Еңселі мектеп – ауылдың ажары

Білім-Ғылым

Білімді ел-жұрт қана ХХІ ғасырдың бәсекесіне төтеп бере алады.

Өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбие дейтін болсақ, осының барлығының бастауы – мектептен қаланады. Биылғы «Білім күні» салтанаты біз үшін есте қаларлықтай күн болды. Өйткені ауылымызда заманауи жабдықтармен жасақталған зәулім жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін болатынын атап көрсетті. Елбасы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында да отандық білім саласына ерекше көңіл бөліп, бұл істе озық жүйені қалыптастыруды тапсырғаны белгілі. Осы бағытта облыс көлемінде ауқымды істер атқарылуда. Соның бірі – білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған шараларды айтуымызға әбден болады.

Жаңа оқу ғимараттарының пайдалануға берілуі де – ұлт келешегі үшін жасалған игіліктер. Сондықтан біз жас жеткіншектер әр күнімізді бос өткізбей, іші-сырты жарқыраған, жаңа үлгімен салынған мектептен, ондағы жан-жақты жарақтандырылған сыныптардансапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие алуға мүмкіндігіміз мол. Жаңа ғимаратта қажетті құралдарымен жабдықталған оқу кабинеттері, кітапхана, акт, спорт залдары, асхана, шеберханалар бар. Балалардың оқуы мен шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған десек, артық айтқандығымыз болмас. Мектептің аумағында да заманауи жабындар, ойын алаңдары тұрғызылған. Ауылымыздың ажарын айшықтап тұрған еңселі білім ошағы – біздің мақтанышымыз. Көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, өзіммен қатар құрбыларыма «Мектептегі тәлім-тәрбие мен білімді ықыласпен көңілімізге тоқып, еліміздің үлкен азаматтары болуға талпынайық» дегім келеді.

Кәмшат Сапуанова,

Гагарин атындағы жалпы орта мектептің 10 сынып оқушысы.