Ер Қосай атын иеленді

Руханият

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей ұрпағына мирас етті. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген болатын. Ел үшін етігімен су кешіп, ұрыс даласында жауына арыстанша атылған сол батырлардың есімін халық ұмытпай қастерлеп, ауыз әдебиеті арқылы ерлігін бізге жеткізді. Атадан балаға жалғасқан дәстүрді әрмен қарай іліп әкетіп, кейінгі буынның жадында мәңгілікке қалдыру ортақ борышымыз. Сонда ғана рухани жағымыздан жаңғырамыз, бодандық дәуір тұмшалап тастаған жадымызда төңкеріс жасаймыз, әрі жастарымыздың санасына отансүйгіштік, бабалар даңқына деген адалдықты, елге, туған жерге сүйіспеншілікті дарытамыз. Осындай мақсатты көздеген шара Кудряшов ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Кудряшов шекара бөлімшесіне жаугершілік заманда Қазақ жерін кеңейтіп, сыртқы жаулардан қорғаған, оның есімінің өзі-ақ дұшпандарға үрей ұялатқан ұлтымыздың біртуар ұлы Ер Қосай батырдың аты берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров, батырдың ұрпақтарының атынан Атырау қаласы Балықшы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдуллин, облыстық «Ер Қосай Тәжіке баһадүр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Байболов және басқа да облыс орталығынан, округтерден келген қонақтар, шекарашылар, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны ауданымызға танымал өнерпаздардың бірі Қайрат Сейфуллин жүргізді.

Құттықтау сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: – Қандай мемлекеттің де тыныштығы ел межесін қырағы күзетуде жатырғаны өздеріңізге жақсы мәлім. Қазақстан Республикасы да Тәуелсіздік алғаннан бері шекарасының берік болуына зор көңіл бөлуде. Ауданымызда да жаңа өткізу пункттері салынып, онда жауынгерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Кудряшов шекара бөлімшесі еліміздің батыс қақпасының қырағы күзетін жүзеге асырып отыр. Бұл арадан Ресейге қатынайды. Шекарашыларымыз ел шебін бақылауда ұстап жат ағымдар өкілдерінің, заңсыз тауар тасушылардың жолын кесуде. Оған дәлелдер жеткілікті. Өткізіліп жатқан шара бәріміз үшін де өте маңызды. Мұнда бүгін біраз жастар да қатысып тұр. Ер Қосай атамыздың даңқы арта берсін! Отан қорғаушы шекарашы жастарымыз баба даңқына кір келтірмей оны мықты күзетеді деген сенімдеміз. Осындай шаралар кейінгі ұрпақ арасында отансүйгіштікті қалыптастырып, салт-дәстүрімізді ортамызға оралтады. Облыс басшылары қатысқысы келгенімен, тікұшақ ауа райына байланысты ұша алмаған соң, сәті түспей жатыр. Сіздерге осындай тарихи мәні бар шараға жиналып жатқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін! – деді.

Келесі кезекте шекарашылар атынан әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Ерхат Рафихов сөйлеп: – Президенттің «Рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында жерімізді, елімізді қорғаған ержүрек батырлардың есімдері түрлі нысандарға берілуде. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының 2018 жылғы 29 қазандағы №035 бұйрығымен Кудряшов шекара бөлімшесіне Қазақ хандығының дами түскен кезінде өмір сүріп, ұлтымыз бен мемлекеттігіміздің нығаюына үлкен үлес қосқан халық батыры Ер Қосайдың аты беріліп отыр. Батыр өзінің ержүректігімен, қолбасшылық дарынымен, әділдігі және шешендігімен елге мәлім болған. Талай шайқастарға қатысып, ел шетіне тиіскен жауды талқандаған. Осындай батыр бабаларымыздың ерліктерін, жасаған игі істерін үлгі тұтып, мұра еткен шекарашыларымыз кең байтық еліміздің батыс жақ шекарасын қалтқысыз күзетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп сіздерді сендіремін. Ер Қосай бабамыздың атын асқақтатып, абыройын арттыруға шекара бөлімшесінің жеке құрамы қашанда әзір.

Бүгінгі шарада 10 қараша күні шекара бұзушылық орын алғанын естеріңізге сала кетейін. Жат идеологиямен санасы уланған Қазақстан Республикасының азаматы еліміздің шебін заңсыз кесіп өтіп, Ресей арқылы Сирияға аспақ болған. Оны көріп қалған Қиғаш ауылдық округінің тұрғыны Иван Калягин дереу шекарашыларға хабарлап, ұстауға жәрдемдесті. Осының өзі шекараны күзету баршамызға ортақ іс екенін аңғартады. Дер кезінде жеткен шекарашылар күдіктіні құрықтап, қазір ол тиісті органдармен тергелу үстінде. Туған еліміздің межесін күзетуге атсалысқаны үшін Иван Калягинді арнайы марапатқа ұсынғанбыз, – деп, қырағылық танытқан азаматқа Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директорының алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын табыстады.

Ер Қосай батырдың ұрпақтары атынан Атырау қаласы Балықшы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдуллин құттықтап: – Болашақ жастарға патриоттық тәрбие беруде үлкен үлгі болатын бір ұлағатты іс қолға алынып отыр екен. Бұл өзінің жалғасын таба берсін. Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында өшкеніміз жанып, жоғалтқанымызды тауып, көп жерлерде ұлы тұлғаларымыздың аттарын мәңгілікке қалдыру қолға алынуда. Себебі, біз бүгініміз үшін алдыңғы өткен бабаларға қарыздармыз. Сол себепті Ер Қосай батыр бабамыздың аты шекара бөлімшесіне беріліп жатқанына қуаныштымыз. Басқа да ерлеріміздің аттары ұмыт қалмауын, ұлығылана беруін Алла Тағала нәсіп етсін, – деді.

Облыстық «Ер Қосай Тәжіке баһадүр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Байболов та ізгі тілегін жеткізіп: – Қазақ – қашан да хандары мен батырларын қастерлей білген халық. Ұлттың сақталуының бір сыры осында жатыр. Бабалар дәстүріне адалдық бүгінде де жалғасын табуда. Осы шараны пайдаланып, оны ұйымдастыруға көмектескен аудан әкімдігіне, аудандық мәслихатқа, жоғары жақтан келген хатты көрсеткенімде қолдау білдірген Жандос Бектеміровке Ер Қосай ата ұрпақтары атынан үлкен рахмет айтамын. Біздің қандай шарамызға да қолынан келген көмегін аямайтын Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасовқа да «Төбеарал ойл» ЖШС ұжымы мен ата ұрпақтары атынан ризашылығымыз шексіз. Қосай ата ұрпақтары сіздердің аудандарыңызда да көп, бәрі елге белгілі азаматтар. Барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін еңбек етіп жүр. Ұрпақтары атынан «Қосай ата» медалін шығарғанбыз, оған осы ауылдың белгілі меценаты Нұрлыбек Майпокұлы үлкен демеушілік жасады, – дей келе, аталған төсбелгіні бір топ белгілі азаматтарға табыс етті.

Шекара бөлімшесінің қабырғасына ілінген естелік тақтаны ашу құрметі аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров пен жоғарыда аталған бірлестік төрағасы М.Байболовқа жолданды. Сонымен қатар, бөлімшеге Ер Қосай батырдың майлы бояумен салынған суреті табыс етілді. Салтанатты шара соңы арнайы киіз үйлерде жайылған дастарханға ұласып, мұнда да ақ тілектер жалғасын тауып, сөйлеушілер ер есімі ұлықталып жатқанына ризашылығын білдірді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қанат ҒҰМАРОВ.