Әдебиет – ардың ісі десек...

Руханият

Ауданның әдебиеті жайлы сөз қозғар болсақ, оны бір шамырқанған шалқар айдын немесе сарқылмас арнаға баласақ та болар.

Қазтуған, Асан қайғы, Шалкиіз және басқалар болып келетін өз заманының ұлы шәйірлеріне ұзақ тоқталмасақ та, сайраған іздері жоғалмақ түгілі Тәуелсіздік соқтырған нұр самалымен бедері одан сайын айқындала түсуде. Ей, Тәңірім, осы бергеніңе шүкір, тәубе! – дегендейсің.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ау құлағын ұстаған, қазаншы бала көк теңіздің толқын сапырған қойнына жәудірей қарап, сызылып аққан Қиғашының жағасына ақтық рет келіп, ақжал толқындармен бірге аһ ұра күрсініп, майданға аттанып кете барған. Сөйткен Әбу көке, қазақтың ең мейірімді атасы абыз Әбуі туған жерге деген сағынышты жырларын былай қойғанның өзінде жалғыз ғана «Толқында туғандар» романымен теңіз жыршысы атанды. Ақ бас Алатау мен кәрі Атыраудың ақшулан толқындарын шебер үйлестіре білген, туған елінің бірлігі мен бүтіндігіне еш нәрсені айырбас жасамаған ғажайып, пенде атаулыдағы ең, ең нәзік жүректі жан, Қазақстанның Халық Жазушысы. Әбу көке жайында арқалы ақын, інісі Хамит Ерғалиев бір шумақ өлеңімен оның бар бітім–болмысын сұмдық келістіре жырлаған:

«Әбу ақ ғой, шағала, желкеннен де,

Сағынғанда сүйеді ол желкеңнен де.

Аспандағы қарайды ақша бұлтқа,

Жердегі бір пасықтан жиіркенгенде...»

Жазуын тастап, көп уақытын қазақтың қиналған қаракөз ұлдары мен қыздарын ақ толқын шашы желбірей, жетектеп жүріп адам-асыл етіп, қатарға қосуға арнаған. Әбу көке, абыз Әбудің тәнін қара жер қусырғанымен, жаны ақ бұлттарға айналып, қазақтың Тәуелсіздігін тілесіп, аспанда қалқып жүргені рас шығар?! Көп сұңғыла сана, қиялилар солай десе, ол сөздің меніңше жаны бар.

Әбекеңнің тумаса да туған інісіне айналған ол – Жұмекен Нәжімеденов. Көп кәлләнің өресі жетпес, өлшеміне шамасы келмес, меніңше лирик емес, философ ақын екінің біріне сырын алдыра қоймас қайталанбас хас таланттың әрбір өлеңі бір кітапқа татиды. Әлем тілдеріне тәржімаланғаны бек жарасар-ды. Бірақ, оны түсініп аударатын тәржімашы туа қойды ма екен?!

«Ақ шағыл», «Кішкентай» романдары соғыс кезіндегі, одан бергі жылдарғы ауыл тірлігінің, әсіресе, қыр өңірінің, қайталанбас ғажайып картинасымен кезіктіреді. Аңғал да ақ, жаны таза ауыл адамдарының, осы топырақтың түтін түтеткендерінің шынайы тірлігін санаға орнықтырады. Бастапқы кезде одан жақсылық емес, кемшілік іздегендер жағалай жамандағанымен, кейіннен саналы оқырман, саптағы сыншылар, белгілі қаламгерлер құм арасынан аршып алтын тапқандай оның мықтылығын дәлелдеп, қазақ прозасының асыл жауһарлары тізіміне ендіріп, поэзиясымен қатарластырып, жеті том болып шыққан жаңа таңдамалы шығармалар жинағына енгізді. Жұмекен Нәжімеденовтің туындалары жайлы пікір білдіріп жатқан белгілі тұлғалар, бірегей таланттар көп те емес, бірақ бар, солардың арасынан жерлес ағамызға өте дәл, құнды пікір айтқан, шынайы әдеби талдау жасаған ол – Амангелді Кеңшілікұлы есімді қазіргі буынның арасынан оқ бойы озық сыншы қаламгер, белгілі ақын, марқұм, Жұмекен ағаның өз тұстасы – Кеңшілік Мырзабековтің биыл елуге толған ұлы. Жұмекеннің момын Қошалағындай қоңыр-қоңыр биіктер қазақтың қай даласында жоқ, көп ғой, құдай көпсінбесін! Бірақ, Қошалақтай әлемге даңқы жайылған, тауға баланып кеткен жұп-жуас мекен ілуде бір, ол шынымен де біздің құм бошалаған – Қошалақ. Олай даңқы аспандайтындай жөні де бар, өйткені, осы өлкенің қоңыр-қоңыр... – деп жырлайтын қоңыр ұлының сөзі Тәуелсіз Қазақстанның әнұранына айналып, күллі қазақ баласының қолын жүрегіне басып айтатын, әлем жүзіне тура қарап жасқанбай жігер танытатын ант сөзі болғалы еңсеміз – тік, үніміз – бір, ләйім сонысынан жазбағай!

