«Үлгісін ұлағаттың жастан көрген... »

Руханият

Н.К.Крупская атындағы орта мектепте ұлылықтың ұйытқысынан жаралған, өнегенің өрелі шырақтарын жалындатқан нағыз ұстаз, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», ұлағаттың үлгісін биіктеткен тұлға Дюсекенова Злиха Қадырбайқызына арналған «Үлгісін ұлағаттың жастан көрген... » атты кездесу кеші өтті.

Шараны Г.Шапхатова пен Т.Мирболатов жүргізіп, ұстаздың өмірі мен өнегелі ісін айшықтайтын сауалдар қойды. 5-сынып оқушыларының ән шашуы кешке ерекше серпін берді. Кеш қонақтары Злиха апайдың тілеулес досы С.Төлегенқызы, ардагер ұстаздар, әріптестері Исмагулов Я, Шамарова К, Ертаев Е, Сиражева Н, Ахметқалиев М, Исмагулова Р естеліктерінен ой өрбітті.

Қасиетті мекен - туған жерге ат басын тіреген төл перзенті, мерейлі жасқа келген ұстаздың көкірегі жырға, жүрегі махаббатқа, көңілі сағынышқа толы екен. Әсіресе, әкенің тағылымды жолы мен ананың құдіреті туралы ойларын ерекше тебіреніспен толғана еске алып, еріксіз көңілі құлазыды. Жүрегі сезімтал, көңілі көркем, өресі биік дараланған тұлғаның тұла бойындағы түпсіз тұңғиық, өзіндік үлгі тұтар болмысы ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Осындай сан қырлы жайсаң жанды құттықтауға сөз алған мектеп директоры Шынар Сүйіндікқызы бұл кездесу кешінің кейінгі ұрпақ сабақтастығы үшін тәрбиелік мәні ерекше екенін атап өтті. Ұстаздар мен шәкірттер үшін бұл күн – адамзаттық тұрғыдан жанымызға рух сыйлаған , құндылық нәрімен сусындатқан, әдемі де әсерлі күн болды.

Мақсотова Қалиса,

Н.К.Крупская атындағы орта мектептің мұғалімі