Жанар деген есім Жанараға айналды

Сараптама

Кешегі өткен ата-бабаларымыз балаға есім беруде жүз ойланып, мың толғанып барып, бір тоқтамға келген. Есімнің тек атына ғана емес, оның маңыздылығына көңіл бөлген.

Халқымызда болмаса да ұқсап бақсын деген ниетпен ұлылардың атын қою дәстүрі қалыптасқан. Абай, Шәкәрім, Шоқан, Ыбырай, Ақан, Қабанбай, Бөгенбай, Қазыбек сынды белгілі тұлғалардың, иман жүзді мұсылман болсын деген ниетпен Дінмұхамед, Иманғали, Айша, Ибраһим, Мұхаммедәли есімдерін қойған.

Қазақ – өте ырымшыл халық. Әсіресе, баласы тұрмай, қайта-қайта шетінеп кеткен жандар қалай да дүниеге келген шақалағының ұзақ өмір сүруі үшін қандай қадамға да болсын барудан бас тартпаған. Мәселен, баласы тұрмаған әйел өз үйінен емес, басқа үйден жеңілденіп, көп құрсақ көтерген ананы кіндік шеше қылып ырымдаған. Тіпті, жүкті екенін жұрттан жасырып, төркінінен босанып, бала көз бен сөздің сұғынан аман болсын деген ниетпен оны Жаманбала, Қиқым деп жағымсыз есімдермен де атаған. Бала тоқтамай шетіней берсе, Тұрар, Тоқтаған сынды ат қойылады. Тіпті, кейбір жағдайда сәбидің кіндігін балтамен кесіп Балтабай, Балғабек, Балтагүл деген есімдерді де қойған. Ал Жаратқан тек қыз бере берген ата-ана ұл туғанын қаласа, қыздарына Ұлбике, Ұлмекен сынды есімдер береді. Асыл дініміздің алтын діңгегі Мұхаммед с.ғ.с. Пайғамбарымыз да алдына «өмірім қиыншылыққа толы, қайтсем жолым ашылады?» деп барған адамға «Есіміңді өзгерту» деп кеңес берген екен. Ендеше, нәрестенің атын қоюда өкінішке ұрынбаған жөн. Қызы көп отбасы Жаңылсын, Жаңылдық, Ұлбала, Ұлмекен, Ұлдай деген есімдерді жиі қояды. Бұның өзі халқымыздың оптимистік көзқарасын, алдағы күннен жақсылық күтуін білдіреді. Шындығында, осындай ат қойған қыздардан соң міндетті түрде шаңыраққа көптен күткен ұл бала дүниеге келіп жатады.

Ал бүгінде осы ырымдарымыз қалыс қалып бара жатқан сынды. Қазір сәбиге естіген құлаққа жағымды ат қоюға талпынады. Өз атының затын білмей жүргендер көп. Бүгінде - Жанар-«Жанара», Анар-«Анара», Әсел-«Аселя», Гүлмира-«Гуля», Айша – Аиша болып бұрмаланып кетті. Бұл жастарымыздың батысқа еліктеуінің әсері демеске амал жоқ. Ал, кейбір ата-аналар қызы мен ұлына орысша, тіпті, соңғы кезде еуропаша есімдер бере бастады. Қазір небір қаракөз қыздарымыз бен ұлдарымыз тілдерін шүлдірлетіп «Жасмин, Земфира, Диля, Диана, Дильназ, Даниял, Даниэль, Анжелина, т.б.» атаулар иеленіп жүр. Міне, осыдан келіп ата-аналар ешқандай мағынасыз есімдерді жаңа туылған перзенттеріне қалай лайықтайды деген ойға қалатынымыз рас. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылы көбінесе Раяна, Айзере, Айлин, Медина, Айару, Айша, Аяла, Амина есімдері берілсе, ұл балаларға Айсұлтан, Рамазан, Алихан, Нұрислам, Амир, Омар деген аттар қойылған. Бұдан байқайтынымыз соңғы уақытта балаға өзге ұлттардың кірме аттары жиі таңылатын болып жүр. Сонымен қатар, арабтектес есімдер де дінімізге байланысты кіріккен. Мәселен, түрік елінде ұлттық есімдердің қоры бар екен. Содан ғана таңдауға құқығың бар. Олар өзге елдің есімдерін қойдырмайды. Әлемде небір таңғаларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатады. Кейде ата-аналар сондай бір оқиғаларға үн қосу үшін дүние есігін ашқан сәбиге есім береді. Съезбек, Саммит, Сайлаубек, Олимпиада сияқты саяси науқандарға арналған есімдер қойылған. Жеті жасар Азиада деген қыз бар екен. Ол 2011 жылы туған. Саммитхан деген бала 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммитінің құрметіне қойылған есім. Адамның болашағы есіміне де байланысты екенін психологтар дәлелдеген. Сонымен қатар ол тұлғалық бейнесіне де әсер ететінін ғалымдар болжап берген. Сәбиді айтылуы мен жазылуы көркем, әдемі есімдермен атаса, оның тұлғасы соған сәйкестене түседі. Сондықтан ата-аналар сәбиге есім бергенде ойлануы қажет-ақ.

