Параолимпиадалық спорт ойындары ұйымдастырылды

Спорт

Аудандық спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жастар арасында аудандық параолимпиадалық спорт ойындары ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік Әнұраны ойналғаннан кейін, аудан әкімі Қайрат Нұртаев Атырау қаласынан келген майталман спортшыларға алғысын білдіріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық мүгедектер спорт клубының директоры, ардагер спортшылар арасында самбо, дзюдо күресінен әлем чемпионы Аманбай Киздарбаев, аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғилыман Құспанов жылы лебіздерін жеткізді. Ауылдық округтер мен мүгедектерді сауықтыру орталығынан барлығы 16 команда қатысып, шахмат, шашка, тоғызқұмалақ, оқ ату, үстел теннисі сынды сайыс түрлерінен сынға түсті. Сонымен қатар, ІІІ жазғы Азия ойындарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ануар Сариев пен ҚР спорт шебері Сәду Мерей дзюдодан, жастар арасында ҚР чемпионатының 5 дүркін чемпионы, бүкіләлемдік параолимпиада ойындарының жүлдегері Насихан Махамбет, ҚР чемпионы, ІІІ жазғы Азия ойындарының қатысушысы Кенгес Кониев үстел теннисінен, жаттықтырушы Ильяс Телеуғалиев пауэрлифтингтен шеберлік сабақтарын көрсетті.

А.Шакупова