Бағаға бұйда кигізген дұрыс шығар

(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке тарифтер мен бағаларды реттеуді тапсырды.

«Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуы тиіс. Бұл монополистердің тауарлары мен қызметтеріне қатысты. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес», деген Мемлекет басшысы темір жол, жолаушылар тасымалы билеттерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отырғанына тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуы орынды. Киім-кешек, азық-түлік, билеттер соңғы кезде біраз қымбаттады. Мұны жөнге салмаса халыққа қиын болады. Жалпы темір жол билеттерінің қымбат екені, табылмайтыны, алыпсатарлар үшін табыс көзінің біріне айналғаны жиі айтылып жүргені ащы шындық. Кассада билет жоқ, ал, вагонде бос орын бар. Себебі, алыпсатар билетін әлі сатып үлгермеген. Онсыз да бағасы төмен емес нәрсені олар үстіне қосып қымбаттатқан соң екінің бірінің оған қолы жете бермейді. Қазір күз мезгілі. Енді жоғары оқу орындарына бала апарушылар көбейеді. Осыны алыпсатарлар тағы да пайдаланып кетуі мүмкін. Бір адамның бірнеше билетті сатып алуының жолын қалай кесуге болады. Осының тетіктерін қарастырған жөн.

Бағаны реттеуге қатысты екінші мәселе – бұл балалар киімінің құны. Бүгінде ол үлкендердікімен бірдей. Кәсіпкердің жұмысына ешкім араласа алмайды десек те бағаны тым аспандатуға жол бермеген дұрыс. «Алатын жерімізде қымбатсып кетті» дейді кейбір кәсіпкерлер. Солай да шығар. Бірақ, халықтың бәрі де бай-бақуатты ғұмыр кешіп жатырған жоқ. Көбінің мойынында несиелері бар. Оны да ескерген жөн шығар. Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Қандай ата-ана болса да ұл-қызының қатарынан кем қалғанын қаламайды. Қарызданып-қауғаланса да өзгелермен бірдей киіндіреді. Құдайға шүкір, жомарт жанды азаматтар «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған, көп балалы отбасыларына оқу-құралдарын, киім-кешегін әперіп жатады. Сол үшін оларға рахмет. Алайда, жоғары сыныптарда оқитындардың киім-кешегі мен мектеп формасын көбіне ата-ана өзі сатып алады. Мүмкін мұны Президентіміз Жолдауында айтқандай аналарды микро және шағын бизнеске тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу арқылы шешу керек болар. Сөйтсек, көп балалы ата-аналар қарызға кірмейді.

Тағы бір алаңдататын нәрсе – такси бағасы. Бұл да бір басына бұйда кигізбейтін, ырыққа көнбейтін нәрсе болып тұр. Қалайда ақша табу керек деген жүргізушілер, жол ережесін де жиі бұзады. Жол-көлік апатын да жасап жатыр. Себебі бір күнде бір-екі мәрте қатынап қалуға тырысады. Атырау мен екі ортаның қашықтығын, жолдың жамандығын ескермейді. Олардың денсаулығын тексеріп жатқан ешкімді көрмедік. Таксист тіркеліп патент алуы қажет дейміз. Әрине, кәсіпкерліктің бір түріне жататындықтан түскен табысынан мемлекетке салық төлеуі тиіс. Десек те, бұл да жолаушылар тасымалында бағаны түсірмейді. Патент алған жүргізуші бағаны қалай қоямын десе де еркі. «Жанармай қымбат, жол жаман», дейтін жаттанды сылтау бар. Әрине, таксист болып отбасын асырау, жаман жолда күн сайын салдырлап жүріп саулығын құрту оңай нәрсе емес екенін жақсы түсінеміз. Өркениетті елдерде бұл жұмыс қалай жолға қойылған соны зерттеп, тәжірибеге алып, кәсіпкерлік туралы заңға такси тасымалымен айналысатындарға қатысты арнайы бап енгізіп, реттеу керек. Оларда біздегідей «бардак» емес шығар.

Қозғай берсек, бағаға қатысты мәселелер жеткілікті. Мен тек өз ойымды айттым.Ең бастысы оны реттеу қажеттігін Президентіміздің өзі көтеріп отыр. Сондықтан бұл мәселе шешімін табарына сенімдімін.

Ержан Ғайнетов,

банк қызметінің ардагері, аудандық билер кеңесі жұмыс тобының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521