"Біздің қатарымызда кездейсоқ жандар болмауы тиіс"

Саясат

«Бірыңғай партия күндеріне» орай аудандық мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық партия филиалының активімен кездесу мәжілісі өтті.

Оны аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ашып жүргізді. Жиналысқа «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы Төрағасының орынбасары - Қарабаев Бақберген Қасымұлы , Атырау облыстық мәслихатының депутаты - Сұлтанов Сабыржан Қыдырсихұлы, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі - Жайлаубаева Данагүл Бақытжанқызы, «Жас Отан» ЖҚ-ның Атырау облыстық филиалының төрағасы - Ғилажев Ринат Маратұлы қатысты.

Алдымен төраға осы мәжілісте ұйымдық мәселе қаралатынын айта келе, «Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Жанханов Жігердің бір жылдай жұмыс жасап, арызына сәйкес босағанын айтты. Оның орнына партия филиалы төрағасының орынбасары болып, облыс әкімінің ұсынысымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы басшылығының бұйрығымен Өмірболат Өтегенұлы Есенғазиевтың тағайындалғанын қаперледі.

Филиал төрағасы Бибоз Шаяхметов күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, дауысқа салғаннан кейін сөзді Бақберген Қарабаев мырзаға беріп, оның «Партиялық жаңғыру жоспарының облысымызда орындалысы туралы» баяндайтынын назарға берді. – Жаңа жобалардың барлығы Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партия қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмасы бойынша дайындалған. Біз – нұротандықтар аталған бастамаларды дереу жүзеге асырып қана қоймай, көп ұзамай олардың нәтижесін де көрсетуіміз керек. Соның ішінде республика бойынша ашылатын 1000 IT-сынып пен 20 IT -орталықтың маңызы зор. Аталған жобалар партияның елімізді цифрландыру ісіне қосқан нақты үлесі болмақ. Өңірде «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру», шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы мен облыстық білім беру басқармасы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау өңірлік филиалы арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Жаңа партиялық жобаларды іске асыру алгоритмі жасақталып, тиісті атқарушы мекеме басшыларына таныстырылды.

Аталған партиялық жобалардың аясында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаевтың тапсырмаларынан арнайы өңірлік желілік кесте бекітілді. Аталған жобалар партияның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі болмақ. Жаңа партиялық жобалар партияға деген сенімді күшейтуге, еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және партия қызметін жаңғыртып, оның жұмысына заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.

Одан әрі Бақберген Қасымұлы Елбасымыздың кеңейтілген кеңесте кадрлық резервті қалыптастыруды, партияның менеджментті алға қойғанына тоқталды. Заңнамаға өзгерістер енгізу, қаржылық шығындарды жоюды жетілдіру, кадрлық резервті қалыптастырғанда бірер адаммен шектелмей оның санын көбейту қажеттігін атады. – Сіздерге түрлі жобалар жіберілді, оны кең түрде талқылай отырып, ұсыныс бересіздер. Елбасы тапсырмасына сай бюджет қаржысын қадағалау, партия бақылауында болуы керек. Осыған араласуға тиіссіздер. Елбасы бізге мүшелердің санын емес, сапасын арттыруды міндеттеді. Партия қатары кездейсоқ адамдардан тазару үстінде. Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысы барлар аласталды, бес мыңдай адам күні бүгін «Нұр Отанның» мүшелігінен босатылды. Одан әрі партия мүшелерін түрлі мерзімге курстарға жіберу арқылы білімін көтеру алда тұрғанына тоқталды. – Бұрын тоғыз жобамен жұмыс жасап келсек, енді 22 жоба ауқымында қызметтенетін боламыз, - деді.

«Партияның жаңа бастамашыл жобалары туралы» «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жайлаубаева Данагүл баяндады. – Желілік кестеге сәйкес облыс көлемінде балаларға арналған 10 IT сыныбы анықталып, онда 8 жастан 16 жасқа дейінгі мектеп оқушылары бағдарламалау және робот- техникасының негіздері бойынша тереңдетілген тегін білім алады. Атап айтқанда, 2018 жылы -700, 2019 жылы -1500, 2020да - 2000 баланы оқыту жоспарланып отыр. Облыс бойынша белгіленген 10 IT-сыныптың 3-еуі Атырау қаласында, 7-еуі аудандарда. Аталған сыныптар материалдық- техникалық жағынан талаптарға сай жабдықталған. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ филиалы IT-сыныптар ашылған орындардағы жылдамдығы секундына 4 МБ-тан кем емес кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілуін түгендеуден өткізуі қажет.

