Ел Тәуелсіздігі елеулі өзгеріс әкелді

Руханият

«Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылданғанына 2018 жылы 22 желтоқсанда 20 жыл толады.

Дейтұрғанмен, қазақ жеріндегі архив қызметінің бастау алуы тым әріде жатыр. Алғаш болып Жәңгір ханның бастамасымен Бөкей Ордасында ашылды деген деректер бар. Кеңестік кезеңде де бұл жұмыстар тұрақты жүргізіліп отырылды. Атаулы күнге орай, Құрманғазы аудандық мемлекеттік архив басшысы Берік Қаменовпен шағын сұхбат жүргізген болатынбыз.

- Берік Тілекқабылұлы, елімізде, соның ішінде ауданымызда архив ісі қашан қалыптаса бастағанын айтып өтсеңіз?

- Айтуыңыз орынды, қазақ қоғамына архив деген ұғым хан Жәңгірдің тұсында енгенін тарих айғақтайды. Кеңесі Одағы тұсында да өлкелік партия комитеттері жанынан партия тарихы деген арнайы бөлімі жұмыс жасаған. Оның өкілеттігі өте мықты, мәртебесі де биік болғанын білеміз. Архив қорында сан қилы деректер мен мағлұматтар сақталып отырылған. Гурьев облыстық советі атқару комитетінің 1991 жылғы 22 қаңтардағы № 14 «Республика бойынша архив ісінің жайы және оны жетілдіру шаралары туралы» шешімі негізінде Теңіз аудандық советі атқару комитеті жанынан шаруашылық есептегі мұрағат(архив) мекемесі құрылды. Типтік ережесі бекітіліп, архивтің құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Штаттық кестеге сай 4 адам болып жұмысын бастады. Архивте 49 қор, 6 мыңнан астам сақтау бірлігіндегі жеке құжаттар жинақталды. Қызметімізге еліміздің Тәуелсіздік алуы елеулі өзгеріс, ерекше серпін әкелді. 1993 жылдың қаңтарынан архив мекемесі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, штат кестесін, қызметкерлердің еңбекақысын аудан әкімі бекітетін болды. Ал, 2005 жылдан облыстық бюджеттен қаржыландырылып келеді. 2008 жылы 15 тамызда Құрмағазы аудандық мемлекеттік архиві мемлекеттік мекемесі болып қайта тіркелді. Басшысы болып әр жылдарда Н.Ақмурзин, О.Мамыкина, М.Тұяқбаев, С.Қалиев, С.Қасымов, Б.Ақбанов, Ғ.Қалиевтер жемісті еңбек етті. Жалпылай айтсақ, мемлекеттік архив ел Президентіне, оның әкімшілігіне тікелей бағынатын, есеп беретін мекеме ретінде ресми органдардың қызметін ақпараттық және архивтік қамтамасыз ету міндеттерін атқарады, олардың құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдайды.

- Түсінікті, ал аудандық архивтің бүгінгі қызметі жайлы не дер едіңіз?

- Күні бүгін аудандық архивте 157 қорға, құжат айналымы 46924 сақтау бірлікке жетті. Оның ішінде 410 жеке тектік құжат, 268 фотосурет, 31 бейнетаспа бар. Елбасымыз Н.Назарбаевтың Құрманғазының 175 жылдық мерейтойы мен кесенесінің ашылуына келу сапары, Қиғаш өзені үстіндегі көпірдің ашылу салтанатында екі елдің сол кездегі Үкімет басшылары К.Мәсімов пен В.Зубковтың кездесуі, Әбу мен Жұмекеннің ескерткіштері ашылуы салтанаты, соғыс және еңбек ардагерлерінің тектік құжаттары қорымыздағы мақтанышпен көрсететін құнды деректеріміз. Архив әрбір адамның өткен өмірінен нақты бір дерек іздеп келіп тірелетін ең соңғы мекеме. Зейнетке шығушылар, түрлі әлеуметтік жәрдемақыға, басқа да қажетті құжат іздеушілер осында келеді. Қолдарымыздан келгенше оларға көмек жасап отырамыз, бұл бағытта «Архив анықтамалығын беру» мемлекеттік қызмет түрін көрсетеміз. Архив саласының ардагерлері А.Сәрсенова, Р.Мусағалиева, казіргі уақытта осы қызметті атқарып жүрген С.Нәрешова, Г.Қалиева, Ә.Махсотқызы, Ж.Еңсегеновалардың еселі еңбектері атап өтуге тұрарлық. Шаруашылық бағыттағы жұмыстардағы Б.Нәженова, Г.Жанболатова, Б.Зиноллаева, С.Әмірғалиев, Н.Құлшаровтардың, марқұм болған А.Кәрімов пен Б.Уахитовтың есімдерін атап өтпеуге болмайды.

- Берік Тілекқабылұлы, Президентіміз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет дегені белгілі. Бұл турасындағы сіздің ойыңыз?

- Елбасының бұл еңбегімен толықтай танысып шықтым, көтерілген мәселелер өте орынды. Қазіргі қазақ руханиятын жаңғыртуға қажетті ойлар айтылды. Қызмет салама орай, маған ұнағаны, архив деректерін тек жинап қана қоймай, қалың жүртқа қолжетімді қылу үшін цифрлық форматқа көшіру дегені болды. Мұқағали ақын «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп жырлағандай, қаншама құжаттар, құнды деректер мұрағаттың қалың қалтарысында ескерусіз, елеусіз жатыр. Солардың бәрін ақтарып, сандық жүйеге түсіріп, көпшіліктің назарына ұсынылса тарихшылар, өлкетанушылар үшін септігі көп болары сөзсіз. Талай тарихтардың ақтаңдақтары ашылып, жұмбақ болып келген көп деректердің көмбесі сайрай жөнелер еді. Бұл бағытта аудандық архивтің де атқарар істері жетелік, арнайы шаралар жасақталынып, жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болады.

Сұхбаттасқан А.НӘЖІМОВ.