Осы екі көкесінің артынан барып, айтқандарына бірде көніп, бірде көнбей, еркеліктің нешемесін көрсеткен ол қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, жанымызды жүдетіп, қайғымызды үдетіп кеткен Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев! Ол жайында көп айтпай-ақ қояйын, соңғы жылдары әлемдік әдебиет сүйер қауымның басын өзіне шалт бұрғызды. Шығармаларын Германия, Түркия,Татарстан, Қытай, Араб, т.б. елдердің бірқатары өз тәжімашыларын Қазақстанға жіберіп аудартты. Ресей Жазушылар Одағы асқаралы алпысында кеудесіне Алтын медалін ілді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атанды. «Парасат» ордені, т.б. медальдармен марапатталды. Роман, повестері, әңгіме-хикаяттарының атының өзі «Жайық жыры», «Шер», «Бас», «Жұлдыздар құлаған жер», «Аяулым Анфиса», «Американың ұлттық байлығы», «Бесқасқа Беріштің хикаясы», «Шыңғыс ханның көз жасы», т.б. болып зердеңе ерекше ой салып еліктіретіндей. Ал, драматургиясы арқылы қазақтың бұған дейін бағасын ала алмай келген алыптары, қайталанбас тұлғалары халқымен қайта қауышып, талай көздерден жас шығарып, көңілдерді нілдей бұзды. Кезінде Шыңғыс Айтматов жоғары баға беріп, қырғыз елі төбесіне көтерген «Абай – сот», одан кейінгі «Сұлтан Бейбарыс», «Сырым батыр», «Нарком Жүргенов», «Мұстафа Шоқай», тағысын тағылары. Бұлары бұл күндері шет елдерде сахналанып жүрген әлем жауһарлары сапына қосылды. Өмірден озғанында аса талантты Асанәлі Әшімовтің «қазақ топырағы аса дарынды ұлынан айырылды» деп қайта-қайта бас шайқап, жанар шылағанын көз көрді. ҚР Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетовтің: « – Шет елдер кімің бар дегенде, Рахымжанымыз бар – дейтіндей еді ғой, қадірін тым кеш түсіндік, өкінішті» дегенін құлақ естіді. Бірақ, көре алмаушылық бұл жолы да алға шығып, соңынан көп қиқу ертті, басқан ізін аңдығандар аз болмады. Тәңіріден басқа ешкімге мойынсұнбай туғанда бұрқ ете түскен топырағын жамылды, ақыры. Көп қарау пиғылдардың дегені болды. Сөз жоқ, оны желкілдеп өскен құрақтай балғын таланттар әлі-ақ іздейтін болады. Рухына солар бастап бүгіннің өзінде Шолпан жұлдыздай жарқырап жарығын түсіруде. Ол да болса көңілге медет.

Марат Абдошұлы Ысқақов – кезінде «Серпердің» атасы болған «Ленин жолының» редакторы. Бұл ағамыз да Қошалақтың талантты перзенті. Хамит Ерғалиевпен бірігіп жазған «Құрманғазы» пьесасы кейбір облыстық театрларда әлі күнге сахналанып жүр. Басқа да қазақ әдебиетінің алтын қорына енген драмалық шығармалары, поэзиялық кітаптары бар. Көзі тірісінде Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика кафедрасындағы талантты, өте беделді ұстаздардың бірі болды. «Журналистік шеберлік» пәнінен дәріс оқыды. Әбу, Әзидолла ағалары сынды өте мейірімді жан еді, жарықтығым! Оңашада елдің өзі білетіндерін талдап сұрап, жанары жасқа толып-ақ кететін. О дүниенің рахаты бұйырғай еді.

