Гастарбайтерлер: «Қазақстанда жұмыс жасаған тиімді»

Саясат

Бұған дейін Елбасымыздың «Қазақстан Республикасының еңбек көші-қонына қатысты заңнамалық актілеріне кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны белгілі.

 

Заңның таныстырылымында ішкі істер министрлігі оның мақсаты еңбек мигранттарын «көлеңкелі сектордан» шығарып,олардың заңды түрде жұмыс жасауын, еліміз ішіндегі қозғалысы мен тіркелуін жеңілдету, салық төлеулеріне қажетті жағдайлар туғызу екенін жеткізді. Сонымен қатар министрлік жаңа құжат елімізге заңсыз еңбек мигранттарының ағылуын шектеп, ішкі еңбек нарығын қорғайтынын, бюджеттік салық түсімдерін арттыратынын алға тартты. Облыстық әкімдіктер жанынан шетелдік жұмыс күші үшін рұқсат беретін комиссиялар да құрылған. Десек те, заңның әлі де жетілдіре түсетін тұстары баршылық.

Бүгінгі таңда Қазақстанда өзге Орта Азиялық елдермен салыстырғанда әлеуметтік-экономикалық даму жоғары деңгейде. Елбасымыз жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде жыл сайын халықтың әл-ауқаты жақсаруда. Осындай жағдай сырттан келетін еңбек мигранттарын еріксіз қызықтырады. Ресми деректерге сүйенсек шетелдік мамандар саны жалпы еңбек нарығының тек 0,4%-ын құрайды, яғни елімізде 36 мың шетелдік жұмыс жасайды. Оның 64%-ға жуығы – жоғары білікті қызметкерлер, яғни топ-менеджерлер, орта буын басшылары, 36%-ы білікті мамандар еріксіз және маусымдық шетелдік қызметкерлер. Оған қоса, шетелдік жұмыс күші тартылатын кәсіпорындарда Қазақстан азаматтарының 92%-ы жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда өзге елдерден келген мамандардың бізде тұру мерзіміне тоқталсақ, жыл сайын жұмыс жасауға рұқсаттама берілген жағдайда 3 жылды құрайды. Және де шетелдік менеджерлер мен бір компания аясындағы мамандар санына 50% шектеу қолданылады. Бүгінде елімізде жеке адамның бес гастарбайтерді жалдауына заң жүзінде рұқсат етілген. Шеттен келетін жұмысшылар жаңа заңға сәйкес тіркелуге, салық төлеуге қарсы емес. Алайда олар тіркеу рәсімдерін кейбіреулердің «ақша табу әдісіне» айналдырып алуы мүмкін деп алаңдайды.

Өзбекстандық Дильшат елімізге алғаш рет 2012 жылы келген. Бұған дейін ол жыл сайын Ресейде жалдамалы жұмыс жасапты. «Үйленгеннен соң үш айдан кейін отбасымды асырау мақсатымен Ресейге кеттім. Онда екі жыл жарым жұмыс жасап келгенімде кішкентай қызым мені танымай, бір апта үйрене алмай жүрді. Қазақстанда жұмыс жасағанның мен үшін тиімдісі жылына бір рет Өзбекстанға барып тұрамын. Ай сайын тапқан табысымды жинап, елде қалған отбасыма жіберемін. Ол біздің елдің ақшасымен біраз қаржы. Мұнда жұмыс жасаған тиімді болғанымен бізді жалдаушылар да мемлекеттік органдардан рұқсат алу үшін біраз шығындалады екен, Ресейде ондай жоқ», - дейді. Атын атамауды өтінген тағы бір өзбек гастарбайтері: «Әрине, бұл заңды қолдаймыз. Еркін жүріп жұмыс жасағанға не жетсін. Қазір менің полиция көзіне түсіп қалмас үшін жасырынып жүргеніме тоғыз ай болды, - деп Қазақстанда жүруге рұқсат етілген құжатты алу ақылы екенін және оның құнын екі есе етіп төлейтінін жеткізді. Ержан есімді қазақстандық құрылыс жұмыстарына 13 жылдан бері шетелдік жұмысшыларды жалдап келеді. «Өзбекстаннан келгендер отандастарымызға қарағанда жалақыны аз сұрайды. Әрі құрылыс басында қонып, уақытпен санаспай жұмыс жасайды. Жаңа заң арқылы Үкімет шетелдіктердің орнына өзіміздің азаматтарды көбірек тартуды көздеген де шығар. Оған біз қарсы емеспіз. Бізді ойландыратыны осында туыстары бар оралмандар есепке тұра алмай жүргенде, оңайға түспейтін өзбекстандық, қырғызстандық жұмысшыларды өз атына тіркетуді кім мойнына алады? Алға қарай бұл жұмысты жеңілдету қажет. Әйтпесе, қазір біз жалдаған шетелдік жұмысшылар артық қадам жасауға қорқады. Көшеге шықса құқық қорғау органдары ұстап алып, елдеріне қайтарып жібереді. Заңға өзгеріс енгізу керек», - дейді.

Деректер көзінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ.