Журналистиканың мақсаты – ұлтты сақтау

Руханият

Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға Атырау облысынан екі облыстық, алты аудандық қоғамдық-саяси газеттер бас редакторларының орынбасарлары-жауапты хатшылар қатыстық.

Барған күні бізді Қазақстан Жазушылар одағының аға әдеби кеңесшісі Нұртас Тұрғанбек қарсылап алып, Көктөбе бөктеріндегі Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйіне орналастырды. Кезінде барлық жағдай жасалған осы ғимаратта талай ірі жазушылар өз шығармаларын өмірге әкеліпті. Табиғаты тамылжыған бұл құтты мекенге қаламгерлер тұрақтайтын «Al-Farabi» қонақүйі орналасыпты. Семинардың бірінші күні осында келген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, жерлесіміз Зейнел Қабдол Бисенғалимен кездесумен басталды.

Өлең оқу азайып кетті

Бізбен әңгімесінде профессор З. Бисенғали қазір өлеңдерді, романдарды оқу азайып кеткеніне, жастардың оларға қызыға бермейтініне қынжылыс білдірді. Әлемде жақсы оқылатыны тарихи шығармалар екеніне тоқталып өтіп: - Жалпы бүгінгі қазақ әдебиеті екі бағытты қамтиды. Оның біріншісі – реалистік бағыт, яғни шындықты айту. Екіншісі – постмодернистік бағыт, жаңаша жазу. Бірақ, постмодернистік шығармаларды оқу оңай емес. Бүгінде корифийлер: «Өмір деген не?», «Өнер деген не?», «Әдебиет деген не?», - деген үш сұраққа жауап іздеп жатыр. Қазақ әдебиеті тамырын тереңнен алады. Ол Орхон-Енисей жазбаларынан емес, біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы «Шу батыр» туралы жырдан басталады, - деп, әдебиеттің негізгі бағыттары жөнінде кеңірек түсініктер берді. Қатысушы әріптестеріміз тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Ашық-жарқын өткен кездесуде бүгінгі қазақ әдебиетінің беталысы жайлы біраз нәрсеге қанықтық.

«Бұғатталды» емес «бұғақталды»

Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков аға шығармашылық үйіне кіргеннен-ақ жан-жағына көз салып, кезінде заңғар жазушылардың осында болғанын сағынышпен еске алды. Ағамызбен арадағы әңгіме негізінен қазақ драматургиясы жайлы өрбіді: - Драматург болу жазушы болудан он есе қиын. Сен шығармадағы ең басты нәрсені назардан тыс қалдырмай қамтуың қажет. «Анна Каренина» туралы пьеса жазсаң, сол шығарманы қысқартып 30 бетке түсіресің. «Абай жолын» сахнаға дайындасаң да сөйтесің. Өмірдегі қадау-қадау адамдар тарихта несімен қалды? Соны білулерің қажет. Нағыз драматург болсаңыз оны қазақтың жүрегіне жеткізе білуге тиіссіздер. Қандай шығармада да ұлттық ерекшелік болмаса шетелде оқылмайды. Мысалы французға батыстық типте жазылған шығарма керек емес. Оны олар баяғыда өтіп кеткен. Сенің ұлттық менталитетің туралы білгенді қалайды. Біздің жазушылардың шетелде шыққан шығармаларының сол жақта резонанс тудыра алмайтыны содан, - деп жапондық қаламгерлердің туындысын оқығанда ұлттық рухтың исі аңқитынын жеткізді. «Жазушымын»,- деп жүргендердің кітабының бір-екі беті шәй ішуді суреттеуге, яғни бос әңгімеге кететінін, әрбір деталь, әрбір сөзді безбенге салмай оқырманын жалықтырып жіберетінін сынады.

