Біздің Айбике - Азияданың қола жүлдегері

Спорт

Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан Азияда-2018 жазғы спорттық ойындарына Азия құрлығының 46 мемлекеті қатысуда.

Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. 18 тамыздағы мәлімет бойынша 5 алтын, 8 күміс, 28 қола, барлығы 41 медалмен 11-ші орында келеміз. Әлемнің әр түкпірінен келген саңлақ спортшылар бас қосып, сайысқа түскен дүбірлі додада елімізге күміс медаль сыйлағандардың қатарында жерлесіміз Айбике Хабибуллина да бар.

Семсерлесудің хас шебері аудан орталығындағы Ломоносов орта мектебінде оқыды. Жастайынан, 2006 жылдан бастап спортқа бет бұрған Айбике 7 сынып оқып жүргенде-ақ Алматы қаласындағы спорт жатақханасына орналасты. Мұнда ол семсерлесуден сүрінбей өткен соң қабылданды. Тәжірибелі ұстаздар тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздың болашағына зор үмітпен қарады. Қателеспеген екен. Одан кейінгі жылдарда сол нәзік қыз көрсетілген сенімін ақтап, талай мәрте топ жарды. Облыстық, республикалық сайыстарда семсер сермеп, қарсылас шақ келтірмей, өз бағын халықаралық жарыстарда сынауға көшті. Ондай биік дәрежедегі жарыстарда жеңіс оңайға түспесі айдан анық. Себебі, оған әр елдің әйгілі спорт мектептерінде тәрбиеленген бетке ұстарлары қатысады. Оңай шағылар жаңғақ емес. Айбикенің төккен тері, тынымсыз жаттығулары зая кетпеді. Иорданияда өткен әлем чемпионатында Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

Айбикенің атасы Зайт Хабибуллин ауданымызға танымал абзал ақсақалдардың бірі. Әкесі Сәкен Зайтұлын да халық жақсы біледі. Ауданымызға еңбегі сіңген азамат, ұзақ жылдар Төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Анасы Марина «Атырау-Жарық» мекемесінде қызметте.

- Жастайынан спортқа бейім еді. Семсерлесуді үйренуді өзі қалаған соң қарсы тұрмадым. Отбасымыздағы екінші баламыз болғандықтан, атасымен бірге әр жеңісіне қуанып отырамыз. Спортшының өмірі белгілі, үнемі жол үстінде, дайындықтармен, жаттығулармен, әртүрлі дәрежедегі сайыстарға қатысумен жүреді. Алысқа кеткенде сағынып қаламыз. Ол біздің ғана емес, еліміздің қызы болып, Отанымыздың намысын қорғап жүргені жанымызға жігер береді. Азияда – бұл Азия құрылығының олимпиадасы. Өмірі алда ғой, әлі де талай жеңісті күндер күтіп тұрған болар, - дейді Сәкен ағамыз.

Индонезияда Айбике үшінші орын алып отыр. Бұл бәріміз үшін мерей. Бұған дейін жастар құрамасында болып келген ол, енді ересектер тобына енді. Семсерлесуден Қазақстан құрамасы командалық есеппен үшінші орынға табан тіресе, мұнда жерлесіміздің де үлесі бар. Айбикенің алар асулары әлі де көп боларына сенімдіміз.

Қанат ҒҰМАРОВ.