Телячи мен Кудряшовтан қашан құтыламыз?

Сараптама

Ұлт - сан ғасырлар бойы біте қайнасып өмір сүрген, салт-дәстүрлері, тұрмыстық жайлары ұқсас, қарым-қатынаста бір-бірімен еркін сөйлесе алатын, бір тілдегі, бір діндегі халықтардың бірлестігі, тайпалардың одағы.

Іргелес отырған елдер тану, атау беруден бастау алып, уақыт өте шартарапқа әйгіленіп өмірден өз орнын алған. Яғни ұлтты әлемге танытатын оның терең тарихы.

Ұлттың абыройын асқақтатып, беделін асырып, баршаға сыйлататын жеке тұлғалары:ел билеген хандары мен қиындықта қорған болған батырлары, ғұлама ғалымдары, дүлдүл ақын-жазушылары, түрлі өнер иелері, қолынан бал тамған ісмер шеберлері. Олар қанша көп болса, ұлттың мәртебесі де соншалықты биік болған.

Дамыған халық өткенін өрнектеп, ұмытылмастай етіп кейінге хаттап қалдырады. Олардың өнегесінің бір парасын Орхон-Енисей жазбаларынан көреміз. Ұлы Тоныкөктің тасқа қашап таңбалағандары он бес ғасыр өтіп бізге жетті. Атауын өшіруге тырысқан талайлардың құйтұрқы әрекеттері әлсіздігінен ақыры жығылып тынды.

Ұлттың, даналар мен дараларының есімін халық жадына сақтау үшін, атауларын жаратылыстың: жер, су, тау-тасы мен даласына беру арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Оның көрінісі біздің жеріміздегі Домбауыл, Ақжонас, Бестау, Қасым таулары, т.б. атаулар танымымызды кеңітіп, тарихымызды зерделеуге жетелейді.

Ұлттық санамыздың асқақтығын біздер жеткілікті көрсете алмасақ та, бабаларымыз бен аталарымыздың бойындағыны көрсете аларлық өжеттік пен өрліктің болғанына мақтана аламыз. Қазақтардың басқыншылық пен езгіге көнбейтін рухы мықты халық екендігінен патшалық Ресей де, Кеңестік коммунистік партия да қатты сескенді. Ұлт ретінде жоюды мақсат еткендері айқын. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтың зерттеуінде 1897 жылғы санақта қазақтар, Ресейге қараған түркі халықтарының 57 пайызын құраған. Ресми деректерде 4.100.100 адам болған делінеді. Торғай облысы басқармасының кеңесшісі И.Крафт 6.000.000 десе, зерттеуші Я.Я.Полферов 5500000 деп келтіреді. Бұл деректің шындыққа жанасатынын Мұхамбетжан Тынышбаев та қуаттайды. Кейіннен ұйғыр, түркімен, қырғыз алты есе, өзбектер 12,5 есе өсті. Ал, біз қазақтар үш есенің үстінде кемідік. 1902 жылы ІІ Николай патша өз қолымен аса құпия түрде жазған раскривтіде: «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе жер бетінен жойып жіберіңдер» - деп бұйрық берген. Бұйрықты Дума депутаты Шаймерден Қосшығұлов қолына түсіріп, көшірмелерін Абайға және Мәшһүр Жүсіп Көпейге жіберген. (Мекемтас Мырзахметовтың дерегінен). Бұл шешімнің салқыны кейін аяздай қарып, халқымыз түрлі зобалаңның салдарынан 1.800000 дейін кеміген.

Тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі протектарат елдің көнеден келе жатқан тарихи танымымызды жеткізуші атауларды жою саясаты ұлтсыздандырудың бір парасындай қатаң бақылаумен жүзеге асырылды. Мысалы, біздің ауданымыздағы қазақы атауларды ауыстыра келе жаңа нысандарға, партия көсемдерінің, мемлекет пен үкімет басшыларының есімін телу жаппай етек алды. Оларды түгелімен санамалап шықпасақ та Ресейден кіргенде Атырау жолының іргесіндегі елді мекендерді тізбелеп шығу да жеткілікті. Котяевтен басталған сапар Сергей Лазо, Кудряшов, ММС, Домба, Скорма, Сафон, Богатый, Утера, Телячий, Коволев, Красиловка, Ганюшкино, Самаркино, Кобяков, Конеу, Афанасьев, т.б. болып жалғасады. Рухани жаңғыру аясында өзгерістер жедел қарқынмен бастау алып, жүзеге асу сәтінде. Бірақ та ауданымыздағы «33» мектептің арасында Н.В. Гоголь, Н.К.Крупская, Ф. Энгельс, Ю.А. Гагарин, М. В. Ломоносов сынды төл тарихымызға сәйкессіз атаулардан әлі де арыла алмай келеміз.

