Мейірімді ұстаздар мәрттігі

Білім-Ғылым

Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернаты білім күні өз шәкірттерін үлкен салтанат үстінде қабылдады.

Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Ұйымдастырушылар алғашқы қоңырауға арналған бұл шараны «Мен – өз елімнің патриотымын» деп атапты.

Мектеп директоры Қабдрахим Сүлейменұлы өзінің құттықтау тілегіне қоса, алда тұрған міндеттерді саралады. Республикалық, облыстық сайыстарда топ жарғандар есімін атады. ҰБТ-да жоғары көрсеткішке ие болғандары – ұстаздар мен шәкірттер еңбегінің бірлескен нәтижесі екендігіне мысалдар келтірді.

– Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру аясында білім беру саласына 5 қадам жоспарланған. 2018–2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 3,6,8 сыныптар көшеді, – деді директор Қ.Бисенғалиев. Одан әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Ахметованы Республикалық ұстаздар қауымдастығының «Сала үздігі» белгісімен марапаттады.

Алғашқы қоңырау салтанатында осы мектептің ардагер ұстазы Мәру Сапарова, «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Раушан Ғұмаровалар сөйлеп, оқушылар мен ұстаздардың жаңа оқу жылында жоғары жетістіктерге жетулеріне тілеулестік білдірді. Жаңылсын Бакауованың жетекшілігіндегі 1 сынып бүлдіршіндері ортаға шығып, тақпақтар орындады. Сондай-ақ, алғашқы қоңырауды 11 және 1 сынып оқушылары Дәметкен Қисиева мен Есенболат Нұрдаулет соқты.

Биылғы алғашқы қоңырау салтанатының басты ерекшелігі – мектеп директоры Қабдрахим Бисенғалиев өзі бас болып жағдайы қиын оқушыға отбасылық бюджет есебінен 100 мың теңге стипендия тағайындағанын жария қылды. Мектептегі арнайы құрылған комиссия жыл бойы осы оқушыға бөлінетін стипендияға оқу құралдары мен киім-кешек алып беретін болады. Бұл бастаманы мектептің төрт бірдей қызметкері – бастауыш сынып мұғалімі Гүлден Боярова, дефектолог Гаухар Бекболатова, логопед Мөлдір Есенғұлова, лаборант Жанерке Ғибратовалар да құптап, төртеуі бірге жағдайы төмен шәкіртке стипендия тағайындайтынын мәлімдеді.