Құл саудасы толас таппауда

Саясат

Бес құрлыққа жағылған қара таңба құлдық пен адам саудасына қарсы күресті әлем елдері өткен ғасырда бастаған еді.

1926 жылы Женевада «Құлдық туралы конвенцияға» қол қойылды.1953 жылы Нью-Йорк қаласында бұл құжаттың бірқатар бөлімдері қатаңдатылып, аздаған өзгерістер енгізілді. 1957 жылы Женевада «Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы» қосымша конвенцияға қол қойылып, бұл заңдар біздің елімізде де ратификацияланған. Адам еңбегін қанау мен бала еңбегін пайдалануға қатаң тыйым салынып, құл саудасы өте ауыр қылмыстың қатарына жатқызылды. Осылайша, заң жүзінде алғанда Орталық Азия елдерінде ауыр қылмыстың бұл түріне барлық шектеулер жасалды. БҰҰ бастама көтеріп, «Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін» жариялап, жаһан жұртшылығының назарын осы мәселеге аударды. Тіпті, жыл сайын осы тақырыпта түрлі дөңгелек үстелдер мен халықаралық конференциялар өтіп, тамырын тереңге жайған қылмыстың бұл түрін болдырмауда баяндамалар жасалады. Десек те, құлдықтың өзегіне балта шабылмауда. Ашық түрде жүргізілмегенімен, жасырын іске асырылуда. Талайлардың көз жасы мен қарғысын арқалағандар тұтылып жатқанымен, бұдан өзгелер сабақ алмауда. Дамушы мемлекеттерді айтпағанда өркениеттің орталығы саналатын Еуропа елдерін де адам саудасы айналып өтпеуде.

Өкінішке орай, бұл Қазақстанда да бар. Адам саудасы бізге 1990 жылдардың басында, Одақ құлаған кезде енді. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның статистикалық мәліметтері бойынша, еліміз әлемдегі адам саудасы ең көп тіркелгендердің арасында көш бастап тұр. Құзырлы орындар да бізде адам саудасы жаппай сипатта болмағанымен, жыл сайын бұл бағыттағы қылмыстардың саны артуда екенін мойындайды. Бұған бір себеп, Қазақстанның география¬лық орналасуы мен экономикасының даму қарқыны. Орта Азияда, Ресеймен іргелес жатырмыз. Даму жағынан ТМД бойынша солтүстік көршіміз бен Қытай ғана алдымызға түседі. Сол себепті, көршілес мем¬лекеттерден жұмыс іздегендер бізге ағылады. Жұмыс сұрап келгендердің кейбірі адам сау¬¬дасының құрбанына айналаты¬нын өмір дәлелдеп отыр.

Жоғарыда аталған Хବлықаралық көші-қон ұйымы¬ның мәліметіне зер салсақ, шетел аза¬маттарының ішінде көп жағ¬дайда Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан келгендердің адам саудасының құрбанына айналуға бейім екенін байқаймыз. Десек те, соңғы уақытта Қазақстан аумағында Ресей, Қытай, Моң¬ғолия мен Беларусь және басқа да мемлекеттердің азаматтарының қаналу фактілері тіркелген. Өткен жылдары адам саудасы құрбан¬дарының Қазақстаннан Грекияға, Оңтүстік Кореяға, Францияға, Ита¬лия мен Португалияға, Бель¬гия мен Израильге және басқа да елдерге шығарылғанын ақпарат көздері жазды. Бүгінде еңбекпен қанаудың деңгейі анағұрлым жоғары. Тегін жұмыс күшін пайдаланғанды қалаушылар көп. Тіпті ауданымызда да жұмысын жасатып алып, ақысын төлеуге келгенде қашатындар барын естіп жатамыз.

Адам саудасының кең таралған түрі, әрбір жетінші құрбаны – кәмелетке толмаған қыз балалар мен жаңа туған нәрестелер. Жас қыздарды жыныстық құлдыққа салса, сәбилерді баласы жоқ байларға сатады. Қазір Еуропа елдерінде демографиялық ахуал жақсы емесі өздеріңізге мәлім. Бұл жиркенішті сауданың мүлдем жойылып кетпеуіне осы да себеп шығар. Барлық елдер біріге күрессе, оның жолын кеседі. Өкінішке орай, олай болмай тұр. Әзірге көне дәуірлерден бастау алған бұл сауданың адамзат тарихының өткен шақтарына көшер түрі байқалмайды. Себебі «Басқа елге барсам байып шыға келемін» деп құлдыққа түсетін адамдар жеткілікті.

Қанат ҒҰМАРОВ