Тыл қаһарманының есімі ұлықталды

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан атпал азамат, еңбек және тыл ардагері, марқұм Муафих Шәріпұлының 100 жасқа толуына орай «Өнегемен өрілген өмір» атты еске алу шарасы ұйымдастырылды.

Алғашқы сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров оның өмірдерегінен хабардар етіп, ұрпақтарына өзінің құттықтау хатын табыстады. «Серпер» газетінің өткен санында ардақты азаматтың ғибратты ғұмырнамасы жөнінде мақала жарияланғандықтан оған қайыра тоқталуды жөн көрмедік.

Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов еліне еңбегі сіңген, есімі халқының есінде, жұртының жадында қалған тұлғаларды ұмытпай, ұлықтап отыру – соңындағы ұрпақтың перзенттік парызы екендігіне тоқталып, міне, сол үрдісті лайықты көрсете білген оларға зор ризашылығын жеткізіп, естелік хатын ұсынды. Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев: - Халқымызда бұрынғы өткен бабалардан «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз қалған. Міне, 100 жасқа толғанын атап өтіп отырған Муафих Шәріпұлы сондай жан еді. Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбегіне байланысты. Біз ата-бабалардың салт-дәстүрін, ұлттық ұстанымын сол кезеңдегі аға буын өкілдерінің күнделікті тыныс-тіршілігінен тәлім етіп, жарқын болашақты бағамдадық. Солардың ішінде орны ерекше Муафих ағамен 1948 жылдан бері қоян-қолтық араластым. Көрші тұрып, оның адамдармен қарым-қатынас кезіндегі өнегеге толы асыл қасиеттеріне куә болдым. Үлкенді құрмет тұтып, кішіні қамқорлады. Елдің үлкен-кішісіне бауырмалдығы тіптен бөлек. Міне осындай асыл ағамыз өзіне тапсырылған жұмысты да жауапкершілікпен атқарып, абырой-беделін арттырды. Бүгін артында қалған ұрпақтары 100 жылдан кейін әке даңқын одан әрі асырып, рухын дәріптеп отыр – дей келе, өзінің соңғы шыққан трилогиясын ұрпақтарына естелікке табыстады.

Аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы, ақын Таңатар Дәрелов: - Қазіргі таңда қазақы болмысымыздың жеті қыры жарқырап ашылған шақта елге өлшеусіз еңбегі сіңген абзал азаматтың еске алу шарасы өтуде. Аудандық баспаханада басшы болған әкемдей азаматпен сіз-біз дескен сыйластықта болдым. Ол кісінің бойынан жайлылық, кербездік, мұнтаздай тазалықты көріп, ұғынып өстік. Соғыстың зұлмат жылдарында елдегі қиын тіршілікке бір кісідей атсалысып, тылдағы ауыр еңбекте жоғары ұйымдастырушылық қабілетін байқатты. Тылдың қаһарманы, лайықты батыры деп Муафих көкемізді толықтай айтуға негіз бар - деп, әдейі арнап алып келген жаңа балладасын тебірене оқып берді. Ұрпақтары атынан Алпамыс Муафихұлы қорытынды сөз сөйлеп, олардың бастамасын бірден қош алған аудан әкімдігіне, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне, зал толы көрерменге зор ризашылығын жеткізді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521