- Өткен шақпен емес, бүгінгі күн тұрғысынан жазу керек. Тақырып таңдай біліңіздер! Не үшін оны таңдадың? Сол арқылы не айтқың келді? Кім үшін, не үшін жазасың, қалай жазасың? Осыны ойланыңыз! Жазушы көзінен бәрі тыс қалмауы тиіс. Әйтпесе сенің жазғаныңның телефон анықтамалығынан еш айырмасы болмайды. Ол да кітап! 300 беттен асатын өмір шындығы жоқ. Чеховтың қысқа әңгімелерін әлемде көп оқиды, - дей келе Д.Исабеков тіл тазалығына мән беру қажеттігіне тоқталды. Мысалы «Бұғақталды», - деген сөз «Бұғатталды», - деп теріс жазылатынын, «Түрмеге тоғытылды», - деудің қателігін, адамды емес қойды суға тоғытатынын қаперге берді. Одан әрі өзінің шығармашылығы жайлы айтып, шетелдерде болғанда көргендері жайлы қызықты естеліктерімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.

Ұлт үшін у да іш

Танымал саясаткер, публицист Айдос Сарым бізбен кездесуінде қазіргі журналистика жайына тереңірек бойлап, біраз түсінік беріп өтіп: - Журналистиканың мақсаты ұлтты сақтау. Ұлт үшін у да ішу. Мәселені жазуда оның табиғатын білу қажет. Неден туындап отыр? Кешегі Елбасымыздың Жолдауы қаланың сөзсіз басымдығын айқындап берді. Қала қазаққа құшағын ашпайынша болашағы болмайды. Онсыз экономика дамымайды. Мұны буын-буын арқылы зерттеп ұғынуымыз керек. Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде қазақ кәсіпкерлері туралы қанша шығарма жаздыңыздар? Ауылдан шығып, қалада арба итеріп жүріп, корпорация ұстап отырған жігіттер бар. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі – көлеңкелі экономиканың салдары қандай? Баға көтерілді деп жазып қоймай не себепті 1 келі картоп, күріш қымбатсығанына үңілейік? Мүмкін журналистің мұны білмейтін шенеуініктерді түзеуі керек шығар? Біз өзіміздің ауылымыздың экономикасын түсінбейміз. Экономикадан жырылған ақша қоғамды ірітіп жатыр. Мемлекеттің басты функциясы өзіне сенім орнату, оны шайқалтпау. Соған септесу біздің міндетіміз. Дәстүрлі тақырыптардан басқаға назар аудармасақ журналистикада несіне жүрміз, - деп ауылдардың келешегі, қаламен арасындағы байланысы туралы әңгімеледі.

Аудандық газеттер өмірдің шырақшысы

Республикалық «Жұлдыз» журналын білмейтін адам кемде-кем. Бізді басылымның бас редакторы Ғалым Жайлыбай, орынбасары Тұрысбек Сәукетай мен журналистер Жұмабай Құлиев, Думан Рамазан қарсылады. Өкініштісі КСРО кезінде 270 мың данамен шыққан басылымның таралымы бүгінде 5 мың данаға дейін төмендепті. - «Жұлдыз» журналына Атырау жазушылары мен журналистерінің проза, поэзия бағытындағы шығармаларын жиі береміз. Сіздерден Өмірзақ Қажымғалиев жазады. 4 адам жұмыс жасаймыз. Кезінде Шерхан ағамыз басқарған басылым қазақ әдебиетінің тынысын білдіретін, айына 1 рет шығатын көркем кітап десе де болады. Батыс жақтан арнайы келіп жатқандарыңыз қазақ әдебиетіне, «Жұлдызға», - деген үлкен құрмет. Аудандық газеттер өмірдің шырақшысы. Ауылдарыңызда жақсы жаңалықтар болса жіберіңіздер, біз басуға уәде берейік, - деген Ғ.Жайлыбай атыраулық әріптестерін басылымның таралымын арттыру үшін қолдау көрсетуге шақырды. Редакцияның басқа да журналистерімен пікір алмасылды.

