Ұстаз атындағы турнирде

Спорт
Ақкөл ауылында ұлағатты ұстаз Букетов Закир Сабырұлын еске алуға арналған кіші аяқ добынан турнир өткізілді.
Оған ауыл әкімі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, білікті педагогтан білім нәрімен сусындаған шәкірттері қолдау білдіріп, демеушіліктерін ұсынды. Жарыстың ашылу салтанатында мектеп директоры мен Закир Сабырұлының жұбайы және құрдастары сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді. Ағайдың шәкірттері осы шараның алға қарай да өз жалғасын табатынын айтып, ардагер ұстаздың зайыбына естелік сыйлықтарын тарту етті. Жарысқа 9 команда қатысты. Әр ойын өзінің қызықты сәттерімен жалғасын тауып, теңбіл доп бірін қуантса, кейбірін мұңайтып жатты. Осы турнирде Айбек Құсайынов - үздік қақпашы, Ізбасар Серіков - тас қамал қорғаушы, Шернияз Сырымбетұлы - үздік ойыншы атақтарын жеңіп алды. Жүлделі ІІІ орынды 2010 жылғы түлектер иемденсе, ІІ орын биыл ғана мектеп бітірген бозабалаларға тиесілі болды. Ал білім ошағын 2005-2006 жылы тәмамдаған жігіттер жеңімпаз атанды.