Боз кілемде – балғын палуандар

Спорт

Аудандық дене шынықтыру және спорт кешенінде спорт ардагері Хамитов Орынбекті еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өткізілді. Жарысқа Астрахан облысының, Калмыкия, Дағыстан Республикаларының, Тараз, Атырау, Орал қалаларының, Атырау облысының, Құрманғазы ауданының балғын боз кілем шеберлері қатысты.

Ашылу салтанатында студенттік кезеңнен еркін күрес пен шахмат, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерімен айналысып бірқатар жетістіктерге қол жеткізген, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер арасындағы спартакиадаларда талай топ жарған Орынбек Уапұлының өмірбаянымен кеңірек таныстырылды. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, ІІІ және ІV шақырылған аудандық мәслихат депутаттығына сайланып, тексеру комиссиясына төрағалық еткен азаматттың қызмет белестері назарға берілді. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, үлкен ұлы Әділбек жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осымен 6-шы рет өткізіліп отырған дәстүрлі турнирде жасөспірім палуандар екі күн бойына боз кілемде шеберлік сынасып, өзара мықтыларын анықтады.

А.НӘЖІМОВ.