Ар мен заңға бағыну – төл міндетіміз

Саясат

Бәзбіреуден қарызын ала алмай жүргендер, жазықсыз жапа шеккендер, одан қалды алаяқтар арбауына түсіп қалғандар пана іздеп, көмек сұрап сот алдына арызданып барады. Адам тағдырына жауапты мамандардың бүгінгі болмыс-бітімі хақында аудандық сот төрағасы Ерболат Аманғалиевті әңгі-меге тартқан едік...

Қай қызметтің болмасын өз жауапкершілігі бар. Ал, сот саласындағылар адам тағдырына жауапты. Мойынға әділеттің қамытын киген саланың бүгінгі көрінісі қандай? Ел сенімі қаншалықты ақталуда?

-Қазіргі кезде сот процестері барынша ашық және халыққа қолжетімді. Кез келген адам тікелей не заманауи технологияларды пайдаланып сотқа арыздана алады, азаматтардың өз құқықтарын сотта қорғауына кедергі жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі — сот төрелігінің әділдігі. Құқықтық мемлекеттердің бәрінде адам тағдырының шешілер жері де, жазаатаулының кесілер жері де сот. Дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата заңымызда да, дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі заман билерінің бұра тартуға да, жаза басуға да құқы жоқ.Оны абыроймен орындау үшін ешкімге жалтақтамай, жалбақтамай, тек заң мен арға ғана бағынып, бар білім, білігімізбен халыққа адал қызмет етуіміз керек. Қазіргі кезде соттың жұмысы баршаға мәлім. Заманауи технологиялардың көмегімен әр азамат электронды түрде сотқа арызын ұсынып, оның қозғалысын кедергісіз бақылай алады. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін жүйедегі жаңа өзгерістер қоғамның сот¬ қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Бұл мәселеге Елбасының да ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.

2018 жылдың І жартыжылдығында азаматтық істер бойынша соттың өндірісіне 290 арыз, 2 азаматтық іс түсті. Сонымен қатар, алдыңғы есеп беру кезеңінен қалған 25 қалдық іс болды. Оның ішінен 2 арыз қабылдаудан бас тартылып, 14-і кері қайтарылды, 222 азаматтық іс қозғалды. Аяқталған 263 азаматтық істердің 50-і бойынша сот бұйрығы, 165 іске шешім шығарылды,39 іс өндірістен қысқартылды. Қысқартылғандардан 6 іске бітімгершілік келісімшарты бекітілді. 8 іс қараусыз қалдырылып, 1 іс соттылығы бойынша қайтарылды, 35-і қалдыққа жіберілді. Оңайлатылған тәртіппен 79 азаматтық іс ретке келтіріліп, 1-еуі өндіріске біріктірілді. Бейне-дыбыс жазбасы арқылы 132 іс қаралып, 29 іс бойынша медиациялық келісімшарт бекітілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге келер болсақ, аталған мерзім ішінде аудандық сотқа 467 әкімшілік іс түсіп, оның 455-і қаралып, аяқталды. 10-ы қалдыққа қалдырылып, 1-еуі өндіріске біріктірілді. Есепті кезеңде 48 іс қысқартылса, оның 33-і медиатордың көмегімен жүзеге асты. Аталмыш істер бойынша 2017 жылдың І жартыжылдығында 3 жеке қаулы шығарылса, биыл оның саны екі есеге ұлғайып отыр. 2018 жылдың 6 айында аудандық соттың өндірісіне 56 адамға қатысты 50 қылмыстық іс түсті. Оның ішінде 24 іс үкім шығарумен қаралды. 16-сы өндірістен қысқартылып, 12-і тараптардың татуласуымен аяқталды. Сотталушылардың іздестірілуіне байланысты 3 іс прокурорға қайтарылды. Сонымен қатар, 29 адамға қатысты24 іс үкім шығарумен қаралды. 6 адамға айыппұл, 2-еуіне қоғамдық, 18-іне бас бостандығын шектеу, 3 –еуіне шартты жаза тағайындалды. 17 адамға қатысты 16 қылмыстық іс қысқартылды. Оның ішінде 16 адамға қатысты 15 іс жәбірленушімен татуласуына байланысты болса, 1-еуі жауапкершілікке тарту мерзімі өтуіне орай тоқтатылды.

- Деректерге сүйенсек, елімізде әрбір бесінші адамның сотқа қатысы болады. Бұл салада бұрынғыдай қағазбастылық немесе құжаттарын алу үшін азаматтарды сандалту қаншалықты жойылды? Осы тұрғыда сот өндірісіндегі цифрлық жаңашылдықтар жөнінде айтып өтсеңіз.

