«Сөмке неге ауыр, оның ішінде не бар?»

Білім-Ғылым

Кітаптар тым салмақты

Биыл 1 қыркүйектен бастап 3, 6 және 8 сыныптың оқушылары жаңа мазмұндағы оқулықтар алды.

Бұрынғы кітаптарда мәтіндер көп болатын. Қазіргісінде көбінде тапсырма түрінде берілуде. Негізгі мәселелер көрсетіледі де көбінде балаларды ойландыратын сұрақтар, әртүрлі тапсырмалар, жаттығулар ұсынылады. Бағдарламаның мақсаты - баланың дайын ақпаратты жаттап алу емес, ойландыратын сұрақтарды шешу. Әсіресе, баланың тактикалық қабілетін дамытуға негізделген. Олардың креативтілігін, тапқырлығын дамытатын материалдар берілген. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз,мектеп сөмкесінің бала денсаулығына қаншалықты әсер ететіні турасында болмақ. «Сөмке неге ауыр, оның ішінде не бар?» деген сұрақ кез-келген ата-ананы мазалайды. Өйткені, бүгінде олардың тарапынан осы мәселе жиі көтерілуде. Мына сөзге алып-қосарыңыз да болмауы мүмкін. Алайда, қарсы да шыға алмайсыз. «Бірінші сыныпты аттаған бүлдіршіндердің иығы көп ұзамай жауыр болады. Олардың сөмкесіндегі «реформаланған» кітаптардың салмағы бойларын өсірмейді. Қазақстан – қортықтар еліне айнала бастаса, себебін мектептен көріңіз!» деп жазған еді белгілі журналист Нұртөре Жүсіп. Иә, бұл уәжге келіспеске амалымыз жоқ.

Дәрігерлер рюкзакты қолдайды Балалар балабақшадан мектеп бітіргенше рюкзак асынумен болады. Ауыр сөмкені асынудың салдарынан бұғанасы қатпаған бүлдіршіннің омыртқасы қисайып, балғын дененің дамуына кері әсер етеді. Дегенмен одан толықтай бас тарту мүмкін емес. Сондықтан дәрігер мамандар рюкзакты дұрыс асынуға кеңес береді. Ол иықтан төмен тартпай, белден 5 сантиметр жоғары тұруы тиіс деп есептейді. Ал белдіктері бос болмай, дәл тартылуы шарт екендігін айтады. Оның үстіне сөмкені қажет емес заттармен толтырып, ауырлатудың керегі жоқ. Өз салмағына сәйкес келмейтін ауыр затты тасу бала ағзасына кері әсерін тигізеді.Дәрігерлердің кеңесіне жүгінсек, ауыр сөмкені бір қолда ұстау немесе бір иыққа асыну оқушы үшін зиян. Ауыр салмақ дененің бір жағына түсіп, сүйек қисайып, бүйректің төмен түсуіне әкеліп соқтырады. Дұрыс таңдалмаған мектеп сөмкесі 50 пайыз скалиоздың пайда болуына әкеледі. Скалиоз – омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюы. Сондықтан дәрігерлер балалардың ортопедиялық ар¬қасы бар сөмке ұстағандарын жөн көреді. Шетелде мектеп оқушыларына арналған осындай арнайы сөмкелер кез-келген отбасына қол жетімді. Ал елімізде олар өте қымбат.

Түрлі кеселге кезіктіреді Бүгінде ата-аналар баланың ауыр сөмкесін көтеріп жүруі үшін арнайы бір адам мектепке апарып, алып қайту керектігін айтып жиі шағымданады. Өйткені, оның ауырлығы оқушының қан қысымының қалыптан шығуына септігін тигізеді. Мидың қалыпты жұмыс жасауына да зияны болуы мүмкін. Тіпті майтабандылыққа әкелетін қаупі бар. Ауыр сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға еңкейіп жүруге тура келеді, одан баланың көру қабілеті төмендейді. Сонымен қатар, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ аурулары көбейе бастайды. Ата-ана бұған көп мән бермеуі мүмкін, бірақ баланың бұл аурулар туралы айтып, уақыт өте келе шағым жасауы жиілейді.

Өркениетті елдерде қалай?

Оқулықтардың салмағына келсек, оны реттеп, сараптама жасайтын ресейлік мамандардың пікіріне жүгінсек, бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін – 400 гр. 7-9 сынып оқушыларына 500 грамнан аспауы керектігін айтады. Дегенмен, қазір оқулыққа қосымша жұмыс дәптерлері қосылды, хрестоматия, қосымша әдебиеттер көбейіп кетті, осыдан келіп баланың сөмкесі ауыр болып кетіп жатыр. Мысалы, Ирландияның ұлттық ата-аналар кеңе¬сінде (National Parents Council Primary) ауыр сөмкенің оқушыға зияны талқыланыпты. Осыған орай, бірың¬ғай салмақтағы сөмкелерді енгізу ұсынылған. Жиында әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары оның тым ауырлығына шағымданып, шамамен 3000 адамның 1000-ға жуығы осының салдарынан баланың сабағына әрең баратынын мәлімдеген көрінеді. Ата-аналардың шағымын қанағаттандыру үшін NPC төменгі сынып оқушыларына салмағы бірдей сөмке енгізуді ұсынды. Бұл Еуропаның бірқатар елдерінде бар тәжірибе екен. Ал, Португалия ғылыми - медициналық орталығының мамандары мектеп сөмкесінің салмағы барлық оқулық пен оқуға қажет құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, бала салмағының 10 пайызын құрау керек деп есептейді. Егер баланың салмағы 25 келі болса, сөмкенің ауырлығы 2,5 келіден аспауы тиіс деген секілді.

АҚШ тағылымы үлгі болса... Ал Америка Құрама Штатында ауыр салмақты сөмкені күнделікті тасып жүрмеудің де жолдары қа¬растырылған. Мәселен, кейбір мектептер бұл проблеманы болдырмау үшін заманауи құрылғылардың көмегіне жүгінеді. Ал, кей білім ордаларында сабақ барысында пайдаланылатын негізгі оқулықтарды мектептегі оқушылардың жеке сөрелеріне қалдырып, үй тапсырмаларын арнайы планшеттерге жүктеп берсе, енді бір мектептерде үй жұмысы топтастырылған арнайы конверттер таратылады екен. Ал, біздің еліміз электрондық оқулыққа көшкенше, балаларымыздың зілдей сөмке көтерулеріне тура келеді. Сонымен, мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдету үшін не істеуіміз керек? Бұл орайда мектептерде оқушылардың артық затын сақтайтын орындар қарастырудың маңызы зор. Ата-аналар әр күн сайын балаларының сөмкесін ақтарып, артық кітаптарды алып қалып отыруы да керек. Әсіресе, төменгі сынып оқушылары керек болсын-болмасын онсыз да ауыр сөмкелерін тазаламайды. Ал зіл батпан сөмкені арқасына асып алып, бүкшеңдеп бара жатқан бастауыш сыныптың оқушыларын көргенде жаның ашиды.Сайып келгенде, оның ішінде артық заттар көп шығады. Қоғамға қажетті «дені сау ұрпақ» десек, күйіп тұрған мәселе болмаса да олардың болашағын ойласақ, мектеп сөмкесінің қандай болуы керектігі жөнінде мемлекеттік стандартты жасақтаудың қажеттілігі туындайды.

Түрлі ақпарат көздері арқылы дайындаған: Айнагүл Шакупова