«Мерей» баспасының директоры, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлымен кездескенімізде алға қарай әр өңірдегі қаламгерлердің мерейтойын атап өту, мәдениет министрлігі және одақ арқылы туындыларын басып шығару жоспарларында бар екенін айтты. Бұл жұмысты бір жүйеге келтіру мақсатымен облыс әкімдеріне әртүрлі жанрдағы кітаптар Жазушылар одағының сұрыптауынан өтсін деген хат жіберілгелі жатқанынан хабардар етті.

- Демеушілер арқылы өңірлердің ақын-жазушыларының шығармаларын «Қарлығаш» деген сериямен басып шығаруды жоспарлап қойдық. Одағымызға жаңа басшы келгеннен кейін көптеген жобалар қолға алынып, 30-ға жуық жастарды қатарымызға қабылдадық. Поэзияны алға шығару да ойымызда. Себебі қазіргі жастар орындалып жүрген әндердің не сазгерін, не ақынын білмейді. Бүгінде Жазушылар одағы тарапынан ауқымды жұмыстар жасалуда. Екі журнал, екі газетіміз бар. Мақсатымыз жастарды қолдау, көтеру, - деді ол.

Жас жазушылар көбейеді

Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет біраз уақыттан бері өтпеген халықаралық шаралар ұйымдастырылғанын, телеарнада, Youtubе әлеуметтік желісінде әдеби каналдар ашылғанын жеткізіп: - Жаңа жұмысыма кіріскенімде Атырау облысының әкiмi Нұрлан Ноғаев алғашқылардың бiрi болып қолдау бiлдiрiп, жемiстi еңбек тiледi. Сiздердiң осында келулерiңiздiң өзі әдебиетке деген оң көзқарас деп бiлемiн. Жалпы бiз Нұрлан Асқарұлының және сiздердiң басшыларың Баязи Мәдешұлының әдебиетке деген оң көзқарасын жоғары бағалаймыз. Министрлiкте өзге әкiмдерге үлгi етiп айтып жүремiз. Келесi жылы Жазушылар одағының 80 жылдығы аталып өтiледi. Оған Атырау облысының да атсалысқанын қалар едiк. «Нұр Отанға» да 20 жыл толады. Соған орай 17 жоба ұсындық, 4-і қабылданды.Кешегi Елбасымыз Жолдауында ғылым, бiлiм, әдебиет, мәдениет жайы қозғалды. Соған орай атқарылар жұмыстар да жетерлiк. Сiздермен ортақ мүдде, ортақ шешiмге келетiнiмiзге сенiмдiмiн. Атырау облысы одағымызға көптеген тамаша кадрларды берген киелi, қасиеттi өлке. Басшыларыңызға бiздiң ризашылығымызды айта барыңыздар.

Жазушылар одағында жастар көп болғанын қалар едiк. Қазiр 828 мүшемiз бар. Оның 600-i зейнеткерлер, 120-сының жасы 40-50 арасында. Одаққа қабылдаудың бұрынғы «үш кiтабы шықсын»,- деген тәртiбiн өзгерттiк,-деп қолға алынып жатырған жұмыстардан хабардар етті. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері ақын Есенғали Раушанов: - Атырауды көркем әдебиеттiң бiр отаны ретiнде қабылдаймыз. Облыс әкiмдiгi әдеби-мәдени шараларды өте жақсы қаржыландырады. Журналистердiң мұндай үлкен тобы бұған дейiн бiзге келген емес. Сiздiң облыспен байланысымыз 20 жылдай бәсеңсiп қалды. Қазiр қайта жандану үстiнде. Бiз Жазушылар одағын жаңғыртып, жаңа леп бергiмiз келедi. Ұлықбек ағаның бастамасымен «Қазақ әдебиетi» газетiнде жер-жердегi жас әдебиетшiлерге арнап «Жас тұлпар» деген бет аштық. Әңгiме қазақ деген халыққа қызмет ету, - дей келе Құрманғазы ауданы да Жұмекен энциклопедиясын құрастырса деген ұсынысын ортаға салды.