Біздің түсінуімізше атаулар жергілікті жерде болған аса ірі оқиғаларға байланысты қойылып, кейінгі ұрпақтың қастерлі ұғымына айналуы тиіс. Адамдардың есімі беріле қалған жағдайда кезінде аймақты азат етуде не басқыншылардан қорғауда ерлік көрсеткен батырлар мен қолбасшыларға немесе Қазақ елінің бір бөлігіне айналдырып қоныстандыруда белсенділік танытқан тұлғаларға арналса құба-құп. Тұрғылықты халықтың білімін, мәдениетін көтеруге айшықты үлес қосқан айрықша адамдар да атау иеленуге лайық. Ондай атаулар өскелең ұрпақтың ұлттық санасын арттырып, отаншылдық рухта тәрбиелеудің мызғымас негізі болар еді. Қазақтың ұланғайыр даласын, жерін, елін көз тіккен жаудан қорғаған жан кешті қаһармандарымыз баршылық.Өмірлері, жасаған ерліктері бұл топыраққа қатыссыз Қабанбай, Қарасай, Бөгенбай, Есет батыр, Ер Қосайлардың есімдерін шетінен алып иемденсек, әдібін сыртына қаратып тың көйлекті жамағандай болатыны бесенеден белгілі. Ондай ойсыздықтан сақтанғанымыз ләзім. Еділ -Жайық қос өзен арасында ықылым заманнан ерліктің туына айналған арыстарымыз түгендеп кетсек шүкір,баршылық.

Жерұйық іздеген Асан Қайғы Сәбитұлы (Асан ата)осы өңірдің дарасы да данасы.

Сүйініштің Қазтуғаны да еңіреп өткен есіл ер, әйгілі жырау.

«Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап», - деп жар солған Доспамбет жырау да басқыншылармен болған шайқаста қаза болған.

«Алма мойын сам үйрек

Ана Еділді көксеген» - деп жырлаған Тіленшіұлы Шалкиіз жырауымыз кімнен кем?

«Әріде бері толғайын» деп сөз бастайтын Шынияз Шанайұлының есімі қай жерде бар?

«Жүруге өткел бермеген,

Қиғашпенен екі су

Соларды мекен етіпті

Көгістің ұлы Тамасы.

Жолығуға аттанған Қарт Нәріктің Шорасы» - деп өзінен де,Нәріктің Шорасынан да хабар беретінін қалай ұмытуға болады?

Ресей патшалығына сөзін өткізіп, нәтижесінде Еділ-Жайық арасын өз иелігіне алған, бейбіт жолмен келіп елін қоныстандырып, қазақтың кіші ордасын көтерген Бөкей ханға қаншама құрмет көрсетсек те артық емес. Сулы да нулы алқапты еркін жайлауға ақ патшадан ризашылық алып, қазақтардың Каспий теңізіне дендеп кіруіне жол ашқан Мақаш әкім екенін естен шығармаған абзал (Мақаш Бекмұхаммедов).

1919 жылы Кеңес Одағында жерді межелеу саясаты кезінде (Қазақ) Қырғыз автономиясына Еділ саласын иемденіп қалуға ерен еңбек сіңірген сол комиссия мүшелері Ермек Әлімқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов еңбегін бүгінгі ұрпақ естен шығармағаны абзал. Тарихи деректер мен комиссия мүшелерінің естелігінде көрсетілгендей жер дауы ушыққан тұста Ермек Әлімқұловтың терең білімі мен батыл пікірлерінің нәтижесінде Еділ- Жайық арасындағы Теңіз жағалығы (Қазақ) Қырғыз автономиясына берілген. Осы ардақтыларымызды сәт сайын дәріптейтіндей, нысандарымызға, елді - мекендерімізге есімдерін берсек, оларға жасаған мәңгілік тағзым,әрі елдік парызымыздың өтеуі болары хақ. Бөкей сұлтанмен бірге келген Самай би, Құрманқожа батыр, Қаратай би, Әспембет би, Естай батыр пір тұтар бірегейлеріміз екеніне олардың өткен өмірлері куә дер едік. Алыс-жақыннан зерделей қарасақ, ерекше қасиет дарыған, елді имандылыққа бастап білімнің негізін қалаған, ел қастерлеген аруақ иелері де аз емес. Солардың басында ХІХ ғасырда өмір сүрген, білімді әрі ерекше қасиет иесі, талай аңыздарға арқау болған, 80 жасында сәби Мақаш шырылдап жерге түскенде балтамен кіндігін кескен Сардар баба (Таз молла) тұрады.

Қасиет дарып елге пана болған, жан күйзелісіне түскендерге ем-дом жасап, сынық салғанның бірі де бірегейі Қарлығаш баба. Оның сол қасиеті ұрпағынан –ұрпағына беріліп, жылдар өткен сайын қуаттана түскен.

