АУДАН МЕРЕЙІН АСҚАҚТАТҚАНДАР

(0 Votes)

Қараша айының 15 жұлдызында Балықшы ауылындағы Жастар сарайында Ауыл шаруашылығы күніне орай облыстық дәрежедегі үлкен жиын ұйымдастырылды.

Оған ауданымыздың да ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Шапкенов құттықтау сөз сөйлеп, аталған саланың өңіріміз үшін маңызы зор екеніне, Тәуелсіздік жылдарында өсіп-өркендеген Қазақстанды азық-түлікпен қамтуда үлкен рөл атқарып отырғанына тоқталды. Төскейімізді төрт түлікке толтырып, су маржанын сүзген шаруашылықтардың стратегиялық бағдарламаларда алға қойған міндеттерді, Елбасымыздың, Президентіміздің берген тапсырмаларын орындау, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы ерен еңбектерін жоғары бағалап, облыс әкімінің атынан ризашылығын білдірді.

saumenov1

Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Серік Жамбылұлы саланы дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовке табыс етті. Өзге әріптестерінен озық шыққандарға берілетін Атырау облысы бойынша «Үздік мал дәрігері», «Үздік ауыл шаруашылығы маманы» аталымдарына ауданымыздан мал дәрігері Нұрлан Қабдешов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешов лайық деп танылып, мерейлері үстем болды. Ауыл шаруашылығы ардагерлері қоғамының төсбелгісімен «Құрманғазы» ӨК төрағасы Сабыржан Сұлтанов, аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Владимир Никешин, Атырау облыстық мәслихатының алғыс хатымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Арман Қайырлиев ұлығыланды. Ең көп марапат біздің ауданның еншісінде.

saumenov3

16 қараша күні «Сарайшық» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге ауданымыздың табиғат пайдаланушылары мен шаруагерлері қатысты. Облысымыздың тұрғындарына «Амангелді», «Тілекші» ауыл шаруашылығы кәсіпорындары балық өнімдерін ұсынса, «Сүйіндік» ЖШС мен Сүйіндік ауылдық округінің атынан қатысқан Зұлқожа Нәжімеденов шаруа қожалығы сөрелерге еттің түр-түрін жайып салды. Барлық өнімдер де көп кідірмей өз тұтынушыларын тауып жатты.

saumenov4

– Аталған жәрмеңкеге мал өсіру және балық аулаумен айналысатын шаруашылықтарымыз зор ұйымшылдық көрсетіп, белсене қатысты. Хабар берілген бойда «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақтаса қимылдаған, ауданымыздың абыройын жол қиындығынан жоғары қойған барлық шаруагерлерге аудан әкімдігі және бөліміміздің атынан алғысымызды айтамын. Кәсіби мерекемізде мерейіміз үстем болып жатса бұл бірлесе жасап жатқан жұмыстарымыздың жемісі. «Елде болса ерінге тиеді», дегендей аудан, облыс тұрғындарының игілігі үшін еңбек ету біз үшін зор мәртебе. Ауданның ауыл шаруашылығы өнімдері Елордамызда да өзінің лайықты бағасын алған еді. Біз өзімізге берілген тапсырмалар мен міндеттер үдесінен шығып келеміз, алға қарай да ол жалғасын таба береді, - дейді Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов. Өз тарапымыздан қиын салада еңбек етіп жүрген барлық азаматтардың осындай қуаныштарына ортақтасып, жалғасын таба берсін деген игі тілегімізді білдіреміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521