Рухани жаңғырудың бір көрінісі

«Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына да бас сұғып, тыныс-тіршілігінен, беттелуінен хабардар болдық. Газеттің бас редакторының орынбасары Қанағат Әбілхайыровпен әңгіме журналистика саласы жайлы өрбіді. Сондай-ақ бізді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Әлдибеков қабылдап, құрмет көрсетіп: - Тобымен келу деген әдемі нәрсе! Рухани жаңғыруды толық білдіретін, тұтастыққа итеретін нәрсе. Қазақты бір-біріне жақындататын жол осы. Журналистер жаңа заманның жауынгерлері, кешегі Бұқар, Шалкиіз жыраулардың жолын жалғастырушылар. Қоғамдық идеяның негізін қалайтын, ұлттық мүддеге, мемлекетке қызмет ететін сіздер. Қазір арамызда жас ұрпаққа айтары бар шежіре шалдар азайды. Олармен кездесіп, айтқандарын жазып алыңыздар. Ертең олар кеткен соң маргинал, қырма сақал қу шалдар келеді. Олардың әңгімесі де өздері сияқты сүйкімсіз болады. Бұрын ақсақал келе жатса қыз киімін түзеп, шашын жинап, айналып өтетін. Себебі ұрсып тастайды деп қорқады. Қазіргі қарттаh олай етпейді, - дей келе кезінде өзі «Қазыналы қарттар» деген жоба жасағанын әңгімелеп, алаш туын асқақтатып, арқа-жарқа болып жүре берейік деген ізгі тілегін жеткізді.

Бастысы дизайн мен сурет

«Ақ желкен» журналының бас редакторы, «Жас Алаш» газетiнде талай журналистердi тәрбиелеп шығарған танымал журналист Жүсiпбек Қорғасбек: - Аудандық газеттер республикалык басылымдарға қарағанда мәдениеттi жақсы сақтайды. Республикалық басылымдардың көбiнде алдымен бос сөзге орын берiлiп, негiзгi мәселеге мақаланың ортасында тоқталады. Ол дұрыс емес. Басты ақпаратты лид айтып тұруы керек. Оқырман әрмен қарай оқи ма, жоқ па өзi бiледi. Қазiр тым ұзын материалдарды оқымайды. Бiр қарап өткеннiң өзiнде адамның санасына көп ақпарат жазылады. Бiздiң негiзгi мақсатымыз да сол емес пе? Ақпарат беруде сапалы сурет пен дизайн қатты әсер етедi. Шұбалыңқы материалдан гөрi үлкен сурет газеттi ашып тұрады. Әрбiр лездемеде «Қандай нәрсенi жаза алмай қалдық? Ненi айта алмадық? Неден мүлт кеттiк?»,- деген нәрселер талқылануы тиiс. Шерхан аға бiздi coлай үйреттi, - деп сайттар болса да газеттердiң орны бөлек екеніне, олардың бәрі журналистикаға тiрелiп тұрғанына тоқталды.

Түйін

Cапар соңында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып қатысушыларға сертификат табыс етті. Бұл семинар-тренинг бiз үшiн берері мол шара әрі есте қаларлықтай жақсы өттi деп есептеймiн. Әрине бір мақалада бәрін сипаттап шығу мүмкін емес. Қазақтың танымал ақын- жазушыларымен, журналистерiмен кездесiп, әңгiмелерiн тыңдадық. Бiраз нәрсенi ойға түйiп, көңiлге тоқып, қағазға түсiрдiк, жұмысымызға бағыт-бағдар алдық. Бос уақытымызда қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің тұрған үйлерінде, яғни мұражайларында болып, ондағы жәдігерлермен таныстық. Қаланың көрiктi жерлерiн араладық, ұлттық кітапханаға бардық. Жалпы біз тоқтаған, талай ұлы жазушыларымыз түнеген Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйiнде демалудың өзі екiнiң бiрiнiң маңдайына бұйыра бермейтiн бақыт!

Қанат ҒҰМАРОВ.