Кітап пен газет оқытайық

Білім-Ғылым

Өзіміздің «Серпер» де, басқа да ақпарат құралдары жиі көтеріп жүрген мәселе – жасөспірімдердің телефонға тәуелділігі.

 

Жап-жас қыздар мен бозбаланың телефон ұстамайтындары жоқ десе де болады. Өзіміздің кішкентай немерелеріміз де қойған жеріңнен ұялы телефоныңды алып тынады. Көзіңді аңдиды. Ас ішпеуіне бақилы олар телефондағы жақсы да жаман нәрсенің бәрін талғамастан көріп білуге құштар. Мұның жап-жас саналарға зияны туралы да көп айтылып жүр. Ал, бала денсаулығына келтірер теріс әрекетін әркім-ақ шамалайтын шығар. Газеттер жазып жатқанындай титімдей сәбилердің жағалай көзілдірік киюлері де азаймай отыр. Мұның әрине басқа да себептері бар шығар, бірақ, қақ басында ұялы телефонның тұрғаны анық. Сондықтан, оқушыларды жаппай телефонқұмарлықтан арылтуға жұмылдыру керек. Ол үшін мектептерде оның зияндылығын насихаттайтын топтар құрылса да артық етпейді. Көрнекі жерге бала денсаулығын сақтаудың алғышарттарын көрсеткен, қысқа да нұсқа тілмен жазылған плакаттар ілінсе, нұр үстіне нұр. Ең дұрысы, жас жеткіншектерді кітап оқуға баулыған жөн. Бұл енді ұстаздар мен ата-аналар бірлесіп атқарар шаруа. «Сен неше кітап оқыдың?», «Кімдерді оқып жүрсің?», «Қай жазушының шығармалары көбірек ұнайды?», «Несімен ұнайды?» деген сауалды әр ата-ана өз баласына, ұстаздары шәкірттеріне қоюы тиіс. Кітапханашылар да бұрын дәстүрде бар кітап оқушылар конференцияларын, түрлі диспуттар өткізуді жиі қолға алулары керек. Бұл күндері «кітапханада мынадай шара өтіп жатыр» деген әңгімелер жиі естіле қоймайды. Оқырмандар тартудың ең бір өзін ақтаған жолы осы демекпіз. Газетке шұқшиып жатқан бала да аз көрініс береді. Бұрындары саусақтары майысып мақала жазатын балалар аз болмайтын. Олардың арасынан танымал журналистер, белгілі сөз зергерлері шыққанын да ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан, көненің бәрін көріксіз демей, бұрындары оң нәтиже берген кітап, газеттер оқытуды шұғыл қолға алу керек. Үлкен үзілістерде кім не жақсыны оқыды екен, сонымен қатар, құрбыларын сынып алдына шығарып әңгімелеткен абзал. Бұл баланың көпшілік алдына шығып сөйлеуге төселуіне игі ықпалын тигізетін бірден-бір тиімді жол демекпіз. Қысқасы, газет, кітап оқып, ойын қағазға түсіргеннің жаман болғанын көрген емеспіз. Өзіміз солай тәрбиеленіп өсіп, жетілдік. Жас жеткіншектерді де осы жолдан шығармаған абзал.

Софья Мырзағалиева,

ардагер ұстаз.