Құрманғазы ауданында тамыз мәслихаты өтті

Білім-Ғылым

Дәстүрге айналған аудандық білім қызметкерлерінің тамыз мәслихаты алдында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі фойесінде "Үздік атанғандар", "Цифрлы Қазақстан - болашаққа бағыт", "Үздік авторлық бағдарламалар", "Рухани жаңғыру - табысты ел болудың кепілі" атты бұрыштар қойылып, ол көпшілікке таныстырылды.

"Төртінші өнеркәсіптік тақырыбындағы тамыз мәслихатының жұмысына облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Гүлнар Сүйінішқалиева, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, барлық округ әкімдері, ардагер ұстаздар, қоғамдық ұйым жетекшілері, педагог қызметкерлер және онлайн режимінде 60 ұстаз қатысуға мүмкіндік алды.

«Білім берудің жаңа сапасының негізі –үнемі өзгерісте және білімді меңгеру қабілетінің жоғары деңгейінде болуы шарт» - деп Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыс иірімдері , білім сапасы біздің білім беру мекемелерінде қандай деңгейде? Жаңа оқу жылындағы мақсат –міндеттеріміз қалай болмақ? Міне, конференцияда осындай келелі ойлардың кемелді тұстарына талдау жүргізіліп, сараланды. Жүргізушілер аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Арыстанова мен белгілі өнерпаз Р.Исмагулов өткен жылдың жетістіктерін тілге тиек етіп, бүгінгі күні сапалы білім беруге мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын аудан көлемінде атқарылып жатқан істерден дәлелдемелер келтірді. Лед экран арқылы білім беру мекемелерінде материалдық –техникалық базаны тиімді, дұрыс пайдалануда Шортанбай орта мектебінің атқарған жұмыстары назарға ұсынылды. Сонымен қатар, алдағы оқу жылына құшағын айқара ашқалы отырған, жас ұрпақтың көңіл қуанышын толтырар Гагарин атындағы жалпы орта мектебінің заманауи үлгідегі жаңа ғимараты туралы ой тыңдауға кезек берілді.

Білім сапасының тұрақты деңгейін ұстап келетін, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебі болатын. Онлайн режимі арқылы аталмыш білім ошағы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Амирова сынақта шәкірттері өзгелерден озық нәтиже көрсету себептерінің қыр-сырымен бөлісті. Лед экран көмегімен кеңеске қатысушылар ауданымызда оқырмандар мен жеке тұлғалар үшін шығармашылықпен айналысуға арналып ашылған «Коворкинг» кітапхана орталығында ой тоғыстырған 2018-2019 жаңа оқу жылы түлектерінің өзіндік пікірлерін тыңдауға мүмкіндік алды.

Елбасының бастамасымен өмірге келген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында аудан көлемінде біршама игі істер атқарылуда. 2018-2019 оқу жылында 7-11 сыныптарға «Бағдарламалау және робототехника негіздерін» және жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін аудан бойынша 28 мұғалім біліктілік арттыру курсынан өтіп, 16 мектепте осы пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоспарлануда. Жақында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Абай атындағы жалпы орта мектебінде ІТ-сыныбы ашылып, онда 8-16 жас аралығындағы балаларды «Бағдарламалау және робототехника негіздері» бойынша оқытуға әзірлік жұмыстары жүргізілуде.. Алдағы уақытта ІТ-сыныптары Әуезов, Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектептерінен ашылады деп күтілуде. Осы ретте Абай атындағы жалпы орта мектебінің педагогикалық ұжымы тікелей байланысқа шығып, білім ошағында жүргізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар етті.

Елбасы Жолдауында жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге қоғам болып көмектесуіміз керектігі атап көрсетілген. Білім алушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау, іскерлік пен ізденісті тереңдету ,жеке тұлғаның өз бетінше дамуына ықпал ету мақсатында жыл сайын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауы өткізіледі. Мектеп оқушылары аталған білім додаларында аудан намысын облыс, республика деңгейінде қорғап, жүлделі орындар иеленіп, пәндік олимпиада мен ғылыми жоба сайыстарында жеңімпаздар қатарын көбейтуде. Міне, өткен оқу жылы ішінде Халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанған Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Дана Бақтымұратқызының шығармашылық жұмысы Лед экран арқылы көпшілікке таныстырылды. Одан әрі зал толы кеңеске қатысушылар республикалық додаға жолдама алып отырған Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп жанынан құрылған "Нұршуақ" жасөспірімдер театрының нәтижелі жұмыстарына құлақ түрді.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға үнемі қамқорлық танытып келетін ауданның Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиевке, жеке кәсіпкерлер Бақтылы Махмудова, Айгүл Ниғыметоваға гүл шоқтары ұсынылып, құрмет көрсетілді. Келесі кезекте мінберге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева 2018-2019 жаңа оқу жылы ішінде білім саласы бойынша жаңалықтар мен өзгерістерге шолу жасап, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді атап, алдағы міндеттерге тоқталды. Облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Гүлнар Сүйінішқалиева өз сөзінде мына мәселелерге маңыз берді. - Алдағы қыркүйектен бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 3, 6, 8 сыныптарда облыс көлемінде 37670 оқушы оқитын болады. 2019 жылы 4, 9, 10 сыныптар, ал 2020 жылы 0, 11 сыныптар осыған көшеді деп жоспарлануда. Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде 2016 жылы - 2034, 2017 жылы - 2368, 2018 жылы - 2983, барлығы 7395 мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 4602 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Бұл үшін 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қыркүйек айынан 3, 6, 8 сыныптарға сабақ беретін 3579 ұстаздың еңбекақысына үстеме қосылады. Жаңа бағдарламаға сәйкес оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 2,3 млрд. теңге қаржы қаралып отыр.

Информатика пәні биыл 3 сыныпқа енгізілді. Келесі оқу жылында бұл пән 1,2 сыныптардан бастап оқытылады. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында 5, 7 сынып оқушыларына арналған Атырау аймағының тарихы және басқа да құндылықтарымен терең танысуға мүмкіндік беретін "Өлкетану" - Атырау облысы оқулығы "Жазушы" баспасынан жарық көрді. Алғаш рет мектеп бағдарламасына еніп отырған оқулық география, тарих, әдебиет, музыка пәндерімен кіріктіріліп, 20 сағат көлемінде оқытылады деп күтілуде. 2018 жылы педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты облыста одан өткен 1944 мұғалім жалақыларын 30-дан 50 пайызға дейін өсіру мүмкіндігін алып отыр, - дей келе, облыстан келген лауазым иесі 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен бір топ педагог қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттады. Салаға әркез жанашырлық танытып, қолдау білдірумен келетін аудан әкімі Бибоз Шаяхметов білім сапасын көтеру жөнінде құнды ой өрбітіп, мектептер мен балабақшалар рейтингісі бойынша І, ІІ, ІІІ орындардан көрінген Абай, Бегәлиев, Әуезов орта мектептері мен "Балауса", "Балбөбек", "Мерей" балабақшаларына түрлі дипломдар табыстады. Сонымен қатар, бір топ ұстаздар түрлі дәрежедегі марапаттармен ұлығыланды. Конференцияда одан әрі концерттік бағдарлама жалғасын тапты.

Айнагүл Шакупова