Балаларға арналған тегін IT-сыныптарын іске қосу үшін негізгі оқыту бағдарламасы ретінде арнайы британдық Love to code бағдарламасының халықаралық білім франшизасын сатып алу қарастырылды. Бұған қосымша IT-сыныптарының одан әрі санын арттыру және оларды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлерді серіктестікке тарту қажеттілігі туындайды. Осы бағытты жергілікті мәслихаттардағы фракция мүшелері – депутаттарымыз да өз назарларына алуы тиіс. Сөз етіп отырған жобаларда мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілмек. Сол арқылы мектеп асханаларындағы оқушылардың сапалы тамақтануы назарға алынып, спорт алаңдары қайта қалпына келтіріледі. «Туған жер» акциясы аясында жергілікті жерде бизнес өкілдері, белгілі түлектерді, депутаттарды аталған жобаға тарту шаралары жоспарланды.

«Денсаулық» сабақтары облысымыздың барлық мектептерінде келесі оқу жылының 1 қыркүйегінен басталуы тиіс.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық берілді. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады.

Бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Кітаптардың жасақталған каталогы облыстық кітапхананың ресми сайтына орналастырылады. Ескеретін жайт, облыстық кітапхана өңірімізде басты үйлестіруші – координаторы болуы шарт, - деді хабарламашы.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі бойынша Атырау өңірінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтанов хабарлама жасады. Ол бірінші бастама бойынша облысымызда «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы негізінде 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 34-і, яғни 2164 пәтер осы жылдың аяғына дейін берілу жоспарланып отырғанына тоқталды.

- Облыста «7-20-25» бастамасы бойынша жалпы көлемі 1400 га болатын аумақ бөлінді. Жаңа ықшам аудандарда 25 мыңнан аса пәтерлік 430 көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Былтырғы жылы екінші деңгейлі банктер 8,6 млрд. теңгенің 860 несиесін берсе, биыл бұл көрсеткішті 2 есеге көбейту жоспарлануда, - деді. Екінші бастама туралы: - «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен жалақы алатын облыс бойынша 65 мыңдай адамның еңбек ақысын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 процент қана салық салынатын болады, - деп атап өтті. Үшінші бастамаға тоқталғанда өткен жылы облыстық бюджет есебінен 222 студент грантқа ие болса, биыл 300 грант берілгелі отырғанын қаперге берді. Бес әлеуметтік бастама аясында «ҚазТрансОйл» АҚ-ы Батыс филиалы 700 орындық жатақханасын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартып, аталған оқу орны бойынша мәселенің толықтай шешілгенін жеткізді. Колледждер бойынша жатақханаға мұқтаждықты шешу мақсатында 200 орындық екі бірдей жатақхананың құрылысы жүргізілуде,- деді. Төртінші, бесінші бастамалар туралы айтқанда мынаны қаперге берді: нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр 840 млн. теңгеге 146 жоба қаржыландырылса, ағымдағы жылы 1,6 млрд. теңгеге 266 жобаны қаржыландыру жоспарланды. Облыс халқының 96,8 пайызы табиғи газды тұтынады. 2020 жылға облыстың 280 елді мекенін, облыс халқының 99,6 пайызын газбен қамту міндеті қойылды. Өткен жылы Ресеймен шекаралас Азғыр аймағындағы 10 елді мекенді газдандыру жұмысы басталды. Ұзындығы 365 шақырым магистралды газ құбырының 116 шақырымы жүргізілді.

«Жас Отан» Жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажев атқарған жұмыстары, алдағы міндеттері туралы баяндады.

Баяндамалар, сұрақтар қою мен түсініктер беру аяқталғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев облыстық филиалдың Құрмет грамотасымен партия өміріне белсенді қатыстарына орай Нұржау бастауыш ұйымы төрағасының орынбасары Ғарифолла Мәжитовты, «Еңбекші» ет кешенінің директоры Біржан Кенжебаевты, партия ардагері Талғат Жаудинді, Крупская орта мектебінің директоры Шынар Истекованы марапаттады. Құрманғазы аудандық партия филиалының активімен кездесу мәжілісін оның төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов қорытындылады.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.