БИ СӨЗІНЕ ТОҚТАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ...

(0 Votes)

Қазақ даласында түрме ұстамаған, сөзге тоқтаған - халық. Даулы мәселе туындай қалса қара қылды қақ жарған әділ билерге жүгінген.

Билер араларынан қара мысық өткен тараптарды татуластырып, әлдекімнің ар-намысына тимесе ішкені ас болмайтындарға ат-шапан айыбын төлетіп, ұр да жық тентекке дүре соқтырып тезге салып, түн жамылып жорытқан ұры мен барымташыға келтірген шығынын малымен жапқызған. Олардың ел арасында беделі күшті болғаны соншалық, бидің шешіміне ешкім қарсы келмеген. Халық «Тура биде туған жоқ», деп құрмет тұтқан. Қылмыс жасаған адамның өзі бидің сөзінен кейін қателігін түсініп, кешірім сұраған. Бүгінде елімізде дана ата-бабаларымыздың дәстүрін қайта оралтып, жеңіл-желпі қылмыстарды, өзара дүрдараздықты сотқа жеткізбей шешу үшін билер кеңесі құрылып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров пен аудандық билер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиевтің қатысуымен Жаңаталап, Ақкөл ауылдық округтерінде ауылдық би сайлау жиыны өтті. Жаңаталап ауылдық округінің Хиуаз ауылында өткен жиынға белсенді ақсақалдарымыздың кейбірі түрлі себептермен келе алмай қалыпты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жандос Мнафихұлы ашып мақсатын түсіндірді. Аудандық билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев билер кеңесінің жұмысы, ауылдық округтің тарихы жайлы қысқаша әңгімелеп өтті. Округтің атауын өзгерткенде кеңестік ұжымшардың емес, бұрыннан келе жатқан Дархан атауы неге таңдалмағанын сұрады. Еңбек ардагері Абдолла Күзембаев ауылдық би ретінде үш адамды ұсынды.

img_4303

Жаңаталап ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев өз пікірін ортаға салды. Қатысушылар ел сөзіне тоқтайтын, есімі ауыл тұрғындарына жақсы таныс ардагер Өтепберген Әміровті ауылдық би қызметіне лайық деп тапты.

img_4305

Ақкөл ауылдық округіндегі жиынға сол күні мерекеге орай түрлі шаралар өтіп жатса да біршама адам жиналыпты. Шараны ауылдық округтің әкімі Бисембай Рамазанов жүргізді. Осы жерде бұл азаматтың жас та болса қандай жұмысты да әрдайым жоғары дәрежеде ұйымдастыратынын айта кетейік. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: – Билердің мақсаты халықты тәрбиелеу арқылы қылмыстың алдын алу, болдырмау. Екіншіден ауыл арасында дау туа қалған жағдайда сотқа дейінгі шаралар алып шешуге бағытталған. Қай кезеңде де жастар өткен өмір жолында қоғамның игілігін арттырып, ұмыт қалған жақсылықтарымызды жаңғыртып, ортаға әкелуге өз деңгейінде қомақты үлес қосқан үлкендерін қадірлеп, тыңдайды. Жақсыларды ұлықтаған, кейінгілерді демеген жандарды сыйлайды. Қазіргі уақытта да терең оймен, парасатты істермен жан-жағын ұйыстырып, жастардың алдын ашып самғатуға тырысқан, басқаны құрметтеп, өзін де сыйлата білген үлкендердің сөзін көңіл қойып тыңдайды. Ақылдарын мұратқа жету ойымен түйіндей басшылыққа алады. Осы орайда ауданда құрамында 7 мүшесі бар Билер кеңесі тобы құрылды. Халықтың қалың ортасы ауылдарда тәрбиелік жұмыстың пәрменін арттыру мақсатында округтерде билер сайлауды жоспарладық. Ол жоғары жақтардан немесе әкімдік тарапынан тағайындалмайды оны округте тұрып жатқан, сөзі өтетін, білімі жеткілікті, көпті көрген, от ауызды, орақ тілді адамдардан өздеріңіз сайлайсыздар. Тамыз айының басында аудан орталығында билер алқасының отырысы өтіп, аудан көлемінде атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді, - деп, соған орай жұмыстар жүргізіліп жатырғанын жеткізді.

img_4311

Аудандық билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев бодандық дәуір көп қасірет әкелегеніне тоқталып өтіп: – 1827 жылғы дерек бойынша Ішкі Орда ханының жанында 12 би болған. Атап айтар болсақ олар Шеркеш руынан Айдабол Мүсірепов, Беріштен Құдайберген Балқы, Ноғай қазақтан Шомбал Ниязов, Байбақтыдан Құнажан Сатақов, Алашадан Алтай Досмұхамбетов, Жаппастан Құшатыр Омақов, Ысықтан Жантуар Ғаббанов, Қызылқұрттан Татан Серкенбаев, Адайдан Байтоқ Түменов, Таздан Құдайшүкір Додаев, Жетірудан Кендебай Ырысбаев, Әлімдерден Дос Бозақов. Өзімізге қарай келсек билік аумаған Тұрманбет, Бекпенбет, Шолтыр, Мақаш әкім, Бектұрған, Жантұрған деген билеріміз болған. Кеңес заманының зобалаңы билердің жолын кесті. Данышпандық пен даналықты білдіріп, жол сілтейтін адамдарды қынадай қырып жойды. Қанмен келген Кеңес үкіметі содырларды, есерлерді, тентектерді қолдап, жағымпаз, алаяқтарды жоғары көтерді. Осыдан құтылу, қателесіп, жазым басқан адамдарды сотқа сүйремеу үшін билер кеңесін құруды жоғары сот қолға алды. Оны Президент пен халық қолдап билер кеңесі бекіп келе жатыр. Соның бір айғағы бүгін аудан әкімінің орынбасары бастап келіп, осы жиналысты өткізу, - деп қатысушылардан ауылдық биді сайлау үшін өз ұсыныстарын ортаға салуын сұрады.

img_4337

Шара барысында аудандық билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиевтің сөзі тыңдалғаннан кейін ауыл үлкендері Әбубакар Юсупов, Жәрдем Қисаев, Жауғашты Дүйсенов, Кеңес Аймырзаев, Рухолла Біләлов, Саламат Құттымұратов бес адамды би қызметіне ұсынды. Бәрінің де округке жақсы танымал, халық арасында беделі бар адамдар екені айтылды. Әрине, өздерінің келісімінсіз сайлауға болмайды. Сондықтан қаытсып отырғандарынан келісім берулері сұралды. Нәтижесінде олар жастарына, денсаулықтарына байланысты би болудан бас тартты. Дауыс беру нәтижесімен ауданымыздағы көлемі жағынан екінші орында тұрған елді мекенде ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбубакар Юсупов бірауыздан ауыл биі болып сайланды. Бұл қатысушылар тарапынан үлкен қолдау тапты. Сөйлеушілер Әбубакар ағамыздың оған лайықтылығына күмән келтірмейтіндерін айтып, сенім білдірді. Жиынды округ әкімі Бисембай Рамазанов қорытындылап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауыл биі қызметінде де тұрғындар көңілінен шығатынына тоқталып, жастар арасында түрлі келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында бірлесе жұмыс жасайтындарын жеткізіп, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521