Берекетсіз жұмсалған қуат кедейлікке апаратын жол

Сараптама

Энергия тапшылығының алдын алу бүгінде әлемнің мықты деген мемлекеттерінің өзін ойландырып отыр.

Қазіргі таңда дүние жүзінде оның жетіспестігі айрықша сезілуде. Электр қуаты шикізатының азайып бара жатқандығы да ғаламдық масштабта алаңдаушылық туғызды. Өркениетті ойлы адамзат баласы бұл тығырықтан шығудың жолдарын іздестіру үстінде. Бірі құтқаратын жолды қуат көздерін үнемдеу деп білсе, енді бірі баламалы энергияға бүйректері бұрады. Қазіргі уақытта дүние жүзінің барлық өнеркәсібі дамыған мемлекеттері мұның жолдарын әлдеқашан ойластырып қойған. Соңғы ширек ғасыр ішінде энергияны үнемдейтін мақсатты саясатты жүзеге асыруының арқасында оларда жалпы ішкі өнімнің электр қуат күшін пайдалану көрсеткішін 30 пайызға дейін азайтуға қол жеткізілді.

Еліміздегі электр қолданысына сараптама жасаған мамандар да кейінгі жылдары бұл қуат көзі бей-берекет жұмсалып жатқанын айтып дабыл қағуда. Кейбір дерекке сенсек, электр энергиясын ысырап етуде Қазақстан алдыңғы қатарда екен. Электр қуатының жетіспеушілігі елдің экономикалық өсуі мен дамуының аса қатты тежеуші факторы болып табылады. Осылардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, энергия үнемдеуші технологияларды, электр қуатының сараланған тарифтерін енгізу, энергия таратушылардың тұтыну және есепке алу жүйесін дамыту бағытында заңнамалық актілер қабылдады. Елдің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отандық өнеркәсіптің қалыпты жұмыс жасауына, индустриялық-инновациялардың дамуын арттыруға, жаңа электр қуатын өндіретін стансалар салуға басымдық берілді.

Қазақстанда дамыған елдердегідей энергия үнемдеуге бағытталған алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелер жүргізіліп келеді. Соның бір әдісі ретінде дифференциалды тариф енгізу қолға алынды. Сонымен қатар, заманауи санауыш құралдарын орнату да электрді үнемдеуге жол ашып отыр. Бұл жабдықтар кеткен қуат құнын тура бағамдап, артық шығын шығуына жол бермейді. Бұдан басқа үнемдегіш электр шамдары да тұрмысымызға көптеп пайдаланыла бастады.

Алайда үнемдеу саясаты бізде әлі өз деңгейінде қарқын алып кете қойған жоқ. Сондықтанда үнемдеу саясаты ең маңызды міндеттеріміздің бірі болмақ. Демек, электр энергиясын үнемдеудің тиімді тәсілдері мен соны жобаларды ірі өндіріс орындарымен қатар, қарапайым өз тұрмысымызға да енгізгеніміз абзал. Мәселен, желден, күннен, судан электр өндіретін құралдарды орнатып, баламалы көздерді қажетке жарататын кез келді. Үнемдеуді де әр азамат, әр отбасы өмірлік маңызы бар мәселе деп қарап, жауапкершілік, саналылық танытуы тиіс.

Осы орайда электр қуатының аз шығындалуға мүмкіндік беретін тәсілдерді қаперлеріңізге бергіміз келеді. Төменде аталған әдістерді қолданып көрсеңіз, энергияны үнемдеумен қатар, қалтаңыздағы қаражатыңызды да сақтайтын боласыз.

Кіржуғыш машина барабанды айналдыру үшін, электр қуатын көп тұтынады деп ойлайтын шығарсыз. Ал, шындығында оның жұмсайтын электр қуатының шамамен 90 пайызы суды ысытуға кетеді екен. Демек, кірді салқын сумен жуатын режимін таңдаңыз немесе суды жылытып барып құйыңыз.

Компьютерді қолданбаған уақытта қосылған күйінде қалдырмаңыз. Токтан ажыратып қойыңыз, әйтпесе, көзге білінбегенмен энергияны ала беретіні мамандармен дәлелденген.

Үйді жылыту және салқындатуды да үйде жоқ кезде пайдаланбаңыз. Бәрібір сіз ойлағандай тиімді температура бөлмелерде сақталмайды.

Желдеткіш, кондиционер және пердені дұрыс қолдана біліңіз. Перде мен терезе – үйдегі температураны қадағалуға мүмкіндік береді. Перде үйге күн көзін түсірмейді, ал терезені кешкілікте ашып қойсаңыз көп көмегі бар. Егер желдеткішті дұрыс қоя білсеңіз, кондиционерді алмастыра алады және әсері одан еш кем түспейді.

Қысқа маусымға терезелерді барынша қымтап алыңыз, ол үйіңізді жылытуға жұмсалар шығынды 30 пайызға азайтады. Сонымен қатар қорғаныс қабаты бар терезе орнатуыңызға болады. Мұның барлығы үйіңізді жылытудағы шығыныңызды төмендетеді.

Ыстық су бойлерінің су жылыту қызметін ең төменгі деңгейде ұстаңыз. Оның өзі қажеттіліктеріңіз үшін жетіп жатыр. Бойлерді салқын жерге қойған тиімді емес, арнайы температурадан түсіп кеткен кезде ауық-ауық қосылып біраз шығынға ұшыратары анық.

Электрлі плитаны тұтынар кезде алдымен нұсқаулығымен танысыңыз. Онда плитаның энергия тұтыну деңгейі көрсетілуі тиіс. Бұл электр қуатын қаншалықты көп жұмсайтыныңызды бағамдауға мүмкіндік береді. Егер тағамды мультиваркада дайындасаңыз, электр қуатын үнемдеуіңіз әлдеқайда тиімді болмақ. Кәдімгі плитамен салыстырғанда, мультиварка электр қуатын аз тұтынады.

Тоңазытқышты тұрақты түрде тазалап отырсаңыз, моторының жұмысы жеңілдейді. Осылайша электр қуатын үнемдеп қана қоймай, тоңазытқышыңыздың өмірін ұзартасыз.

Флуоресцентті шамдарды пайдаланыңыз.

Мүмкін сіз шағын флуоресцентті шамды ешқашан қолданып көрмеген боларсыз. Олай болса, байқап көріңіз! Бір ғана шамның өзі бірнеше мың теңгеңізді үнемдей алады. Оған қоса мұндай шам кәдімгі қызу шамына қарағанда әлдеқайда ұзақ қызмет етеді. Ал кепілдік талонын сақтап қойсаңыз, сатып алған флуоресцентті шамыңыз уақытынан бұрын істен шыққан жағдайда көп көмегі тиеді. Нәтижесінде үйіңіздің жарығын қауіпсіз әрі үнемді ете аласыз.

А.НӘЖІМОВ.