Жазғы ойндарда бірінші орында

Спорт

Атырау қаласында ауыл жасөспірімдерінің облыстық жазғы ойындары өтті.

Жарысқа Атырау қаласынан, Исатай, Мақат, Жылыой, Махамбет, Индер, Қызылқоға және Құрманғазы ауданынан жүзге жуық спортшы қатысты. Жалпы командалық есеп бойынша ауданымыздың командасы жүлделі І орынды жеңіп алды.

Атап айтсақ, жарыс қорытындысымен таэквондодан, шағын футболдан, гандболдан бірінші, грек-рим күресінен екінші, дзюдодан үшінші орындар иеленді. Әрине, бұл «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады», - дегендей, тынымсыз дайындықтың, төккен тердің нәтижесі. Сайысқа қатысқан жүзге жуық спортшының бәрі де тыңғылықты дайындықпен келгені анық. Командамыздың жазғы ойындарға қатысуын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев ұйымдастырды. Спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Руслан Аманғалиев, Жасұлан Айтбаев, Мейрам Шакупов, Әдебиет Ердешов, Қабақбай Қайрақбаев, Серікбол Ғаббасов, Марат Ниғыметов, Бекжан Қабиев, Насихат Бимағанов, Асхат Тұрдалиев, Мұхтар Шапешовтің еңбектері еш кетпеді.

Жарыс соңында жеңімпаздар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдарымен, медальдарымен ұлығыланды.

Қанат ҒҰМАРОВ.