Әйел адамға рухы әлсіздер ғана қол көтереді

(0 Votes)

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен біздің мемлекетімізде әр отбасының, бүкіл халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеруге бағытталған игі істер атқарылуда.

Ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қолдау тұрақты сипатқа ие болуда. Шын¬дығында да отбасындағы кикілжіңдер, ұрыс-керістер кез-келген адамды шаршатып, ең жақын жандар бір-бірін көрместей болып кететін жағдайлар өмірде жиі ұшырасады. Баяғыдан бері келе жатқан кейбір адамдар арасындағы мұндай жағымсыз қарым-қатынас жаһандану заманында тіптен өршіп бара жатқандай. Бұл тұрғыда өңірдегі ахуал, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың туындау себебі, отбасы құндылығы жөнінде аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламановамен сұхбаттасып, қоғамды алаңдатқан сауалға жауап іздеп көрдік.

- Зияда Сәдуақасқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша тоқталып, мазмұнды мәлімдеме жасаған болатын. Ел Президенті көтерген жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі трафигі, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты ауыр қылмыстар үшін жазаның шұғыл түрде күшейетіні көңілімізге қуаныш ұялатты. Түйткілді мәселе төңірегінде сіздің пікіріңізге құлақ түрсек.

-Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық зорлық- зомбылық біздің мемлекетіміздегі, оның ішінде ауданымыздағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Зерттеулер бойынша оның басты себептеріне – қоғамда етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты әлеуметтік жағдайдың төмендеуі жатады. Соңғы уақытта елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, нәзік жандыларға қиянат көрсету сияқты сорақылықтардың жиілеп кеткені жасырын емес. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау - ерекше мәселе. Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі трафигі, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты ауыр қылмыстар үшін жазаны шұғыл түрде күшейтуге қадам жасауы - әйелдер зорлық көрмей, балалар қорлық көрмей тыныш қоғамда өмір сүретін уақыт жеткенін көрсетеді. Халқымыз «Әйел-ана-тіршіліктің тірегі десе», ұлтымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Қазақ боламын десең бесігіңді түзе. Оны түзеймін десең, ең әуелі әйелдің қалін түзе»- деген болатын. Мейірімді анамызды, мәпелеп отырған қызымызды, сүйген жарымызды қаңғытып, тентіретіп жібергеннен ештеңе ұтпасымыз анық. Сондықтан, нәзік жанды аруларға құрметпен қарап, оларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықты болдырмауға жұмыстануымыз қажет.

- Біз қанша жерден әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмаймыз дегенімізбен, ол бәрібір орын алуда. Түрлі дәрежедегі қысымшылыққа біз күнделікті тіршілікте орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар арқылы көз жеткізудеміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алуда құқық қорғау органдарының рөлін және аудандағы бүгінгі көрсеткішті айқындап берсеңіз.

- Ауданда атқарылатын іс-шараларға келсек, жылма-жыл зорлық –зомбылықтың алдын-алу мақсатында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акция өтеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқық қорғау органдары «Зорлық –зомбылықсыз отбасы», «Сіз қорғалуға құқылысыз» атты профилакикалық жұмыстар ұйымдастырады. Оның барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға құқықтық түсінік жұмыстарын жүргізеді.

- Үйдің шамшырағы болатын әйел адамға қарсы жасалатын жауыздықты көрген баланың өсе келе, әкенің озбырлығын қайталамасына кім кепіл? Бұл жәбірленушінің құқығын ғана таптамай, ертеңгі ұрпақтың талабы мен тілегіне де балта шабады емес пе? Сондықтан, отбасындағы келіспеушілікті болдырмауға бағытталған тәрбиелік іс-шаралардың маңызы жөнінде мәселеге ойыссақ.

- Отбасында жанжалдың орын алуына тек әйел затын кінәлайтындар да көп. Баланың көзінше, анасын ұрып-соғу арқылы әке қатыгез ұрпақ тәрбиелеп жатқанын ұмытып кетеді. Еркек әйелге үш реттен артық қол көтерсе, оның бойында қорқыныш пайда болады екен. Ол қорқыныш ананың өзін қорғау инстинктін жояды. Балаға қорғану қабілеті анадан даритыны белгілі. Аяушылық сезімнің не екенін білмей өскен бала өзге ортада қатыгездік танытады. Зұлымдық, аяушылық сезімнің оянбауына отбасындағы зорлық-зомбылықтың әсері көп. Қыз бала – анасының, ұл бала әкесінің өмірін қайталайды деп жатады. Яғни, бойжеткен етек жиған соң, өзіне қол көтеретін жігітке кездессе ше? Жігіті күйеуі болмай тұрып, қызын ұрып, оған күш көрсетсе ата-ана үшін бұл қандай ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, «Ұрпағым – өмірімнің жалғасы» деп бабаларымыз тегін айтпаған.

- Жалпы, қазіргі таңда «әлем мен бесікті» қатар тербейтін кейбір аналарымыздың дағдарыс орталықтарында «дағдарып» қалғаны жанға батады. Қиындық көрген, жапа шеккен, зәбір тартқандар уақытша осы орындарды паналауда. Алайда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақ қоғамы ұрпақ тәрбиесін, отбасы құндылығын неге әлсіретіп алды? Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?

- Осы кейде маған «Қоғамда зорлық-зомбылық неге күрт көбейіп кетті? Әсіресе, бұрын соңды кездеспейтін жас қыздарды зорлау деген сұмдықтан көз ашпайтын болғанымыз қалай?» деген сауалдар мені жиі мазалайды. «Қазақстандағы «ARASHFА» бірдей құқық пен бірдей мүмкіндік институты» қоғамдық қорының президенті, психолог Маргарита Өскенбеава ханымның айтуына қорағанда жыл сайын елімізде 800-ден астам бала зорлыққа ұшырап жатқан көрінеді. Қарап отырсаң, төбе шашың тік тұратындай сұмдық жағдай. Әсіресе, өгей әкесі періштедей қызды бейне бір дұшпандай көріп, зорлайтыны бүгінде біз үшін таңсық жағдай емес. Бұған тіпті етіміз үйреніп, көнтерлі болып кеткен секілдіміз. Кезінде Жүсіп Баласағұн «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген екен. Тегінде жаман мінезді ақылға жеңдіре білгенге, сөйтіп отбасы тыныштығы мен бірлігін сақтап, балаларға бақытты өмір сыйлағанға не жетсін. «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Қалай болғанда да, ана мен баланың жайсаң жүректері жараланбаса екен деген жалғыз ғана тілегіміз бар.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге толағай табыс тілейміз!

Сұхбатты жүргізген: А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521