Айбек – жаңашыл жас ұстаз

Білім-Ғылым

Міне, алғаш еңбек жолын бастағаннан-ақ еліміздегі ертеңгі тізгінді ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар шәкірттер тәрбиелеуде жауапты міндеттің үдесінен табылып тынбай еңбектеніп, заман талабына сай жаңаша оқытудың тиімді жолдарын қарастырып, оны тәжірибеде жүйелі түрде қолданып жүрген ауданымыздың мақтанышына айналған жас педагог деп Айбек Асғатұлы Өтеповті айтуымызға әбден болады.

Оның тек қана 4 жылдық еңбек өтілі бар. Бірақ, ауыз толтырып айтарлықтай ұстаздық жолдағы жетістіктері бір басына жетерлік. Қазіргі таңда Айбек Құрманғазы ауылындағы З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатында тарих пәнінен шәкірттеріне дәріс береді.

Ол 1991 жылы 5 мамырда қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Асғат жүргізуші болса, анасы Әлия 30 жылдан бері «Атырау-жарық» мекемесінде бақылаушы қызметін абыройлы атқаруда. Бүгінде олар бауырларынан өрбіген ұрпақтары Алтынбек пен Айбекті үйлендіріп, шаңырақ шаттығына бөлену үстінде. Айбек осыған дейінгі бағындырған биік-белестеріне отбасында алған тәлім-тәрбиенің ықпалы зор болды деп санайды. Ата-анасының қос ұлын еңбекке баулып, жоғары білім беріп, өмірде өз орындарын табуларына септігін тигізгендерін ылғи да өмір жолына үлгі тұтады. Сондытан да ол осы бір тағылым мен ғибратты өз перзенттері Жасмин мен Анисаның бойларына сіңірулері үшін барын салып келеді.

Айбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, 2012 жылы Атырау қаласындағы Алтынсарин атындағы №11 мектепте еңбек жолын бастады. Сол кезде-ақ жас ұстаздың алдына айқын мақсат қойып, жауапкершілік жүгін тереңнен сезіне алуы – білім ошағының ұжымын тәнті еткен. Өзіне әркез сыни көзқараспен қарап, қойылған міндетті ынта-ықыласпен атқарып шығу – оның белгілі бір уақыттағы істейтін әре¬кеті емес, өмірлік дағдысына айнал¬ған¬дай. Жастайынан осындай қажырлы қабілетке ие болып, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білуі – қатар¬ластарына да үлгі боларлықтай. Болмыс-бітімінің өзі ұстаз екенін айғақтап тұратын жас маман кейін қызмет жолын қаладағы Гагарин атындағы №4 мектепте жал¬ғастырады.

Оқыту әдістерінің кез келген түрін жандандырып, тәжірибеде қолдану мұғалімнен шығармашылық ізденісті талап етеді. Осы тұрғыда өз мақсатына жетпей тынбайтын, мамандығын жан тәнімен сүйетін Айбек талмай еңбектеніп, педагогикалық шеберлігін күн өткен сайын шыңдай түсті. Сабақтан тыс уақытта оқушыларын шығармашылықпен айналысуға баулыды. Нәтижесінде оның дайындаған екі шәкірті облыстық «Үздік пікірсайысшы» байқауында бақтарын сынап, жүлдегерлер сапына қосылды. Теориялық білімін тәжірибеде ұштастыра отырып, бар қабілет-қарымын өскелең ұрпақ тәрбиесіне сарп етуге бағыттаған ұстаздың алдағы арманы тек қана саналы, әрі жан-жақты шәкірт тәрбиелеу. Шығармашылық ізденіссіз бір күні өтпейтін жас ұстаз өз пәнінің бағдарламасына сәйкес сынып сағаттарын жиі өткізумен қатар, ұлтымыздың қатпарлы тарихын тереңірек зерттеуге зерделі оймен кірісіп, алаш жұртына бұрын-соңды беймәлім болып келген елін, жерін қорғаған ержүрек батырларды, халқымыздың басын біріктірген хандар мен билерді ұлықтауға арналған танымдық шараларын ұйымдастыруды өзіне зор міндет әрі биік мәртебе санайды.

Уақыт өте келе Айдана атты арумен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген Айбек отбасылық жағдайына байланысты туған жеріне оралды. «Құралай» корпорациясында заңгер болып бір жылдай ғана қызмет атқарып, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжіне өз мамандығы бойынша шақырту алады. Онда да қоғамдық жұмыстарға қызу араласып, өнегесі мол ұстаздан тәлім алған белсенді студенттері облыстағы «Үздік пікірсайысшы» байқауына қатысып, жүлделі оралды. Аудандық білім бөлімі 2017 жылы оны З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатына жұмсайды. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеуде азды-көпті жетістіктерге жете бастаған жас ұстаз өзінің жеке шығармашылығын дамытуға да уақыт табады.

2018 жылдың мамыр айында Семей қаласында өтетін «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты ХІІІ республикалық педагогикалық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Онда Айбек «Бөкей ордасының ханы – Жәңгір» тақырыбында сабағын қорғап, 22 жыл хандық құрған қайраткер Жәңгірдің ұлтына жасаған өшпес игіліктері мен жарқын істерін жете саралады. Республиканың түкпір-түкпірінен 300-ден астам білікті мұғалімдер қатысқан олимпиада қорытындысында біздің жерлесімізге педагогикалық шеберлігін жоғары деңгейде көрсеткені үшін Алғыс хат пен арнайы сертификат ұсынылды. Одан кейін Атырау облысы Білім беру басқармасы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік жас ұстаз» облыстық форумында Айбек кәсіби шеберлігін ортаға салып, педагогикалық тәжірибесімен бөлісті. Бұл форум білім саласында еңбек етіп жүрген жас ұстаздардың мәртебесін айқындауды, жаңартылған білім мазмұны аясында мамандардың біліктілігін арттыруды мақсат тұтты. Нәтижесінде үздік деген 8 жас мұғалімге Алғыс хат пен арнайы белгі табысталды. Бұл құрметке Айбек Асғатұлы да лайық деп табылды. Бүгінгі таңда ол ер мұғалімдерді қолдау, білім саласына тарту мақсатында құрылған облыстық «Азамат» ұстаздар клубының белсенді мүшесі ретінде өзін көрсетіп жүр. Оның алға қойған мақсаттары биік. Қазіргі шақта «Пікірсайыс арқылы оқушылардың танымдық қабілетін арттыру» тақырыбындағы ғылыми жобаны дайындау үстінде.

Айнагүл Шакупова