Халқымыздың небір ғажап қазақы есімдерін перзентіне қоюға бүгінгі буын неге сонша жатырқайды?! Не болмаса, ұлы бабаларымыздың құрметіне орай шақалаққа ат беруге әбден болады. Бұл әрине біріншіден тарихқа тағзым етудің жарқын үлгісі саналса, екіншіден қазақы есімдердің бүгінгі жаһандану заманында жер бетінен жоғалып кетпеуіне айрықша септігін тигізері анық. Ұлты қазақ, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматының есімі өзге тілде аталса, ондай жанның бойынан отаншыл, намысшыл қасиеттерді көре алмаймыз. Дүние жүзінің барлық елдерінде, адам аттарында өздерінің ұлттық ерекшеліктері болады. Мұндайда есім иесінің түрін көрмей, тілін тексермей-ақ қай ұлттан тараған адам екенін айырып, айта аламыз. Батыр атамыз Бауыржанның қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес Одағы кезінде «Мен Момышұлымын» деп қасқайып қарсы тұруы нені көрсетеді?! Оның астарында аса маңызды елдік мүдде, көзіңнің қарашығындай қорғалуға тиісті қазақ ұлтының ары мен намысы жатыр емес пе?! Бауыржан атамыз қастерлі ата-бабасының есіміне орыстың «ов»-ын қосу құлдықтың айқын белгісі екенін жақсы білді. Дәстүрлі дінімізде балаға ат қойғанда әдемі есімдерді таңдау дұрыс саналады. Бұл туралы Ержан қажы Малғажыұлының пікірі мынадай: «Баланың атын таңдап қоюға ең бірінші оның әкесі лайықты. Дейтұрғанмен, әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға рұқсат бере алады. Мысалы, атасына, әжесіне немесе әулеттегі құрметті ақсақалға, не болмаса танымал тұлғаға, т.б. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын қазақы салт-дәстүр бойынша баланың атын көбіне ата-әжелер қойып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – дұрыс дәстүр. Сондай-ақ, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға қойдырған жөн».

Бұл пікірмен Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова да келіседі: «Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады. Қазақ балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, ырым етіп көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы ақсақалдарға сәбиінің есімін қойғызып, батасын алуды мәртебе санаған. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған екен. «Бұл баламның атын пәленшекең қойып еді…» деп соны тіпті айтып жүретін болған. Бірақ қанша ырымшыл әрі үлкен адамдардың атын қойғанымен балаға өте киелі, қасиетті, әулие абыздардың атын қоймаған. «Ол өте ауыр болады, бала көтере алмайды» деп түсінген мұны. Халқымызда азан шақырып ат қою – парыз.

Баланың атын қоярда үш қайтара «Аллаһуакбар» деп азан шақырылып: содан кейін баланың құлағына таңдалған есімді «Сенің атың...!» деп, үш рет қайталайды. Баланың құлағына осы ат сіңеді, зердесіне тарайды деген наным» дейді. Алайда, бүгінде Ержан қажы Малғажыұлының айтқан пікіріне қарсы шығып, бұл дәстүрді аяқ-асты ететіндер барын жасыра алмаймыз. Мәселен, кейбір келіндердің «баланы дүниеге өзім әкелгеннен соң, оның атын қоюға толық қақым бар» деп көкіректерін соғатындарын көзіміз көріп жүр. Нәтижесінде ата-енесінің немересіне қойған есімін «ескіліктің қалдығы» деп менсінбей, заманауи аттарды құп көретіндердің саны артып келеді. Жалпы әр жерде құлаққа түрпідей тиетін, жағымсыз, атынан оның қазақтың ұлы не қызы екенін ажыратуға келмейтін адам аттарын кездестіріп жүргеніміз шындық. «Ұлтыңды сүйсең, ұрпағыңды ойла» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Сондықтан, ел қамын ойлау, дүниеге өз тегіңді жалғастырар ұрпақ әкеліп, сол сәбиге ат қоюдан басталу керек. Әйтеуір болашақта ертеңгі буын ұлтымызды бірден танытатын исі қазақ екенімізді білдіретін есімдерден айырылып қалмаса екен. Әр балғын өз атына лайық болып өсуге талпынып, есімінің қойылу себебін біліп, мақтанып жүрсе, одан артық бақыт жоқ шығар.

А.ШАКУПОВА.