Тарихи сериалдар түсірген орынды

(0 Votes)

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын Қазақ тарихын әлемге, жас ұрпаққа кеңірек таныту деп қабылдаймын.

Сайын даламыз шежіреге бай. Күнінде жарты әлемге иелік еткен бабаларымыздың ат тұяғының ізі қалған мекен. Шет елдерде мұны толық біле бермейді. Сондықтан, оны танытуға тиіспіз. Біздің мемлекетіміз күні кеше ғана пайда болған жоқ. Қазақ тарихы тым тереңде жатыр. «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды» дейді Мемлекет басшысы өз мақаласында. Осы жақында ғана Фейсбук әлеуметтік желісінде Мәскеуде орыс қызына ара түскен қазақ жігіті туралы бейнетүсірілім жарияланды. Қала ортасында орыс қызының шашынан ұстап ұрып жатқан жігіт пен оның қасындағы досына өзге ұлттар көз тастап өте шығуда. Кейбірі жақындап еді, анау жігіттерден ығысып жөніне кетті. Тек жалғыз қазақ жігіті ғана ара түсіп, орыс қызын құтқарып әкетті. Бейнетүсірілім: «Осындай жағдай орын алғанда кім қалай әрекет етеді? Адамдардың бойында өзгеге деген қамқорлық, батылдық қалған ба?» деген мақсатпен әдейі ұйымдастырылған тәрізді. Бір қазақ жігітінің батыл әрекеті бүкіл ұлтымызға оң әсерін беріп, бейнетүсірілім соңы түркілерді дәріптеуге ұласты. Ағылшынша жазылған карта шығып, Еуразия құрлығында қалыптасқан түркі мемлекеттерінің жорық жолдары мен дамуынан бастап бүгінгі оның мұрагерлеріне дейін көрсетті. Қарап отырып, қазақ ұлтынан, ұлы түркілердің ұрпағынан болғаның үшін бойыңды мақтаныш кернейді.

Елбасымыз одан әрі: «Сондықтан, тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деп отыр. Орынды айтылған. Мысалы, қазір түрік пен кәрістің тарихи тақырыпта түсірілген сериалдарының кейіпкерлерін көбіміз білеміз. «Сүлеймен кім десең?» кішкентай бала да «сұлтан» деп бірден жауап қатады. Ал, қазақ тарихын бейнелейтін сериалдар мен толықметражды көркем фильмдер саусақпен санарлық. Біз кезінде Жошы мен Батый хандар бір шетін Еуропаға тіреген алып мемлекеттің орнындамыз. Жерімізде хан ордалы Сарайшық бар. Неге бізде Алтын орда туралы сериал жоқ? Әріден қозғасақ, кәрі құрлықты жаулаған ғұндар, сақтар, скифтер туралы тарихи көркем фильмдер түсіруге не кедергі? Президентіміз қажет болса, шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді шақырту қажеттігін айтты. Шыңғыс хан туралы Қытай, бізден шығып Мысырды басқарған Бейбарыс туралы Катар елі телесериал түсіріп, олардың есімдерін жаһанға әйгіледі. Естуімізше, тарихи сериалдарға әлемде сұраныс жоғары. Мұндай кинолар ел ішінде өз тарихымызды дәріптеп қана қоймай, Қазақ мемлекетінің даңққа толы жолын әлемге паш етеді. Сол себепті, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген жобаларды қолдаймын. Қазір біз рухани жағымыздан жаңғыру үстіндеміз, бұл оған соны серпін сыйлайды деп санаймын.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521