Қазақстан Жазушылар одағының жоғарыдағылармен бірге білекпендей бір мүшесі Шора Тәжімғалиев ақын ағамыз. Жадағай сыпырма немесе жілігі аздау татитын мал етіндей емес, сезіміңді селт еткізетін ойлы өлеңдерін кезіктіріп, риза болдым. Маңғыстау өңірінде көптен жүр. Ол жақтағы қаламдастармен иық тіресу оңай шаруа емес, содан-ақ ағамыздың қандай ақын екенін шамалауға болады.

Өтепберген Әлімгереев ағамыз да ауылда қалғаны болмаса, Алматыны олқы соқтырмайтын сөз зергері. Өлеңмен бастап, прозаның әзіл, әңгіме, зерделі зерттеуін қалдырмай, ғылыми тұрғыдағы мақалалардың иін қандырып иледі, майын тамызып оқырманына ұсынды. Кітаптары қанша екен өзі?! Әй, бір жиырмадан кем болмас. Осы өлкенің тарихына, адамдары тағдырына, жер мен су төңірегіндегі екі ұдай пікірлерді бір ізге түсіруде көп еңбектенді. Өңіріне «Құрмет» ордені, көп медальдар тағылды. Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, республикаға танымал өлкетанушы-тарихшы.

Жолжанов Мақсот Құмарұлы ұстаз – ағам да Қазақстан топономикасына, жер-су атауларына, бұрын еш жерде беймәлім жайттардың сырын ашуда-ақ бас академиктерді мойындатқан, ауыл академигі, білім мен ғылымның бірегей ғажайып тұлғасы. Бірақ, жазушы емес еді, кейбір зерттеу еңбегі ортаң қол қаламгердің роман, повесінен артық бағаланатыны Республика ғылыми орталықтарына, зерделі де зейінді жандарға әбден мәлім болды.

Рахмет Иманғалиев ағамыздың да қаламынан Еділ мен Жайық арасының еңбек дүлдүлдері, ардақтылары мен арзандары, асылдары мен масылдары біраз көрініс тапты. Отыздың үстінде кітап жазды. Ат-атақтан, құрметтен де кенделік немесе кенжелік көрмеді. «Іздер» повесі республикалық бәйгеде жеңімпаздыққа жеткізді. Кітаптары негізінен публицистік, журналистік баяндау сарынында жазылғанын айтып қойғанның артықшылығы болмас.

Жақында екі ақын қызымыз Гүлзада Ниетқалиева, Бақытгүл Бабаш Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, қуанышымызды үстем етті. Фариза апаның ықыласы ауған, екеуі де мықты, поэзияның бірегей бәйшешек гүлдері. Гүлзадажан ол филология ғылымының кандидаты, қазақтың қазіргі буындағы аса білгір, республикалық басылымдар сұрап алып жаңа кітаптарға рецензия жаздыртатын сыншысы. Жаратушы Тәңірі, оның Пайғампарлары қасиеті турасындағы жырлары еріксіз табындырады. Биыл жыр жинағы Англияда басылып, тұсаукесеріне өзі барып қатысып, ағылшындармен біраз қауқылдасып қайтты. «Ағаларым» деп шыр-пыр болып жүретін қара орман қарындас, «Қиғаштың қарлығашы» Рахымжан ағасын оқыс жоғалтып көңілі пәсәйіп қалып еді, аққу сезімі мұқалмаса екен енді, сол қарағымның!

Бақытгүл Бабаш қызымыз да ерте танылды. Республикалық аламанның «Гран-При» жүлдегері. Кітаптары шығып, өлеңдері бұрқырап жазылып жатыр, алысқа сілтейтін түрі бар, тіл-көзден аман болғай! Астана, Алматыда өз ортасын мойындатып Серікбол Хасан, Ерболат Қамен жүр жасындай тілгілеп, олардан да күтеріміз мол. Сүйіндік ауылының қызы, Қазақстан Жазушылар одағының көптен мүшесі, республикалық «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, қазақтың белгілі жазушысы Заря Жұманованың таланты бірегей! Өзге аймақтың келіні болғандықтан аман жүргей, прозалық дүниелер мен балапан-балаларды қатар өргізіп, демекпіз ол қарындасымызға.

