Банк пайданы, тұтынушы үйді ойлайды

Саясат

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттік бес әлеуметтік бастамасында» айтылғандар қарапайым халықтың, әсіресе жас отбасылардың қолайлы пәтерге қол жеткізу мүмкіндігіне барынша тиімді жол ашты.

Мәселен, Мемлекет басшысы ел аумағындағы тұрғын үй құрылысының даму қарқынын арттыратын, баспанаға ипотекалар арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ететін «7-20-25» бағдарламасын ұсынды.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» негізгі мақсаты халықтың осындай топтарының әлеуметтік әлеуетін жақсартуды көздейді. Бұл орайда, әрбір отбасының баспаналы болуының жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемелерін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханаларға деген сұранысын өтеу, шағын несие көлемін ұлғайту, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелер екенін көпшілік бірден қолдап әкетті. Осы бастамалардың ішіндегі халықтың күткені әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етудің «7-20-25» бағдарламасы екені де даусыз. Бұл бағдарламаның тетіктерін іс жүзінде жүзеге асыру кезеңінен бастап елімізде жеңілдетілген екі ипотекалық несие жұмыс істейтін болмақ. Біріншісі, «Нұрлы жер» бағдарламасының 10 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несие ставкасы болса, екіншісі, осы «7-20-25» бағдарламасының 7 пайыздық жеңілдетілген ипотека ставкасы. Бұлардың нәтижесінде еліміздегі тұрғын үй құрылысын салуға жаңа қарқын, тың серпін беріледі. Мамандардың пікірінше, еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 6 пайызы құрылыс индустриясының үлесіне тиетін болса, жаңа бағдарламаның тиімді тетіктері бұл үлесті бірден екі есеге, яғни 10-12 пайызға дейін арттыратыны айтылуда.

Сонымен халықты қолайлы баспанамен қамту үшін ипотекалық несиенің жалпыға бірдей қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдетілген 7 пайыздық ставка белгіленді. Бір ерекшелігі, бұған дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің қай-қайсысынан да 16-17 пайыздан төмен ипотекалық несие алу мүмкін емес еді. Сондай-ақ, банктер бастапқы жарна үшін баспана құнының 30 пайызынан жоғары алып келсе, жаңа бағдарлама бойынша ол 20 пайызға түсірілді. Ал, несиені қайтарудың мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Бұл дегеніңіз орташа жалақымен күн көретін жас отбасылардың қолжетімді баспанаға ие болулары үшін жасалып отырған үлкен қадам. 7 пайыздық ипотекалық несиелерді 25 жыл мерзімге бөліп төлеу тетігінің астарында мемлекет азаматтарының кем дегенде 25 жыл бойы тұрақты еңбекақысы бар жұмыс орнымен қамтылуы жатыр. Сондықтан да бұл ұзақ мерзімді ипотекалық несиелердің жас отбасыларға берілетіндігі белгілі. Демек мұны еліміздің болашағы үшін салынған инвес-тиция деп түсінген абзал.

Елбасының жаңа бастамасымен берілетін ипотекалық несиелер еліміздегі тұрғын үй құрылысының бұрынғыдан да қарқынды дамуына әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде басқа да салалардың жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыратын болады деп күтілуде. Тұрақты жұмысы, тиімді жалақысы бар, ең бастысы басында қолайлы баспанасы бар адамдардың еңбек өнімділігі де жоғары болары сөзсіз. Жақында қазақстандық екінші деңгейлі 7 «ЦентрКредит», «Халық», «Еуразия», «Цесна», АТФ, РБК және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша бағдарлама операторы - ҚР Ұлттық Банкінің 100% еншілесі «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-мен келісімге қол қойды. 2018 жылдың соңына дейін «Сбербанк» АҚ ЕБ пен «Форте Банк» қосылуға дайын. Бұл туралы Ұлттық банк Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаров брифингте мәлімдеді.

«7-20-25» бағдарламасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінде басталды, оның негізгі параметрлері - бастапқы жарнасы 20% болатын 25 жылға жылдық 7% мөлшеріндегі ипотекалық несие. Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалалары үшін несиелердің ең жоғарғы сомасы - 25 млн теңгені, басқа өңірлер бойынша - 15 млн теңге. Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен халыққа ипотекалық несие береді, оны кейін бағалы қағаздар нарығында облигация-ларды орналастыру есебімен «Баспана» ипотекалық ұйымы» сатып алады. Несиелер ұлттық валюта теңгемен беріледі. Бағдарламаға қатысудың міндетті шарттары - ҚР азаматтығы, баспанасының жоқтығы, тұрақты табысы болуы, басқа ипотекалық несиелердің жоқтығы. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. «7-20-25» бағдарламасына енді ғана салынған бастапқы тұрғын үй қатысады. Егер жаңа болса, жеке үй болуы да мүмкін. Несиені мерзімінен бұрын өтеуге болады, бұл жағдайда айыппұл салынбайтыны да айтылды. Ағымдағы жылдың 4 шілдесінде Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7 адам несие рәсімдеді. Алдағы уақытта нақты жұмыс жасай бастайтын бұл бағдарламаны жүзеге асыратын екінші деңгейлі коммерциялық банктер болғандықтан мемлекеттік органдар және Ұлттық банк тарапынан қажетті барлық талаптардың сақталуына қадағалау болуы тиіс. Әйтпесе, мұндай банктердің жатпай-тұрмай ойлағаны пайда табу екенін көпшілік біледі. Аузы күйіп қалғандардың айтары "банктер білместігімізді пайдаланып зар илетіп, сан соқтырып кетпесіне кім кепіл" дегенге саяды. Сондықтан да қарапайым халықтың сенімін нығайту мақсатында қаржы тетіктерін реттеп отыратын Ұлттық банкке үлкен жауапкершілік, зор міндет жүктелінуі қажет.

А.НӘЖІМОВ.