Туризм – табыстың көзі болмақ

(0 Votes)

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Петропавл қаласында өткен ХV өңіраралық ынтымақтастық форумында қазақстандық және ресейлік компаниялардың туристік өнімдері қойылған көрмені аралап, туризмнің тартымдылығы мен танымалдылығын арттыратын озық жобалармен танысты.

Екі мемлекет бойынша стратегиялық одақтастық, сауда-экономика саласындағы сенімді серіктестің аясында атқарылған істерге тоқталды. Сондай-ақ, туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістерін айқындады. Мемлекетаралық осындай басқосудың қарсаңында шекаралас аймақтарда өзара ынтымақтастық аясында бірқатар шаралар қолға алынды. Мұндай игі қадамдарды достық қатынасымыз қалыптасқан, іргеміз жарасқан Астрахан облысымен арадағы серіктестік байланыстардан көруге болады.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сайты Ақтау және Астрахан қалалары аралығында «Петр Великий» круиздік лайнері жүре бастайтындығын хабарлайды. Қазіргі уақытта Астраханның «Лотос» кеме жасау зауытында жасалып жатқан заманауи кеме алдағы уақытта Каспий теңізіндегі екі елдің портын жалғайтын болады. - Теңіз жолы екі мемлекет арасындағы туризм мен инвестиция тарту саласын өркендетеді деп күтілуде. Сондықтан, порттық айлақтардың инфрақұрылымын дамытуға күш салуымыз қажет. Бұл қадамымыз қазақстандықтарды да қызықтырады деген сенімдеміз. Жыл сайын ежелгі көршілеріміздің сан мыңдағаны қаламызға аяқ басады. Бірі өңірімізге туристік сапарлармен келсе, енді бірі жергілікті клиникалардан ем алуға келеді. Мәселен, 2017 жылы төрт мыңнан астам Қазақстан азаматы астрахандық дәрігерлердің көмегіне жүгініпті, - деген Астрахан облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов қазіргі уақыттағы көрші екі елдің әуедегі және жердегі халықаралық жолаушылар тасымалына теңіз жолының да септігі мол болатынын жеткізді.

Келер жылы құрылысы басталатын Атырау-Астрахан автомобиль жолын салу жобасына астрахандық компаниялар да өз үлестерін қосады. Бұл туралы Астрахан облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов пен Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы консулы Қанат Шекқалиевпен арадағы кездесуде белгілі болды. Қазақстанның қаржысына салынатын 350 шақырымдық жолдың бүгінде 60 шақырымының құрылысын жүргізетін мердігер анықталды. Жаңа транзиттік дәлізге жол ашатын автотрасса елімізді Қара теңіз порттарымен, Кавказ бен Еуропамен жалғайды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік жолдың құрамдасы ретінде Орта Азия мемлекеттеріне шығуға мүмкіндік береді. Бұл жол құрылысы жолаушылар және жүк тасымалымен қатар туризмнің дамуына да пайдасын көп тигізеді.

Форумда көтерілген екі елдің туризм саласын дамыту мәселесіне алып-қосарымыз ежелгі Астархан өңірі де, Құрманғазы топырағы да өзінің киелі жерлерімен, тамаша табиғатымен, көне мәдени ескерткіштерімен, әсем қала ғимараттарымен қызықтыра алады. Газет оқырмандары күйші бабамыз мәңгілік дамылдаған Алтынжардағы Құрманғазы атындағы қазақ мәдени орталығымен, Кіші аралдағы Сейіт баба мен Бөкей хан кесенесімен жақсы таныс болса, одан басқа ХІІІ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған көне Хажытарханның (қазіргі Астрахан) туристерді тарта түсер тамаша жерлері өте көп. Қала ішіндегі әйгілі Астрахан кремлі, басқа да көне ғимараттар, тарихи-өлкетану мұражайлары, Басқұншақтың тұзды көлі, Боғда тауындағы карст үңгірлері, Еділ бойының ен тоғайлары, өзен сағаларындағы Каспий маңы лотос гүлдері алаңы бар, айта берсең, аймақта көз тартар орындар жетерлік. Бір айта кетерлігі, мұнда туристік инфрақұрылымдар өте жақсы дамыған, демалыс базалары, қонақ үйлер, басқа да көпшілік орындар келушілерге жоғары сервистік қызметін ұсынады. Ресейлік кинорежиссер Андрей Прошкиннің «Орда» кинофильмінің декорациялық түсірілім алаңын да «Сарай-Бату» туристік комплексіне айналдырып, жақсы табыс тауып отыр. Бұл жағынан ежелгі көршілерімізден үйренер нәрсеміз өте көп.

Өзіміздің қыр бойындағы Ойықты, Кененбай үңгірін, Тастөбе шайқасы өткен жерді, Қиғаш өзеніндегі тұңғиықгүлдер сияқты адамның қызығушылығын оятар жерлерді туристік орындарға айналдыру қажеттігі айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, бірді-екілі әуесқой балық аулау базасы болмаса, қолға алынып жатқан шаруа жоқтың қасы. Өзіміз табыс көзі болар туристік жобаларға ұйытқы болып, мемлекетаралық дәрежеде көтеріліп отырған туризм индустриясын дамытуға үлес қосатын кез жетті. Бұл іске батыл идеяларын еркін жүзеге асыратын іскер азаматтар, туған жерінің нағыз патриоттары керек-ақ.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521