«Ұшқан ұядағы» ата-баба жолы

Руханият

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл жыл бойы оқуға тұңғыш рет үш кітап таңдап алынды.

Олар – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітаптары.

Осыған байланысты, Жұмекен ауылында өткен шарада даңқты қолбасшылығымен әлемге танылған, тамаша кітаптарымен әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін қайталап оқып сүйсінген өзімнің және замандас оқырмандардың айтқан пікірін келтіруді жөн көрдім. Қызықты әсерді қаз-қалпында беруге тырыстым.

«Жастарға батаны өзге емес, өз бабалары беруі керек» дегенді оқығаным бар еді. Оның дұрыс уәж екеніне осы повесті оқыған кезде көз жеткіздім. Бауыржанның шілдеханасында атасы Имаш ел қарияларынан бата сұрағанда, олар: «Немере өзіңдікі, батаның жөні де өзіңдікі» деп батаны өзіне бергізеді. Атаның бата-тілегін Алла қабыл еткен екен. Кейін Бауыржан атасы армандағандай, елінің шырағы, батырлардың жалғасы болды.

Автор бата беру дәстүріне кейін де қайта соғып, үлкен рухани мәнін ашып көрсетеді. Бірде елге өкіл, большевик Садық келгенде, ауыл азаматы қой жетектеп келіп, ақсақалдардан бата сұрайды. Сонда қарттар тіксіне қарап, Садыққа қысыла көз салады. Өйткені, бұған дейін келген өкілдер батаны діни теріс салт, ескінің қалдығы деп рұқсат етпейді екен. Ал, бұл жолғы қонақ Садықтың олардан көзқарасы мүлдем басқа, ұлттық дәстүрге адал азамат болып шықты. Ол алдымен өзі қолын жайып, үлкендерден бата беруін сұрайды. Батаға байланысты бүгінде ел ішінде бірен-саран қариялардың ойлы да мәнді бата бергенін байқасақ, кейбіреулерінің тілек айтып кететінін көріп жүрміз.

Бала жасынан кітапқұмар, байырғы оқырман Жекен Ахметқалиевті шығармадағы отбасының рөлі, адалдық, баланы қуанту сияқты тәрбиелік мәні қызықтырған екен.

«Болашақ батыр ес білген кезінен бастап отбасының күнкөріс үшін керектінің бәрін адал еңбек, маңдай термен табатынын, әкесі Момыш өз бетімен ізденіп, сауатын ашқанын және сол арқылы бүкіл аймаққа сыйлы болғанын, ел ішінде «Молда бала», «Ұста бала» атанғанын өз көзімен көріп өседі. Ауыл адамдары бір қағазға қол қою немесе арыз жазу керек болғанда, оны сауаттылығы үшін ғана емес, адалдығына бас иіп келетін. Он жеті жыл старшын болып, ауылдағы кішігірім билікті өз қолына алғанда да мал бітпеген. Бар байлығы жалғыз ғана аты болған. Қолында барды кем-кетіктерге таратып беріп отырған. Әкесі базарға барған сайын мол базарлық әкеліп, балаларды өрік-мейізге тойдырады екен. Ол туралы автор былайша еске алады: «Балалар шынымен қуанып біледі. Ал, ересектер арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездеседі. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық».

Ауылдық кітапханамен байланысын үзбейтін зейнеткер ұстаз Сәуле апаның айтпағы кітаптағы ертегінің ес жиюға, түсінік қалыптастыруға ғибрат екенін ортаға салды. Бауыржан Момышұлы Қызтумас әжесінің өзіне ертек пен әлдиді көп айтатынын, арада бірнеше жыл өтсе де, үні құлағында тұрғанын ерекше ілтипатпен еске түсіре келіп, бүгінде сол салтымыздың жоғалып кеткеніне қатты қынжылыс білдіреді. «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам, - деп ашына жазады. – Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертегі айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта алмайды. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын». Бұл – өмір көрген адамдардың ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыздан айырылып қалмайық деген қатаң ескертуі екенін естен шығармайық. Өкінішке орай, бүгінде әйелдердің сәбиін ұйықтатқанда, бесік жырын айтудың орнына теледидардағы немесе ұялы телефондағы музыканы қосып қоюы дағдылы іске айналған.

Автор әжесі баяндаған бірнеше тағылымдық, танымдық мәні зор ертегіні бастан аяқ толық келтіреді. «Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал, үлкендердің әр өсиеті – өнер мен өнегенің ең шыңы ғой» деп жазуы да мемлекет пен қоғам алдына үлкен де жауапты міндет ұсынады. Өйткені, қазіргі жаһандану жағдайында ешқашан құнын жоймайтын ұлттық дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызды жаңғырту, оны жастардың бойына сіңіру аса маңызды екені баршаға белгілі.

Бауыржан Момышұлы: «Кітап – ұлттың түбір қазығы, ажырамас кіндігі» деген ғой. Жекен, Сәуле апа сияқты оқырмандары бар кітапханашы Мүбинаның қолы қысқармас-ау деп сүйсінесің. Бауыржан атамыз шығарма соңында орайын тауып, түрлі діни сенімдерге қатысты өз ойын нақты білдірген. Әкесі Момыш пен оның інісі Момынқұл оны оқуға дағдылы молдаға емес, орыс мектебіне береді. Өйткені, заман талабы жастардың жаңаша оқып, білім алуын талап етті. Жалпы алғанда, ұлтымыздың біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі қай жағынан алып қарасақ та, бүгінгі жас ұрпаққа керек дүние болып тұр. Мұнда елдік намыс та, ұлттық тәрбие де, отаншылдық өнегелік істер де бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында осындай құнды дүниелерді насихаттаудың маңызы зор деп ойлаймыз.

Есмұхан Жанизин