Анасымен 19 жылдан кейін қауышты

(0 Votes)

Мұқтаж жандарға қол созып, баспаналы болуға жәрдем беруді мұрат тұтқан «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері жақында жоғалған отандасымызды тауып, ана мен баланың аман-есен қауышуларына үлкен септігін тигізді. 19 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен атыраулық Әсел Дүйсенбаева қала вокзалының маңынан 16 жасында белгісіз жағдайда із-түзсіз адасып кеткен.

Әселдің анасы Құрманғазы ауданының тумасы 2000 жылдары отбасы жағдайына байланысты ауылдан қалаға қоныс аударады. Сөйтіп, вокзал маңында сауда-саттықпен айналысып, күнделікті нәпақасын тауып жүрген қызынан қапияда көз жазып қалады. Содан бері қайғыдан қан жұтқан ана құрсағынан өрбіген сүт кенжесін іздеп, барар жері, басар тауы қалмаған. Бірақ қолға алған ісі еш нәтиже бермейді. Бүгінде Әселдің айтуынша, сол кезде есін жиса Тәжікстанның Душанбе қаласынан бір-ақ шығыпты.

Осы жайттан хабардар болған аталмыш қордың еріктілері, жүректеріне иман ұялаған қайырымды жандар, Құрманғазылық Ризабек Сұлтанияев, Атыраулық Адила Құсайынова Әселдің анасымен хабарласып, іздестіру жұмыстарымен айналыса бастайды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ақын Сабыр Адай айтқандай, отандастарының атамекеніне аман-есен оралуын мақсат тұтқан олар қолдағы бар мүмкіндікті қалт жібермей, жер-жермен байланыс орнатып, әлеуметтік желіге де жазбалар қалдырып, игі істерінің жүру барысын жариялап отырады. Қордың мүшесі Ризабек Сұлтанияев бұл жағдай туралы ел жанашыры, жерлесіміз, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновті хабардар етіп, одан көмек сұраған. Әркез елдің жоғын түгендеп, халықтың мұңын жоғары жақта бүкпесіз ашық айтып жүретін атпал азамат бұл жолы да өмірдің қатал сынына ұшырап, Отанынан адасып, жаттың есігінде жүрген Әселдің тағдырына бей-жай қарай алмады. Ол осы жағдайды ести сала, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шұғыл түрде мән-жайды түсіндіріп, хат жолдайды. Бас аяғы екі-үш күнде Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшілігінен консул Асылхан Бекбосынов хабарласып, Әселдің ҚР азаматы екенін растайтын құжаттары мен фотоларын сұратады. Сөйтіп, Алланың қалауымен жастық шағында туған жерінен алыстап, жырақта қалған бүгінде 35 жасқа келген қызымыз Душанбе қаласынан табылды. ҚР Тәжікстан Республикасындағы елшілігі оның елге оралу құжатын дайындап, «Душанбе-Алматы-Атырау» бағыттарына ұшақ билетін сатып алып беріп, Әселдің ата-анасымен, туысқандарымен аман-есен қауышуына мүмкіндік жасады.

Қалай болғанда да, Ана мен баланың қауышуы — баршамызға бірдей абырой болды. Атамекеніне ыстық сағынышпен аңсап жеткен аруға қолдан келген көмектерін аямай, жат жерде қиналып, тағдыр теперішін бастан өткерген қандасына қамқорлық танытып, ар-намысты жоғары қойған азаматтарға ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.

Баршамыз өмірдің өзі берген осы бір сабақтан тәлім алуымыз керек-ау. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазағымыз адаспаса екен! Бұл – жалғыз менің ғана емес, көптің тілегі болса екен…

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521