Қақпашы Данияр қайда жүр?

Спорт

Шайбалы хоккейден Германия біріншілігінде өнер көрсеткен Данияр Жүнісовтің есімі біздің газет оқырмандарына жеті-сегіз жыл бұрын кеңінен таныла бастады.

Хоккейшінің әкесі Айғали Құрманғазы ауданының тумасы. Бауырлары, ағайын-тумалары қазір де біздің өлкеде тұрып жатыр. Айғали осында онжылдықты бітіріп, Алматы қаласындағы шет тілдер институтына оқуға түседі. Жоғары білім алып жүргенде Берлиннің Гумбольд университетінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Кейіннен неміс қызына үйленіп, сонда қалып қойыпты. Сөйтіп, 1987 жылдың 12 наурызында дүниеге Данияр келген екен.

Бала Данияр 8 жасынан бастап хоккеймен айналысып, қақпашылық таланты мен шеберлігін көрсетіп, мықты командалардың назарына ілігіпті. Бұл жайында Даниярдың өзі былай дейді: «Бала кезімде чех қақпашысы Доминик Гашекті үлгі тұттым. Оның ойын мәнеріне қатты қызығатынмын. Қақпашы болуыма осы чех ойыншысының әсері болды. Бала кезімде он жыл бойы «Эйсбарен Берлин» клубының төменгі құрамасында ойнадым. Сонда жүріп балалар мектебінен жастар құрамасына өттім. Он сегіз жасымда «Эйсбарен Берлин» клубының негізгі құрамына шықтым. Үш жыл бойы осы клубта ойнап, кейін «Гамбург Фризерс» клубынан шақырту алдым. Бұл құрама сапында бір жыл ойнап, артынша «Вольсфбург Гризли Адамс» клубына ауыстым».

Данияр Жүнісов осы клубтың сапында бірнеше жыл табысты өнер көрсетіп, намысын қорғады. Осы жылдар ішінде команда Германия хоккей чемпионатында топ бастап, Германия кубогының иегері болған. 2010 жылы неміс лигасының күміс медалін жеңіп алған. Ал 2011 жылы Давоста өткен Шпенглер кубогында Канада құрамасын ұтқан. Осы ойынның бас қаһарманы біздің Данияр болған екен.

Қандас хоккейшіміз еліміздің ұлттық құрамасының негізін құрайтын Астананың «Барыс» клубы мен Қазақстанның ұлттық командасына ойнауға ниет білдіргенімен, клуб басшылығы мен Қазақстан хоккей федерациясы тарапынан шақырту болмаған соң неміс лигасында ойынын жалғастыра береді. 2015 жылы «Изерлон Рустерс» хоккей клубына ауысты деген дерек бар. Хоккейден Еуропа мұз айдындарында қақпасын күзеткен қазақ баласы Данияр қазір қайда жүр екен? Астанада ойнаудың сәті түспегенімен әкесімен бірге бірнеше рет болған Атыраудың «Бейбарысы» сапынан көріп қалармыз деген үміт бар. Кім білген әйгілі сұлтан бабасы да атажұртына құлдық ұрып қайтып келмеп пе еді кезінде?!

А.НӘЖІМОВ.