Бірлігі мығым, тірлігі ортақ көршіміз...

(0 Votes)

Ресей мен Қазақстан ежелден іргесі жарасқан көршілер. Арғы тарихқа үңілмей бергі жағынан бастасақ, өзара қарым-қатынас еліміз егемендік алғаннан кейін де үзілмеді.

Өзге өңірді білмедім, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарда аудан халқының дені Астрахан шаһарына балық тасып күн көрді. Арасында өзіміз де болдық. Сол ауыр жылдардан бізді осы қала мен өзендеріміздің балығы алып шыққанын ұмытқанымыз жоқ. Мемлекетіміз ол кезде жаңа құрылып жатты, халыққа қарасатын бүгінгідей қоры да болмаған еді. Ресейдің де жағдайы оңып тұрмаған. Айналымда құнсыз ақшалар жүрді. Іргелес елдің шекарашылары қызыл балықтан басқаның бәрін өткізетін. Олар автобусқа кіріп құжат тексереді де: «Жүре беріңдер» деп қолды бір сілтейді. Сөмке-сөмке кепкен балықпен барған автобус қайтарда қап-қап етіп тиелген картоп, қырыққабат, пияз және басқаларымен толатын. Солардың үстіне, арасына отырып келетініміз көп адамдардың есінде шығар. Кейде балық өткізіп, қала аралап жүргенде автобусқа үлгермейміз. «Волгоград-Бейнеу» пойызына мінеміз. Пойыз тоқтасымен күтіп тұрған халық лап қояды. Ресейлік полициялар жолсеріктерге көмектесіп бір вагоннан түсіріп жатса, жүгіріп екіншісіне барамыз. Біреулер вагонге кірісімен терезесін ашып, екіншілері сол арқылы ішіне еніп жатады. Бәрі де Астраханға келген біздің аудан мен Атырау қаласының тұрғындары. Мінісімен сөмкелерін вагонның жоғары жағына лақтырып, плацкартта келе жатқандардың аяқ жағына жайғасады. Сәлден кейін жолсеріктер кіріп, бәрінен ақша жинайды. Сөйтіп, халық дорба арқалап, Ресей мен екі ортаға қатынап нан-шәйлығын айырды.

Айта кетер жайт, сол кездегі ресейлік полицейлер қазақстандықтарға түсіністікпен қарады. Басқаны білмеймін маған солай көрінді. Өз басымнан өткен екі жағдайды мысалға келтірейін. Біріншісінде қала көшесінде кепкен балық сатып болып аялдамаға бет алғанымда екі полицей ұшыраса кетті. Мен ол кезде төлқұжатымдағы 16 жастағы фотомды ауыстырмағанмын. Бұған дейін де 2-3 рет тоқтатып ескерткен. Бұл жолы бірден қаланың Киров ауданындағы полиция бөлімшесіне апарып, кезекшіге тапсырып кетті. Жарты сағаттан кейін бе екен төлқұжат үстелінің бастығына кіргізді. Ол не себепті фотосуретімді өзгертпей жүргенімді сұрады. Мен болсам ақталу мақсатымен ауылда жұмыс жоқ екенін, фотоға түсіретін орын да жабылып қалғанын (аудан орталығында болды) айттым. Полиция офицері мені тыңдағаннан кейін: -Ондай сылтау айтпаңыз. Ауылда жоқ болса қаланың кез келген бұрышында бар. Соған кіріп неге түспейсіз? Көп болса бір сағат уақытыңыз кетер. Жұмыс жоғы түсінікті, қазір сондай қиын заман. Сол себепті біз сіздердің ешқандай құжат алмастан сауда жасауларыңызға мүмкіндік беріп отырмыз. Балықты базарға тұрмай көшеде сатып жүргендеріңізге де көз жұма қарап келеміз. Қаласақ бәріңізді де ұстап айыппұл салу қолымызда. Соны түсініп ең болмаса құжаттарыңызды дұрыстап жүріңіздер. Қазір боссыз, бірақ фотосуретіңіз ауыспаса келесі жолы үш тәулікке қамаймыз, - деді. Ауылға келген соң фотосуретімді өзгерттім. Одан кейін екі сөмке сазанды базардан сатып алып апарып, пойыздан түскен бойда ұсталдым. Онда да ресейлік құқық қорғаушылар кешіріммен қарап, айыппұл салмай босатып, «тауарымды» сатып қайттым. Екеуінде де олар менен ештеңе сұрамады. Мұндай жағдай жалғыз менің басымнан өткен жоқ. «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа», деген сөз бар ғой.

