«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты фестиваль өтті

Білім-Ғылым

Өз халқына, дініне жаны ашитын әрбір азаматтың тіл деңгейін көтеру жолында қызметтену қастерлі борышы.

Осы мақсатта «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбымен аудандық фестиваль ұйымдастырылды. Шараға мәдениет саласы қызметкерлері, белгілі өнерпаздар Р.Сәрсенова, З.Қуанышқызы, Т.Қажегереев, Е.Айсын, Н.Омарова, А.Жахина, Г.Жұмалиева мен аудан орталығындағы мектептердің оқушылары қатысып бақтарын сынады. Көрермендер тек ән мен би өнерін тамашалап қана қоймай, тіл туралы нақышына келтіріле оқылған жалынды жырларды да тыңдады.

Өлеңдерді жатқа оқыған Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Альбина Қабекешованың өнеріне, сонымен қатар М.Әуезов жалпы орта мектебінің оқушысы Анна Латышованың қазақ тілінде айтқан құттықтау тілегіне шараға қатысушылар тәнті болды. Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі жанынан құрылған «Наз» би тобы орындаған түрлі ұлт өкілдерінің билері де көптің көңілінен шықты. Фестивальді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы З.Жоламанова қорытындылап, қатысушыларды алғыс хаттармен ұлығылап, естелік сыйлықтар табыс етті.

М.Ғалимова, аудандық мәдениет үйінің әдіскері