«Ұстаз орны – мәңгілік құрмет төрінде»

Білім-Ғылым
Білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – мұғалімдер күніне орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Ол Бегәлиев атындағы орта мектептің жанынан құрылған «Нұршуақ» балалар-жасөспірімдер театр үйірмесі Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесінің желісінде дайындалған сахналық қойылымымен ашылды. Ұстаздық ұлы жолды мұрат еткен, аталмыш салаға өзіндік үлесін қосқан ардагер педагог Жібек Қисымова қошеметпен ортаға шақырылып, мұғалімдік мамандықты таңдап, ұстазының ізін жалғаған мақтан тұтар шәкірттер Ақтілек Хамитова, Жетек Шайхиев, Эльвира Адиловалар бір-біріне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұл жолғы мерекелік шараның қонағы әкесі мен анасынан өнеге алып, асқақ арманы мен игілікті ісін бір кәсіпте тоғыстыра білген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, жерлесіміз Злиха Қадырбайқызы сахна төріне көтеріліп, құттықтау тілегін жеткізді. Әр жылдар ішінде аудандық білім бөліміне жетекшілік етіп, іскерлігімен танылған Ләйлә Мусина, Мұрат Бисенғалиев, Шайхатолла Жәлелов, Балғаным Хасенова, Болатбек Шурин, Марат Гилаев сынды басшылардың есімдері ыстық ықыласпен аталып, оларға құрмет көрсетілді. Шара барысында төрден орын алған ардагер ұстаздарға сый-сияпаттар ұсынылды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров өзгенің бақытын аялаған ұстаздар қауымын төл мерекемен құттықтап, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін, еңбегімен еленіп жүрген педагогтарға түрлі марапаттар табыстады. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Онда С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен аудан орталығындағы мектептердің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. А.Шакупова