Қарлығаштың ұлы Қазбекке тұрақтаған аруақ баласы Қабиге,оның ұлы Серікбайға берілген. Одан қызы Дәметкенге қонған. 80-нің сеңгіріне жетіп Ел анасы атанып ортамызда жүргені баршамыздың мақтанышымыз. Сол сияқты осы өңірдегі сынықшыларымыз Гайсин Займолла, Досмағұлов Әзімжан, Нұрмақов Жетпіс халық алғысының шынайы иелері. Сүйіндікте тұрған Бекмұханбет халфе, өмірі аңыз бен ақиқатқа толы Мұхарамұлы Сибағат молда, сонау 37-нің зобалаңында құрбан болған Нұржаулық жеті молда қалай дәріптеуге де тұратын белгілі жандар. Халықты қасіретті аурудан арашалаған Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы (20.4.1873, бұрынғы Ішкі Ордада туған). Ол 1903 жылы Қазан университетінің медицина факультетін тәмамдап, елге оралып, дәрігер болып жұмыс жасап, обамен белсене күрескен, Қазақ елінде дәріхана ашып, оның белгілі бір жүйесін қалыптастыруға қолы жеткен. Денсаулық сақтау халық комиссариятының орынбасарлығына дейін көтерілген Қырғыз АҚСР Орталық атқару комитетінің мүшесі. Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі.

Шолтыров Махмуд Измайылұлы 5.08.1885 туылған (Ішкі Орда, Приморье округі, №3 старшынында) -алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Қазан университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін Гурьев облысында 40 жылдан астам дәрігер болған. Каспий өңірінде оба індетіне қарсы күрес жұмыстарына қатысқаны ел жадында әлі күнге сақталып келеді. Ел қай кезде де ұстазсыз болмаған. 1933 ж. ауданымыздан алғашқы болып оқытушылар институтын тәмамдаған Тілепов Құмар, Құлбаев және басқалар елді сауаттандырып, жастарды білімге жетелеген мұғалімдер. Ісмер, ұста Құрманқожа ұлы Кенжәлінің жасаған киіз үйін 1827 жылы Жәңгір хан 1 Николай ағзамға тарту еткені тарихтан мәлім. Император оны 1873жылы неміс королі Вильгелм Фридрихқа сыйлаған. Қазір Майндағы Франкфрутте орталық музейде сақтаулы. Кенжәлі баба туылған жеріндегі, Ганюшкино станциясының терістігінен 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан қорымда жатыр. Егер түгендеп кетсек қолөнер кәсіпшілігімен аты шыққан, заманында елдің бар керек-жарағын жасап, көрік басқан ұсталар саны қаншама?!

Қай-қайсының да есімдерін жер, суымыз бен ауылымызға, нысандар мен көшелерге берсек, олардың алдындағы елдік борышымыз өтелері сөзсіз.

Елді мекенге атау беруде пікірталас болуы шетін емес. Ең бастысы-құйтұрқы әрекеттерге жол берілмей мәселенің ашық түрде келелі кеңесте, өзара түсіністік жағдайда шешілуінде. Ол біздің мәдениетіміз бен санамыздың өсу деңгейіне тікелей байланысты. Залдағы 20-30 адаммен мәселені шешілдіге санап, хаттама толтыру ел пікірін аяққа басқандықтың ең сорақы көрінісі.

Қазақ елінің батыс қақпасындай ауылдың Котяев атауын өзгерту жөніндегі әңгіме бүгіндері шарықтай келе елді алаңдататындай шекке жетті. Байлық пен молшылық, кеңдік пен дархандық мағынасын беретін жергілікті тұрғындардың құлағына ұзақ жылдар сіңісті Байда атауына қысастық жасап, жою, жармасу үрдісі жалғасу сәтінде. Ол пікірдің бастамашылары ауыл емес, аудан шегінде тұрмайтын азаматтардың тарапынан болуының астарында қандай мән жатқаны да түсініксіз жай. Ой елегінен өткізіп баға беру де қажет сияқты. Тұрғындардың басым көпшілігінің пікіріне қайшы, бұл өңірде болмаған Қосай есімін иеленуге түрлі әрекеттер жасап тықпалау- рухани өрлеуге, ұлтжандылықпен елді ұйытуға емес, керісінше рушылдыққа бой алдырып, тұрғындар арасына жік салып, дау туғызуға бастайтын әрекет деп бағалауға келеді. Бұндай жағдайға жол бермеу-ел билеген азаматтардың абыройлы борышы демекпіз.

Ауданда, жалпы әкімшілік бірліктегі аймақта, бір кісінің атын бірнеше нысанға беру, әлемдегі қоғамдық дамудың төменгі сатысында тұрған тарихы жұтаң, дәріптер тұлғасы аз елге ғана тән. Айдарынан жел есіп, айбарын әлемге жеткізген ұлт, өз шеңберінде ғана емес, ұлыларының атын халықаралық дәрежеде дәріптеп шығарады. Бұл сайып келгенде тарихының тереңдігін, тұлғаларының көптігін танытады. Біздің де сол саптан табылар уақытымыз келер. Ол күнді құлдық санадан құтылған, рухы асқақтаған келер ұрпақ жүзеге асырады деп үміт үкілейміз. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жырлағандай, біздің де күтеріміз, өзгенің жетегінде емес, өзінің ой түйсігімен жүретін тәуелсіз елдің, еркін өскен ұландарында. Ендеше, ләйім солай болғай, арман ақталғай!

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ.

ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының толық мүшесі (академигі).