Мұғалім қолбалаға айналмауы тиіс

Саясат

Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесін қамтыды.

Табыс пен тұрмыс сапасына кең көңіл бөлінді. Әсіресе, білім берудің түйткілдері, мұғалім мәртебесі жайлы айтылған Президент сөзі өте құптарлық. Ұстаздардың артық жұмыстарға жегіліп, ретсіз тексерулерге ұшырап жүретіні ащы да болса шындық. Олардың басты мақсаты – ел болашағы білімді жас өскінді өсіріп шығару. Педагог осы ісін алаңсыз атқаруы тиіс. Міне, Президент осыған жете мән берді. Бұл ретте келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданатыны белгілі болды.

«Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шаралар қарастырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгеді: сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Оларды артық жұмыстан босату керек. Мұғалімдер сабаққа ғана дайындалу керек,» – деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, Президент үш ауысымды және мектеп тапшылығын шешу үшін қосымша қаражат бөлуді тапсырды.Үнемі ұстаздар қауымын басты назарда ұстайтын Ұлт Көшбасшысы бұл жолы да білім саласына соны серпін мен мұғалімдер қауымына ерекше жігер беріп, олардың еңсесін осылайша бір көтеріп тастады.

Бұдан өзге, шетелге, әсіресе Ресейге кетіп жатқан жастардың көптігіне алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке: - Жарайды, солтүстік өңірлердің жағдайы белгілі. Бірақ, соңғы кездері Алматы, Талдықорған облыстарының жастары сол жаққа кете бастады. Неге? – деген сауал қойды.

Ерлан Сағадиев мырзаның айтуынша, жастар көрші елдерге оқуға кетсе де, көбісі елге қайтып оралады екен. Мәселен, бүгінде Ресейге оқуға кеткен жастардың тек жеті пайызы ғана сол елде қалып қойған. Білім министрінің жауабына қанағаттанбаған Елбасы ел ішінде оқу-білім саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Біздер ұстаздар қауымы Елбасының Жолдауын қызу қолдай отырып, білімді, жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, еліміздің бағындырар белестері әлі алда екеніне кәміл сенеміз.

Венера Хайдарова,

М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі