Жұмекен атындағы дәстүрлі турнир жалауын көтерді

Спорт

Аудандық дене шынықтыру кешенінде еліміздің Әнұраны авторларының бірі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Жұмекен Нәжімеденовті еске алуға арналған бокстан 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында дәстүрлі республикалық турнир жалауын көтерді.

Жарыста Ресей, Астана, Атырау қаласынан және Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысынан үкілеп қосқан балғын боксшылары бақ сынайды. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ауданда өткен көптеген жарыстарды жүргізуге атсалысқан республикаға танымал ринг-анонсер Ажибаев Аманбайға ауданның құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Жарыс қонақтары облыстық бокс федерациясының тете-президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Сәрсенбай Торғаевтың және бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Бекболат Құрамысовтың өңіріне ауданның 90 жылдығына арналған ескерткіш медальді қадады. Бұдан соң рингте жекпе-жектер басталды, турнир үш күнге созылады. Былғары қолғап түйістіріп, мықтыларды анықтайтын бокс аламанын тамашалауға болады.

А.НӘЖІМОВ