Жылқы – қазақтың ұлттық бренді

Руханият

Елбасының бүгін жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті» атты алғашқы тараудың бірінші бөлімінде әлемге қазақ жерінен тараған жылқының қадірін терең түсінудің маңыздылығын жеткізеді.

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп, сөзін бастаған Президент «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деген тың деректерден хабардар етеді.

Жылқы – қазақтың төл түлігі. Аттан түспеген қазағымыз бұрын тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сәндеп мінген. Қазы-қартаны кертіп жеп, қымызға қызара бөртіп отыратын ата-бабаларамыз төрт түліктің бірі – жылқыға деген құрметтері ерекше болатын. Оның кейбір артықшылықтарын атап өтсек, ол жыл он екі ай бойы басқа үй жануарлары бара алмайтын жайылыс алқаптарына барып жайыла алады. Кез келген ауа райында бұл түліктің басын аман сақтауға болады.

Мәселен, қыс айларында жылқыға су ішетін құдық, ықтайтын қора қажет емес. Ал, оның өнімі қымызы, саумалы немесе етінің түрлі ауруларға емдік қасиеті жөнінде айтып тауыса алмаспыз. Елбасы бұл мақаласында ұлттық брендіміз болып табылатын жылқының қазақ халқына берген жемісін, жетістіктерін тілге тиек етеді. Оның ішінде салт атты адамдардың еркін қимылдауына мүмкіндік беретін ыңғайлы киімдердің, бүгінгі етіктің, ер тұрман мен үзеңгінің ежелден қазақ даласында пайда болғанын Ұлт көшбасшысы өз мақаласында арқау етеді. Сондықтан, ұлттық байлығымызды алақанға салып аялап, оның қадір-қасиетін жете түсінейік, ағайын.

Шахмардан Кенжеғалиев,

Ат бәйгесінің бірнеше дүркін жеңімпазы, кәнігі атбегі.