- Сот саласындағы электрондық – ақпараттық технологиялар бүгінде соттық қорғаудың ашықтығы мен тиімділігінің жаңа деңгейін құрып, сот өндірісінің дамуына ықпал етті. Қазіргі уақытта сот жүйесінің жаңғыртылған интернет-ресурстары, сот процесінің қатысушыларын SMS-хабарлама және электрондық пошта арқылы хабарландыру жүйесі, «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау кестелері», «Сот кабинеті», «Сот шақыру қағазы» сервистері, 1401 бірыңғай нөмірі бар сот органдарының Call-орталығы белсенді қызмет етеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты төмендетіп, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге ықпал етеді. Сонымен қатар, сот отырыстарын электронды қадағалап, процес хаттамасының толықтығын қамтитын дыбыс-бейне таспалар орнатылды. Дыбыс-бейне жүйесі сот отырыстарының уақтылы басталмауы тәрізді проблемалармен күресуге мүмкіндік туғызды. Жүйе сот процесінің ашықтығын көрсетіп, сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырды. Осы орайда, «Сот кабинеті» жүйесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн.

«Сот кабинеті» сервисі 2014 жылдың маусым айында ҚР Жоғарғы Сотымен енгізілді. Ол онлайн режимде талап арыз, жүгінулер, пікірлер, шағымдар, қарсы талаптар беруге мүмкіндік береді. Одан басқа, Интернет арқылы істің өтуін қашықтан қадағалауға болады. Осының барлығы үйден немесе кеңседен шықпастан жүзеге асырылады. «Сот кабинетінің» мүмкіндіктері соттың жұмыстарын нақты регламенттейді. Азамат сотқа тек бір рет – сот отырысына қатысу үшін келеді.

- Медиация қаншалықты қолданыста? Сотқа дейін жеткізбей шешу жолдарын насихаттауда бүгінгі нәтиже қандай?

-Кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен, сотқа дейін шешу - қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде бір мәмілеге келеді. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев халыққа жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 26,33-қадамдарында атап өтті. Татуластыру рәсімдерін қолдану азаматтар үшін де, сот үшін де тиімді. Сотқа тиімді болатыны — бітімгершілікпен бітетін істер азаматтық істер санын азайтады. Сол арқылы судьялардың жүктемесі кеміп, басқаларға көбірек көңіл бөлуге, бос уақытында ізденуіне жол ашылады. Сонымен қатар, тараптарды татуластыру азаматтар арасындағы сыйластықты сақтауға да ықпалды. Болмашы нәрсе үшін жақыныңды жатқа айналдыру, көршіңді қас жау ету кімге керек?

Міне, сотқа арыз жазбас бұрын жұртшылық осыған мән беруі керек. Мүмкіндік болса, ағайынның көмегіне, ақсақалдар алқасының талқысына салсын. Болмаса медиаторларға жүгінсін. Қалай болғанда да кез-келген адам өз дауының ауыр салдарсыз, ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген екен қазақ атам. Соңғы уақытта ынтымақтаса жасаған жұмысымыздың көрсеткіші көңіл қуантады. Оны жаңа жоғарыда атап көрсеткенімдей, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің біразы кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен тараптардың татуласуы арқылы жүзеге асты. Аудандық сотта бұл бағытта үнемі дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылады. Ынтымақтастық туралы аудандық сот, ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесі, жергілікті полиция қызметі және кәсіпқой емес медиаторлар арасында меморандум жасалды. Жақында облыстық соттың ұйымдастыруымен «Медиация артықшылықтары» тақырыбында ауқымды семинар өтті. Бұл жерде облыстан келген лауазым өкілдері медиацияны одан әрі дамыту бағытында аудан тұрғындарына татуласу рәсімдері мен медиация туралы, оның ішінде медиация мен партисипативтік келісімдерін насихаттау және дауды сотқа дейін татуласу арқылы шешудің тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қатысушылардың толғандырған сұрақтарына тұшымды жауаптарын берді. Семинар барысында аудандық билер кеңесінің құрылғаны хабардар етілді. Оның төрағасы болып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев сайланды. Кеңестің негізгі міндеті – медиация институтын біріктіру, билер сотын қайтару және қазақстандық бірегейлікті жетілдіру, «Мәңгілік ел» бүкілхалықтық патриоттық идеясын жүзеге асыру болып табылады.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан Айнагүл Шакупова