дәрігерлік комиссияның шешімі емделгеннен кейін ары қарай майданға «ішінара жарамды» деген қорытындыға келді. 1944 жылдың ақпанынан қару жарақ қоймасының меңгерушілігіне тағайындалды. Ол өзінің бұл міндетінде де үлгілі, тәртіпті командир ретінде дәлелденді. Оның қоймасындағы атыс қарулары ылғи да жарамды, жақсы сақталғандығымен үлгі көрсетті. Майдандағы құрамаларды қару-жарақпен қамтуды әрқашан дәлме-дәл, ұқыпты, ыждағаттылықпен орындап отырды. Әскери басшылық тарапынан орден, медальдармен сәт сайын марапатталды. Соғыс жағдайына қарамастан тіпті оған үш мәрте ақшалай да сыйлық берілді... (Сол сайттан алынды) Әскери шені – сержант.

Есімі беймәлімдеу болып келген қос майданның батыры Боранғали Куловтың да аруағы риза болғай, одан әрі созуға газет шамасы көтермес деп осы жерден тұйықталдық. Адал да арлы жандардың ұрпағы да мақтанға алдырмайтынына, жан айнасы мөлдірлігінен жазбайтынына, өздеріңізді куәға тартамыз, қадірлі сергек саналы оқырман!

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақ журналистикасының қайраткері,

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521