Ресми жағына келсек, 1993 жылы Тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет Атырау қаласына іссапармен қадам басқан Астрахань облысы әкімінің І орынбасары А.Жилкин бастаған делегация ауданымызда болып баспасөз конференциясын өткізді. Онда ауданды Ресейдің кейбір тауарларымен қамту, мәдениет саласындағы байланысты нығайту, Азғыр өңіріндегі сырқаттарды Астрахань, Харабайлы қалаларында емдету мәселелері қозғалды. Баспасөз конференциясында А.Жилкинмен қатар Красный Яр, Харабайлы аудандарының басшылары В.Савкин мен С.Востриковтер сөз сөйлеп, екі-үш жақты келісім жасап, тығыз әлеуметтік-экономикалық байланысты орнатуға әзір екендіктерін білдірді. Сол қарым-қатынас әлі күнге жалғасуда. Астрахандық кәсіпкерлер ауданға келіп, біздегілер оларға барып тонның ішкі бауындай араласуда. Бірнеше жыл қатарынан өзара меморандумдарға қол қойылып келеді.

2017 жылы іргелес орналасқан, ежелден тату көршіміз, өзара ынтымақтастығымыз жарасқан Ресей Федерациясының Астрахань облысымен арадағы қарым-қатынасымыз да дами түсті. Бізде өткен түрлі мерекелік шараларға ресейлік қонақтар қатысады. Өздерінде ұйымдастырылса оған құрманғазылықтарды шақырады. Наурыз тойында, ауданның мерейлі шақтарында олар ортамыздан табылып, тазалық сақтау бағытында ұйымдастырылған іс-шараларға атсалысады. Аз-кем тоқталсақ ауданымыздағы 2017 жылы тамызда Қиғаш ауылдық округінде «Таза жағалау» акциясы өткен болатын. Оған Астрахань облысының табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау қызметі басшысының орынбасары Марина Галкина, Красный Яр муниципиалдық білім беру бөлімінің басшысы Нұрғали Байтеміров, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев қатысты. Нәтижесінде өзеннің екі жағалауы тазаланып, шырайы кірді.

Сол жылы қыркүйек айында Астрахань облысының Нариманов ауданында қандастарымыздың ұйымдастыруымен «Жолдастық той» мәдени-спорттық ұлттық шарасы өтті. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған бұл шараға аудан әкімінің орынбасарлары Өркен Тәжібаев, Жастілек Хасанов, Бірлік, Байда, Қиғаш ауылдық округтерінің әкімдері Бауыржан Ақбанов, Бекес Сәрсенғалиев, Айдарбек Зиноллаев, аудандық ішкі саясат, білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары Жалғасбай Шамбозов, Гүлфара Құбаева, Зияда Жоламанова барып қайтты. Бұл шараға аталған облыстың Ахтуба, Володар, Енотаев, Икряный, Камызяк, Красный Яр, Лиман, Нариманов, Приволжск, Харабали, Чернояр аудандарынан және Ресей құрамындағы өзге де ұлттық республикалардан келген қандастарымыз бен басқа да ұлт өкілдері қатысты. Нариманов ауданының басшылары тойға арнайы түрде Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Роза Рымбаеваны да шақырыпты. Ашық аспан астында өткен концертке халық көп жиналды. Қазақстаннан барған қонақтарға қандастарымыз бен Нариманов ауданы басшылығы қолдарынан келген құрметін көрсетуден тартынып қалмады. Кездесу жақсы өтті.

Одан кейін Атырау қаласынан бір топ домбырашылар Алтынжарға барды. Ресейлік бауырларымыз бізді Қараөзектен дәм-тұзбен қарсылады. Алтынжардағы Құрманғазы бабамыздың мұражай кешеніне келгенімізде жағалай сап түзеген, ұлттық киім киген оқушылардың арасымен алып өтіп, ақ ұсынды. Концерттік бағдарламадан кейін арнайы қонақасы берді. Биыл жазда, балықшылар күнінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге Астрахань облысының Красный Яр ауданының кәсіпкерлері де қатысты. Олар ертемен ұйымдасып келіп, өздеріне бөлінген орындарға орналасып алыпты. Барлық құрал-жабдықтарын өздерімен бірге әкелген. Ешкімнен ештеңе сұрап жатырған жоқ. Тіпті бір жерде жартылай киіз үй пішінінде шағын мұражай ұйымдастырып, оның ішіне қазақтың ат-әбзелдерін, самаурын, басқа да құралдарын қойыпты. Есік алдындағы екі орыс жігітінің үстінде қазақы шапан. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров олардың мұнысына риза болғанын кезінде жазғанбыз. Жалпы іргелес екі елдің өзара қарым-қатынасына қатысты біраз мысалдар келтіруге болады. Бірақ, осымен шектелейік. Ресеймен достығымызға сызат түспей қапталдаса дами берейік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521