Ең соңына ұстап қалғаным ол кім? Әрине, Өмірзақ Қажымғалиұлы әріптесім. «Құрманғазы ауданында мүшелік куәлігі бар заңды екі жазушы – ол екеуіміз». Әзіл де болса шындық. Мен – өлең ауылынан. Ол – прозашы, проза болғанда елді мойындатып жүрген аға буын – алдыңғы сапты иығымен ығыстырып барып өзіне лайықты орын сайлады. Күні кешелергі ауыл шаруашылығының білікті командирі, өндірістің білгір басшысы, атағынан ат үркетін лауазымдарды бұйым құрлы көрмей тізгіндеген, аймақтың айтулы азаматы Тәуелсіздік жылдарында қазақтың басына қонған осы бақытқа шын тасып қуанған көрініс танытып, билікті ізбасар інілеріне табыстады да, өзі қолына қалам ұстап, ақ қағазға күндізді қойып, ұзақ таңға телміретін ғадет тапты. Жазушының шағын бөлмесінен азын-аулақ жылдарда роман-повестер, әңгіме-хикаяттар, зерделі зерттеулер ондап, жоқ ондап емес-ау, жиырмалап балалап жатты. Олары: «Жолдар-жылдар», «Алтынды тот баспайды», «Дариға-дәурен», «Самғау», «Жанкешу», «Мүслимат», «Мақашпен қауышу», «Нарынның нар ұлдары» аталатын екі томдық роман- трилогия, тағы басқалары.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері арасынан санаулы саңлақ «Проза саласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Батыс өңірден бұл марапат Өмірзақ Қажымғалиұлы ағамызды тапса, бұл Атырау өңірі, оның ішінде Құрманғазы ауданы үшін лайықты жетістік емес пе? Бәз біреулер кешегі ауыл шаруашылығы саласының маманы бүгін қалайша жазушы болып кетедіні айтпаса, біз қазақ-қазақ боламыз ба? Қарап отырсаң, кең дүниеде тек не болмай жатыр? Мектеп оқушысы әлемде жоқ жаңалық ойлап тапты жақында. Казинода жүріп ән салған сорлының дауысы әлемде сирек кездесетін табиғи үн екен. Әкесі соғысқа кеткенде, анасының етегінен ұстап, қиындығын бөлісіп, балалық шағын сол сұрапыл соғыс ұрлап, ерте есейген Өмірзақ–ұл өмір ағымы, тіршілік талабымен тұралаған шаруашылықтарды орнынан көтеріп, жұлдызды басшы атанды.

Зейнетке жасы жетіп, көрген мехнаты, көтерілген асулары санасында кино ленталарындай тізбектеліп «жаз-жаз» деп тұрса, ол жазбай кім жазады? Ой – арнасынан аңқыған самал соғып беймәлім дүниеге іңкәр сезімін оятса, тіліне бояу, қолына қалам беріп, алдына қағаз төксе, оның сол бақытын қызғанып не табамыз? Рахымжанның бір қадесінде қазақтың белгілі жазушысы Қажығали Мұқамбетқалиұлы әңгімелесе келе: - Сен Өмірзақ Қажымғалиұлының жерлесі болдың ғой, бүгін осында болса, жолықтыршы, жаңа кітабы қолыма тиіп, оқып шықтым, оқиға желісі, тілі, образдар сомдауы ғажап, бұл азамат бұған дейін қайда жүр, - деді. Қабырғалы қаламгердің сөзіне жаным иіп сала берді. Тап бір өзіме арналғандай... Әріптес ағама «жаз-жаз, жаза түс, сен ел мойындаған жазушысың, кешегі «Жұлдыз» журналына шыққан әңгімең де жан толқытады. Ол басылым нағыз сыннан өткен мыңның біріне ғана орын береді. Жаз-жаз, жаза түс, тағдыры асау тарпаң талант», - дей келе, 90 жасына толған ауданның жазушылары хақындағы атүсті дүниемді асығыс аяқтаймын. «Әдебиет – ардың ісі» (З.Қабдолов). Сол аласапыран, толқыны лепірген, бірін-бірі басып жыққан көкшулан дүниеде құрманғазылық ақ желкен – арманның қашанда мерейі үстем еді, Иншалла, солай бола береді де...

Таңатар Дәрелұлы,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі